
Пәтердің жырын сенімді тұрағы жоқ жаннан артық кім біледі?..
Мен Алматы деген алып шаһарға он үш жыл бұрын келгенмін. Жол сөмкем жеңіл болғанмен, арманымның «салмағы» ауыр болатын. Көзімде жалындаған от, жүзімде сөнбес сәуле, елімнің ертеңі МЕНМІН деген сенімділігім – асқар таудың паңдығындай күш беретін…
Ал қазір ол үміт – жалыны шарпып жанып біткен оттай сөніп барады. Келгелі бері есепсіз пәтерге көштім. Оның санын бір Жаратқан ғана біледі. Бірінің иесі сұсты, бірінің қытырмырлығы көп кірпияз. Ал енді бірі – пәтер бағасын аспандатып, келіспесең, «жолың әне!» дейді.
Ауылдан сүйреп келген қызыл шомаданның дөңгелегі қисайып, жарамсыз боп қалғанда басқасын сатып аламын. Шомадан… жаңа пәтер… үміті бір өшіп, бір жанған Айдана.
«Неге өзімді қинап жүрмін? Бәріне қолды бір сілтеп бұл қаладан тайып тұрсам ба екен?..» деген ой күн сайын келеді. «Сірә, табанымды жалтыратқанымды Алматының өзі қалап тұрған шығар…» деп үнсіздікте қаламен сырласқандай болам…
Бірақ тіл жоқ… Үнсіздік ішіндегі үніме меңіреудей бір белгі бермейтіні жаман. Не «қал» демейді, не «кет» демейді! «Бәрі жақсы болады» деген соқыр сенімді желеу етіп жүргенің…
Жаңа қонысқа көшкен сайын «бәзбіреудің босағасы» деп бөтенсінген емеспін. Сол пәтерге ақы төлеп, ас ішіп, тынығатын құтты орным деп таза ұстадым. Төсенішімді жайып, сөрелерге кітаптарымды тіздім. Өзім жиі өтетін Жетімбұрыштың жанындағы Надя тәтейдің «әйел бақыты» гүлін сатып алуды да тоқтатқаным жоқ.
Жаңа баспанада бір ай, үш ай, не жарты жыл тұрамын ба, бәрібір. Үй деген гармония мен эстетикаға тұнып тұрмаса, несіне жайлы болсын деп қоямын…

Кешкілік жұмыстан шаршап келіп, асүйге кіріп шай қойғанда, «бір күні дәл осы қалада менің де өз шәйнегім, ешкім қуып шықпайтын, ешкім «баға көтеремін» деп үрейге салмайтын бір бұрышым болады» деп қайталай беремін…
Бұ күні аффирмация дегеннің де апасы болып алдым. Бірақ әлі орындалған жоқ… «Көзімді жұмсам да, көрем сені…» деп жатсам да, тұрсам да, аузымнан шығатын бір ғана сөз – «жайлы баспанам болса екен…» деген тілек қана… Осыны айтқанда тамағыма өксік тығылатын бопты. Пәтердің жыры шегіне жетіп, өңменімнен өткеннен болар?..
Ай сайынғы табысымның жартысынан көбін жалдау ақысы жалмап алса да, кешкісін интерьер дүкеніне кіріп кететін әдетім бар. Асүйге арналған ашық түсті шкафтар, ыдыс-аяқ қоятын сөрелер, жатын бөлмеге арналған жылы жарық шамдар… Бәріне көз алмай тесіле ұзақ қарап тұрамын. Сілекейі шұбырған аш адамдай бір жұтынып алатын әдет шығарыппын.
Сол дүкендегі орындықтарға отырып көріп, қиялымдағы таңғы кофемді ішіп, ірімшік қосылған тостердегі омлетімді жеймін… Ертегідей әлемім тек қиял болып қалмаса екен деймін ғой…
Ал шын мәнінде жалдамалы пәтерде кофем қайнап жатқанда, пәтер қожайынынан «келесі айдан бастап, жалдау ақысы 50 мыңға қымбаттайды» деген смс хат келеді. Мен ойланып жатпай, басқа пәтер іздеуге құлшына кірісем…
Жалдамалы пәтер мен үшін қазір – үй емес, уақытша аялдамаға айналды. Он үш жылдан бері тұрақ таппаған аялдамам… Интерьер дүкендерін мұражай секілді аралап жүретінім жаныма батады.
Баспана – байлардың бизнесі боп, қарапайым халықтың арманына айналмаса екен дейсің… Мені қойшы, ипотекаға рәсімдегендер пәтер ақысын айма-ай төлеу үшін жұмысына өзін сүйреп барады… Ал төлем қабілеті жетпегендер қарызданып жан бағып жүр…
Именіп жүріп игілік көрген жандар көп. Бірақ олардың жаны темір емес. Ешкімге масыл болмай, өз нанын өзі тауып жүрген мыңдаған қыз-келіншектер де жетіп артылады. Бірі – тәрбиеші, медбике, оператор. Ал бірі – дизайнер, мұғалім. Жас мамандарға уақытша емес, мәңгілік тұрақ керек. Өмір мәңгілік болмаса да, сүретін күндері мен соңғы демі шыққанға дейін еліне адал қызмет етулері үшін…
Келесі айда басқа пәтер іздеп сандалмасы үшін… Интерьер дүкенінен шам емес, үміт іздеуі үшін… Ол үміт жарығы бір жанып бір өшіп, сықырлаған бөтеннің үйінен шошып оянбас үшін… Әр көктемде жаңбырмен бірге көңіл босап, әр күзде сары жапырақпен бірге мұң баспас үшін…
Айдананың ішінде үнемі «Төз! Жетесің! Аз қалды, саған да бұйырады!» деген бір дауыс келеді де тұрады. Табанды тілегімен, сабырдың жемісімен ол бақытқа да тым жақын арада кенелеріне баладай таза көңілмен риясыз сенеді. Сенімі әлі сетінемеген…
Баспаналы болғанын көз алдына елестетсе, жүрегі атқақтап, көзіне моншақ жас келеді. Себебі ол пәтер дегенді – арман есік қағатын қонақ деп қарайды, тағатсыз күтеді, үміт үзбейді…
Армандаудан шаршамайды. Тегін болғаны үшін емес, арманның кешіксе де, адаспайтынын жақсы біледі. Қазір өзге қожайынның үйінде жүрсе де, терезесінен жай күн емес, шүкір түсіп тұрғанына қуанады. Себебі дұғасын үзбей, жүрек «үйін» бос ұстайды.
Айдана үшін үй – қауіпсіздік пен жылулықтың, тұрақтылық пен тыныштықтың мекені. Берік қамалдай қорғаныстың өлшемі. Ол жай ғана орын емес, ішкі жан әлеміңмен үйлесім тапқан құтты мекен…
Себебі Айдана үшін баспана – тек төрт қабырға, төбе емес, отбасының жүрек жылуы, бақытты сәттердің көрініс табатын жері. Әр жүрекке бір мекен жазылған. Ол алдымен жүрекке салынады емес пе?! Сіз не дейсіз?..

