Нұржан Думанқызы. МЕНІҢ ҮЙІМ

Үй – барлық тірі жан үшін махаббат пен жылулықтың мекені. Ол жерден алған отты өмірдің ешбір бораны өшіре алмайды. Жан дүниеңнің май шамы, болашақтың шырағы сол жерде жағылады.  

Мен үшін «Үй» деген сөздің мағынасы әр кезең сайын өзгеріп отырыпты.

Бала күнімде үй – мен үшін алып сарай сияқты көрінетін. Ертегілердегі аспанмен теңескен алып есіктер, қолым жетпейтін биік терезелер, бойым жетпейтін жиһаздар мен дивандар… Бірақ соның бәріне қолымды анам жеткізетін еді. Әрдайым құшағына қысып, терезе сыртындағы дүниелерді таныстыратын. Жатарда жаққан отынның сәулесі пештің тесіктерінен төбеге түскенде олар бейне бір жұлдыздардай жымыңдайтын. Үй – менің балалық шағымдағы алып сарайым болды. 

Алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, үй – асығып келетін жылы көрпеме айналды. Шаршағанда – жатар төсегім, ауырғанда – аялайтын алақаным, еркелігімді көтеретін жұмақ мекенім. Күн сайын сабақтан шыға сала үйге құлындай құлдыраңдап шауып баратын едім. Өйткені, үйде мені күтіп отыратынын білетінмін. Мен үшін дайындалатын барлық дүниелер мен тәттілерді жанымдай жақсы көретінмін. Үй – менің ең тыныш әрі кең құшағым болды.

Енді ғана өтпелі кезеңге бет бұра бастағанда, үй – менің арқаным болды. Себебі өз еркімнен тыс шалықтап кеткен кездерімде сол арқан мені тұсаулап отырды. Басқаларға еліктеп, өзімді таппай санам сан-саққа алып-ұшқанда мені қазығына байлап алып, жаман жолға, басқа бағытқа түсірмеді. Ол тұсау аяғымды, қолымды қажамады. Керісінше, барынша махаббатпен ұстап тұрды. 

Мектеп бітіріп басқа қалаға кеткенімде, үй – мен үшін балалықтың аралына айналды. Күн сайын алыстап кетіп бара жатқандай қорқытты. Ай сайын сағындырып, өзіне тартып тұрды. Солай менің өмірімнен әжем кетті. Ал менің балалық аралым әжемсіз қаңырап бос қалғандай еді. Әжемді жерлегеннен кейін үйге кіргенде, үй сондай бос қалған секілді сезіндім. Балалығым әжеммен бірге көшіп кеткендей күйде болдым…

Рисунок: Адэль Женикеева

Үй – мен үшін… Тұрмыс құрып, өз үйімнен бөлек шыққанымда – қанатыма айналды. Алдымнан қандай жел соқса да ол менің қанатымды талдырып, майыстыра алмады… 

Ал қазіргі үй – менің Отаным. Ол жерде болашағымызды жасап жатырмын. Бұл үй де балаларым үшін сарай, ертегі мекені, махаббат пен жылулық ордасы болуына қызмет істеудемін. Олар үшін «Үй» сөзі белгілі бір мекенге байланып қалмаған. Олар дүниеге келгелі біз бес рет қоныс аудардық. Бес түрлі жерде мекендедік. Семей, Ақтау, Форт-Шевченко, Жаңаөзен, Алматы… Бірақ біздің үйіміз – біреу. Олардың үйі – әке-шешесі. Ал менің үйім – балаларым мен жарым. Біздің тұрған үйлеріміз әртүрлі болғанымен, жүрегіміздегі «үйіміз» әрдайым жылы әрі қуанышты сәттермен безендірілген мекен.

Поделиться в соцсетях
Нұржан Думанқызы
Нұржан Думанқызы

Ответить

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *