Aya. ҚАРА ШАҢЫРАҚ

«Тіл дегеннің тіліне, көз дегеннің көзіне, қара тілің өзіңе… Аш, аш, аш. Батқан күнмен кет, аш, аш, аш, аш». 

Тура осы жерінде оянып кетті. Көзін ашқан соң да айналасына жатырқай қарап біраз жатты. Бала кезі бүгін тағы түсіне кіріпті. Анасы дәл жанында екен дейді. Нәзік, бірақ тірліктен сәл қатайып қалған алақанымен арқасын аялай сипап, қағып жатыр. Әлі есінде, бала кезінде жиі ауырып, жатып қалатын. Әлденеден ұшынса да, денесі жай тоңазып, сәл жел тисе де сұлап түсетін. Байғұс анасы ондайда нан мен тұзды май сіңген жаман сүлгіге орай салып, аштауға кіріседі. «Аш, аш, аш, менің қолым емес, Бибі Бәтиманың қолы…» деп бастайды да бастан аяқ әлгі майлық орамалды денесіне тигізіп шығады. Не құдіреті барын қайдам, жанында отырғандар бірден есіней бастайды. Ондайда ынты-шынтымен кірісіп кеткен байғұс анасы «аш кірген ғой, әне, шығып жатыр, енді жақсы боласың» деп жадырап сала береді.  Мұны бауырына қысып, «таңертең күн шыққанда тағы бір рет аштап жіберсем, шапқылап кетесің» деп маңдайынан сүйетін. Анау аш-аштың бір қасиеті бар болса бар шығар. Бала немеде қайбір ақыл бар дейсіз. Бір күні көрші балалармен осы «Аш-ашты» ойынға қосып күлкі қылғаны бар. Бір-бірін ашпен емдеп, қайта тұрғызып, әбден сілесі қатқанша ойнады. Кешке  сұлап түсті. Содан бері бала болса да мұнда бір тылсым барын, ойнауға болмайтынын түсінген. 

Сағат таңғы 6.45 болыпты. Телефонын қолына ала сала бірінші Каспиін тексерді. Бір жарым жылдан бері ішпей-жемей жинап тергені екі миллионға жуықтап қалыпты. Енді ауылға қайта беруіне болады. Қыста скутермен жұмыс істеймін деп аяғына суық тигізіп, екі ай ауруханаға жатып қалмағанда одан да тез қайтар еді. Амал не? Сол кезде көрді, мотоциклмен тамақ, зат тасимыз деген өзі құралпы балалардың бәрінің қара санына, аяғына суық тиген. Содан бері денесі тез тоңады. Өзінен ет қашып, айналасы бір-екі айдың ішінде құр сүйегі ғана қалды. Осындайда оған күш беретін жалғыз ой – ауылдағы үйі. 

Рисунок: Павел Пак

Әке-шеше ерте қайтқан соң бұл да мектеп бітіре сала қара шаңырақты сатып, қалаға аттанған. «Бәрібір ары қарай ауылда тұра алмаймын…». Алғашында үйдің азын-аулақ ақшасына жер алып, қуықтай болса да шағын баспана салам деген дәмесі бар еді. Қайдағы… оқуға түсе алмады, ал үйдің ақшасы тез, тым тез бітті. Алматының шетінен болса да үй саламын деген арманы да сол ақшамен бірге құрдымға кетті. Біраз жүргенімен қалаға сіңісіп кете алмады. Бар ойы – ауылдағы өзі туып-өскен үйін қайта сатып алу. Қазір онда ешкім тұрмайды. Сатып алған кейінгі пысықай қожайыны топырағы жақсы жерді  бақша үшін ғана пайдаланамын деп басында-ақ ашып айтқан. Картоп егіп, оны Алматыға әкеліп сатып, кәсіп жасап жүр. «Үйді 2 миллионға сатамын. Алатын адам болмаса, сүргізіп тастаймын. Ағашы тәуір болса, қора салуға пайдаланам. Ал орнына жаңа үй салам» деп жүргенін былтыр сыныптастарынан естіді. Содан бері маза кетті. Әкесінің маңдай тері сіңген үйді, мұның балалық шағы, өмірінің ең тәтті кездері өткен үй енді жым-жылас болады. Осыны ойласа бүкіл өне бойы солқ ете қалады. «Жол бермеуім керек, ақша тауып, үйімді өзім сатып алуым керек» деп содан бері күні-түні жұмыс істеп жүр. Есіл-дерті ақша табу. Үнемдеп, кейде бір уақыт қана тамақ ішіп жүрді. Соның арқасында межелі сомаға жетіп қалды. Енді тез ауылға кету керек. Сосын, анасының қолының табы қалған ошақты қайта түтетеді. Өзіне хан сарайындай көрінетін сол қара шаңырақта тұрады. Үй болады. Балалары да қалада біреудің шаңырағында емес, өз үйінде дүниеге келеді. Ешкім оларды «квартиранттар» демейді. Әйелі сиыр сауып, айран ұйытады. Өзі де қарап отырмайды, әрине. Бақша егеді, картоп өсіреді. Жұмысқа тұрады. Жиырма бестегі жігітке екі қолға бір күрек табу деген сөз болып па? 

Сағат 8.45. Аяқ асты жолға шықты. Ауылы Алматыдан 350 шақырым жерде. Такси тегіс жолмен ызғытып келеді. Бес сағатта ауылға кірді. Үлкен көшеден түсіп қалып, үйге жаяу барайын деп шешті. Ауылға келмегелі де екі жыл болыпты. Кеудесін кере ауа жұтты да тез-тез басып кішкентай көшеге бұрылды. О, тоба… Еңсесі биік жаңа үйлермен жарыспаса да алыстан көрінетін қоңыр шатыр қайда? Көзін бір уқалап, өзіне сенбегендей қайта қарады. Жақындады. Үйінің қақпасы айқара ашық. Есік алдындағы май топырақта дәу жүк көліктерінің ізі ғана жатыр. Ал үй… үй енді жоқ. Орны ғана қалыпты. Бәрі бітті. Жым-жылас болған қараша үймен бірге балалық шақтың тәтті естеліктері де, сағынышы да, ерте кеткен әке-шешенің бейнесі де, тіпті болашаққа деген үміт те жерге сіңіп кеткендей. Оның енді мүлдем үйі жоқ. Еш жерде…  

Еңгезердей жігіттің өкіріп жылағанын сол күні ауыл-аймақтың бәрі естіді. 

Поделиться в соцсетях
Aya
Aya

Ответить

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *