Перизат Карибаева. ҮЙ — ЖҮРЕКТЕГІ ОРЫН

Тау етегі, енді ғана қайнап келе жатқан тіршілік. Бұл жазық дала ұзақ жылдар бойы көлік дөңгелегі мен қара күректі көрмеген ен дала еді. Осыдан он бес жыл бұрын игерілмеген далаға қатарлап бірен-сараң үй реті түсе бастады. Соның бірі біздің үй еді. Менің айтып отырған жерім бұл Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Меновное кішігірім ауылының саяжайы. Бала кезімде ата-анам сол саяжайдан жер алып, үй салды. Біз балалар осы үйдің ыстық боларын білмейміз ғой… Саяжайға  қарай бұрылған ұзын-сонар көшелер, оны бойлай өскен ағаштар, кішігірім азық-түлік  дүңгіршегі мен көк түсті темір шатырлы аялдама. 

Бұл ауылдың тарихы тереңде  жатыр. Сонау XVIII ғасырда бұл жерде «меновой двор» болған, яғни көпестер мен көшпелі халықтардың арасындағы саудамен алмасу орны. Сондықтан ауыл «Меновное» деп аталып кеткен. Меновное – тыныш, табиғаты әсем ауыл. Кішігірім болса да, мектебі мен ауруханасы, әкімшілік, полиция бөлімшесі және кітапханасы бар.  Сонымен қатар бірнеше жұмыскерлерге арналған зауыттар осында орналасқан. Бұл жер маған өте қымбат. Осында менің балалық шағымның ең жарқын сәттері өтті. Біз тұрған саяжайда көбіне жаздық үйлер болатын, адамдар тек көктемнің ерте  құстарымен келіп, күзде қалаларына қайта көшіп жататын. Ал біз төрт мезгілдеп сол үйде  өмір сүрдік. Алғашында, жапандағы жалғыз үй сынды жаздық үйлер арасында тек бірен-саран үй қыстап қалатындықтан, қорқынышты болатын. Ен дала, әсіресе ық жоқ қыстың боранды күндері мен жаздың жарқылдаған найзағайын көрсеңіз бірден шошып кетерсіз. Бірақ сол бір жылдан аспай, біз сияқты тұрақты мекендеуге үйлер салына бастады. Осылайша қайнаған көше өмірі басталды. Тура бір үлкен қаланың шетіндегі  кішігірім ауыл. Бау-бақшаларын күткен әжейлер, бұзау қуған балалар, үйдің сүті мен құртын сататын аналар мен қызу шаруадағы әкелер. 

Рисунок: Дария Болатова

Біздің үй жайлы, ауласында алма мен шие ағаштары гүлдейтін кішігірім жер үй еді. Жазда ауламыз түрлі-түсті гүлге оранып, ауа балғын хош иіспен толығатын. Аптаның әр сенбі, жексенбі күндері барлық саяжайға бойлай су жіберілетін. Тұрғындар бақша суаруға арналған суды үлкен бөшке ыдыстарына  толтырып, бір апталық суды алатын. Таңертеңгі шайдың иісі мен пештің түннен қалған қоңыр салқын жылуы… барлығы жүрегімде сақталған. Тау етегінде еркелеп өткен балалық  шағым сол бір жер үйдің қабырғасында өтті. Қазір ол үй басқа адамдарға  сатылды, бірақ мен үшін ол әлі де менің үйім. Меновное ауылындағы кішкене жер үй – жай ғана үй емес, ол жүрегімде қалған бір өмір көріністері.  

Менің ең алғашқы «үйіммен» танысуым қызық болды. Мектептен шыққаннан кейін үнемі анам екеуміз қолымызда жұмыскерлерге арналған тамақтарымыз бар, тау етегіне жаңа салынып жатқан қонысымызға баратынбыз. Мен ол кезде тоғыс жаста едім. Ес біліп, сыныптас құрбыларымның үйіне барып ойнап жүрген кездер. Сол кезде, бір құрбымның үйіне барып ғашық болған едім, «оның өз бөлмесі бар, қандай зәулім үй» деп. Оған қызыққаным сонша, елестетіңізші, жаңа салынып жатқан үйіміздің «жалаңаш» іргетасына барып, «мынау менің бөлмем, мына жерге сөмкемді қойып жатырмын» деп қиялдайтынмын. Қазіргі тілмен айтқанда, «визуализация» жасайтынмын. Осылайша бір  жылдың ішінде сол үйіміз салынып, біз тіршілігі тыныш саяжайдың тұрғындары болып шыға келдік. Мен үшін үй деген сол кезде нағыз жылулық мекені болыпты ғой. Есейе келе, өз үйіңнен кеткенде, өкінішке қарай сол жылудың лебін де таппай қаласың. Көңілім  құлазып, ішкі тіректі іздегенде сол үйіміз сияқты бізбен бірге есейіп аяққа тұрған естеліктер көшін көз алдыма елестетемін. Бұл естеліктерді емірене айтып отырғаным, соңғы үш жыл жоғарғы оқу орныма байланысты басқа қалаға кеткен едім. Үйге тек қысқы  жиырма күнгі және жаздық демалыстарда барып жүрдім. Кейін, ағамның жұмысы мен менің оқуым да басқа қалада болғандықтан, ата-анам да бізге қарай қоныс аударуды жөн  көріп, ауылымыздағы үй сатылды. Балалық шағым мен жасөспірім кезеңім өткен үй  сатылды дегенде, әрине көңіл-күйім түсті. Осы жолы, жұмыс пен оқудан уақыттың реті келмей жаңа жылдық жиырма күндік демалыстан кейін үйімнің бетін көрмеппін.  

Кей-кезде ойланамын, неге мен басқа қалаға тұрақтала алмай жатырмын, неге  нағыз «мен үйдемін» деген сезімді сезіне алмаймын… Бәлкім, мен іштей өмір  өзгерістеріне дайын болмаған шығармын, мүмкін өткен шақты көп ойлаймын. Бірақ бұрынғыдай тұрақты «мен үйдемін» деген сезімді қалай қайтарсам болады?  Ойланып көрсек, үй деген не? Бұл адамның тек қана мекендейтін қонысы емес, жылы естеліктер, өмір ызғарынан тығылатын пана және жақын туыс, дос-жарандарымен жеке  өмірі. Мүмкін осы үш жылда мен жаңа қалада, жаңа үйде көп естеліктер жинай алмай жатқан шығармын. Уақыт емші бола ма әлде мен өз үйімнің құрылысшысы болам ба? Ойлана келе, менің үйім әрдайым менімен болса екен деймін. Оны өз ішімнен тірек  ретінде қаласам, қай қалаға барсам да, мендік болса. Сол бір жылу мен тыныштықты, жайлылықты сырттан емес ішкі сезімдерімнен іздеу керек болар? Қайда барсаң да өзіңнен  қашып құтыла алмайсың, ал сол жан тыныштығын іздегенде, неге өз ішкі үйіміздің іргетасын мықтап қаламасқа? Өмірдің ақ түтек боранында әркімнің терезесін қағып, жылтыраған жылудан үміт күтпей, өз ішкі үйімізде болайық. Үй бұл тек сырттағы жайлылық емес, іштегі тыныштықтан басталады. Мен сіздерге кішігірім өзімнің  өткен шақтағы тұрған жерім мен үйім жайлы әңгімелеп бердім. Ал қазір, болашақ үйімнің жай ғана құрлысшысымын. Әзірге жел тұрса құлап қалатын қағаз қабырғалар болса да,  уақыт өте келе ол да бір үлкен естелікке айналар. Себебі, үй деген тек төрт қабырға емес, ол жүректен орын алар жылулықтың, отбасылық естеліктердің мекені.

Поделиться в соцсетях
Перизат Карибаева
Перизат Карибаева

Ответить

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *