
– Сардааар! Зухрааааа! – Ащы түтін тамағын тырнап, қырылдаған үнмен балаларын атап шақырды. Жастығының жанында жатқан орамалды шұғыл алып, аузы мен мұрнын тұмшалап, бөлмеден сүріне-қабына шықты. Көзі жасаурап, удай ашып барады. Бір қолында орамалы, екінші қолымен қабырғаны сипалап, әрең жүріп келеді.
– Мааам! Үһһүүү-үһһүүү! – Түтіннен жөтеліп жатқан қызы Зухраның сұлбасы көрінді.
– Тез! Тез үйден шығыңыздар! – Ұлы Сардардың абыржыған дауысы естілді. Бірақ түтін арасынан нақты қай тұстан шыққаны белгісіз.
Сыртта адамдардың айқайы, шелектерін көтеріп, көмекке жүгіріп келген көрші-қолаң. Іргелес көршісі есік алдында жатқан иілгіш құбырмен лап-лап жанып жатқан үйді бағыттап су шашып тұр. Жеңіл бір көрпені үстіне жамылып алған Зухра анасын көрген бетте жанұшыра жүгіріп келіп, құшақтай алды. Сардар көпке қосылып, бір шелекті алып, көрші үйге жүгіре жөнелді.
Салиха болса…
Басына орамалын тағып, жерге тізерлей отыра кетті. Көз алдында арпалысып жатқан өмір мен өрт оның жан дүниесінде де дәл солай арпалысып жатты. Неше жылдық адал еңбектің жемісі қара түтінге жұтылып, отқа оранып барады… Лапылдаған от пен қою көк түтін арасынан көзіне жаспен бірге өткеннің елесі тұтанып келе берді.
Күйеуі Жасур колледж бітірген соң, Нүкіс қаласында аты дүркіреп тұрған зауытқа электр дәнекерлеуші болып жұмысқа тұрған. Жұмысқа ептілігінің арқасында от пен темірдің ебін тауып, он жылдың ішінде кәсібінің майталманына айналды. Кеңес Одағы тараған соң, көп ұзамай зауыттың да қақпасы жабылып, қайта ашылмады.
Жасы отызға келгенде Жасур да басқа жұмысшылар секілді күнде қала кезіп, сарсыла жұмыс іздейтіндердің қатарына қосылды. Зауыт оның жалғыз табыс көзі ғана емес, өмірінің мәні мен діңгегі, ер азамат ретінде қадірінің белгісі еді. Енді тұрақты жалақы жоқ, ертеңі де бұлыңғыр. Жанарындағы үміт оты біртіндеп өшіп бара жатқандай сезілетін.
Салиха ол кезде жиырма бесте. Қолында үш жасар Сардар мен тәй-тәй басуға талпынып жүрген Зухра. Бала бағып отырмын демей, бір сәт те дамыл таппайтын. Аулада көкөніс егіп, артылғанын сататын. Көрші-қолаңның киімін тігіп, етек-жеңін қысқартып, азды-кемді табыс табатын. Бірақ бұл күндік азықтарына әрең жетіп жататын.
Бір күні шай үстінде күннен күнге тұйықталып бара жатқан отағасының шаршаңқы жүзіне қарап:
– Енді не істейміз, Жәке? – деген шарасыз үнмен. Қабағы түйіліп отырған күйеуі кенет жалт қарап:
– Тәуекел! Кетеміз! Алматыға кетеміз! – дегенінде көзінде от жарқ еткендей болды.
Алматыға олардан бұрын келген Рахима, Жасурдың әпкесі, жиі хабарласып, шақырып тұратын.
– Келіңдер! Уақытша бізбен тұрыңдар. Алматы – үлкен қала, мүмкіндік көп. Балаларың өскенше, тірлік істеп, үйлі боласыңдар. Оралман ретінде көмек те береді, – дейтін еді.

Қайынбикесінің отбасы Алматыға кіреберістегі Кемертоған ауылында тұрады екен. Олардың аласа төбелі, көк шатырлы кішкентай үйі жаңа қаладағы алғашқы аялдама болды.
Тау етегінде орналасқан, қарлы шыңы алыстан көз тартатын Алматы оларды жылы қарсы алды. Бірақ оның жылдамдығына ілесу оңай болмады. Бәрі асығыс, бәрі тынымсыз, бәрінің сіркесі су көтермейді. Жасур мен Салиха да келе сала сол қарқынға еніп, арпалысқан тірлікке қойып кетті.
Рахима үйінің бір бөлмесін інісінің отбасына беріп, балаларға күндіз өзі қарап, екеуіне жұмыс істеуге жол ашты. Құжат жағы да оңай болмады. Өзбекстан төлқұжаты, ұзақ күткен оралман мәртебесі, Қазақстан азаматтығын алу… Бірақ артқа қайтар жол жоқ еді.
Жасур базар жағалап, жүк тасудан бастап, қандай жұмыс табылса, соны істеді. Бүгін жүк тасушы, ертең құрылысшы, енді бірде күзетші. Салиха да базардағы асханада ыдыс жуып, еден тазалады. Алғашында жууға арналған гельдер жақпай, қолы жарылып, дуылдап ашыса да, бір күн де шағымданбады. Таңғы алтыда тұрып, кешкі тоғызда үйге сүйретіле жететін тіршілікке үйреніп қалды. Кейде кешкісін автобус терезесінен көшедегі шамдарға, зулап өтіп жатқан көліктерге үнсіз қарап отырып, ішінен «Қазақстанға көшу дұрыс шешім болды ма? Бұл қалада біздің де бір шаңырағымыз болар ма екен?… деген ойлар жанын тырнап өтетін.
Түнде төртеуіне көрпе салып, балаларын құшақтап, әлдилеп жатып, «Балапандарыма көңіл бөле алмай жатырмын…» деп өзін кінәлап, көзіне жас алатын.
Жасур еш шағымданбайтын. Отбасы үшін өзін жауапты сезінетін. Әйелінің қас-қабағын бағып:
– Басы ащы болса, соңы тәтті болады. Бекер уайымдама. Аман болсақ, өз үйіміз де болады, – деп жылы сөзін аямайтын. Дауысы сенімді көрінгенімен, іштей оның да шаршап жүргенін Салиха сезетін.
Бір жыл төңірегінде азаматтық алған соң, өмірлері біршама реттелгендей болды. Жасур қаладағы сүт зауытына дәнекерлеуші, ал Салиха сол зауытқа еден жуушы болып орналасты. «Ең бастысы, жұмысымыз бар, тұрақты жалақымыз бар» деген ой еңселерін сәл көтергендей еді. Алайда сол кезден бастап үй-үйге көшу басталды. Жұмысқа, мектепке жақын, бағасы арзан, қыста жылы, тұрмысқа қолайлы, үй иесі жайлы пәтер іздеу өмірлерінің бір бөлшегіне айналды. Он жылда он екі пәтер ауыстырды. Бірінде төбеден су тамшыласа, екіншісінде пеш дұрыс жылытпай, қыста бөлмелері мұздай болатын. Бір үйдің иесі «балаларың пәтерді тоздырды» деп дау шығарса, екіншісі «келесі айда бағаны көтереміз» деп қыспаққа алатын.
Сол жылдары Жасур өзгере бастады. Әуелі жалақы алған күндері кеш келетін болды.
– Жұмыстағылармен айлық жудық… – дейтін. Салиха үндемейтін, оны түсінетін, кешіретін. «Бәріміз де шаршап жүрміз. Өзі көп сөйлемейтін, іштей тынатын адам. Оның да демалғысы келер…» – деп өзін жұбататын. Тек балаларының сұраулы жүздерін көріп:
– Әкелерің шаршап жүр, – дейтін.
Бірте-бірте кешігіп келетін күндері жиілей бастады. Ішімдікпен бірге денесіне бейтаныс біреу кіріп алғандай көрінетін. Ашу мен өкінішке толы, дөрекі сөйлейтін, өмірге өкпелі бөтен біреу. Мұндай күндері үйде жанжал шығаратын.
Ал ішпеген күні… жақсы күйеу, қамқор әке. Балаларының сабағына қарап, тақырыпты түсіндіріп беретін. Аулада бірге жұмыс істеп, еркелетіп, ойнап-күлетін. Сол кездері Салиха оның көзінде жылтыраған сенім отын көріп, іштей сөніп қалмауын тілейтін.
Бір күні жұмыстан қайтып келе жатып, Салиха көшенің шетінде ауласында өрік ағашы гүлдеп тұрған, кішкентай, жинақы бір үйге көзі түсті. Сатылатынын көрген бойда, ертесіне Жасурмен келіп, ішін де қарап шықты. Үй үлкен, кең болмаса да, оларға жып- жылы, таныс көрінді. Екеуі ақылдаса келе, жинаған ақшаларын құрап, банктен несие алып, сатып алды.
Келесі аптада үйдің құжаты, кілті қолдарына тигенде, Жасур есікті қуана ашып, балаларына:
– Балапандарым, өз отанымызды таптық. Енді біз ешқайда көшпейміз…– деді.
Сол сәтте көзге көрінбейтін үміт сәулесі оларды жылытып, алаңсыз өмірдің самалы сезілгендей болды.
Өткен сәттер отқа орана бастаған үйдің алдында елес болып қайта келіп еді. Айналада өрт сөндірушілердің дауысы, отпен алысқан адамдардың қарбаласы. Зухра анасының иығынан құшақтап, жанында отыр. Бірақ Салиха үнсіз. Тек көзінде жас.
Бұл үй… Жай төрт қабырға мен шатыр емес… Бұл үй – жылдар бойғы маңдай тердің, адал еңбекпен жарық күн астында өз орындары үшін күрестің жемісі. Бұл үй – «енді мен де осы елдің азаматымын» деп айтқызған отан. Бұл үй – қаншама үнсіз жылаған түндердің, махаббат пен кешірімнің, тағдырдың сынағына сынбай, балаларына сенім сіңіре алған күндердің куәсі. Бұл үй иелерінің адами әлсіздіктері мен жан жараларына бірге төтеп берген, бір отбасының тарихы басталған қара шаңырақ еді. Енді сол қара шаңырақ жанып жатыр…
Түнгі ауысымдағы жұмысынан сұранып, жанұшыра таксимен жеткен Жасур келген бойда қызы мен жарын құшақтай алды. Сәлден кейін:
– Уайымдамаңдар! Үйді жөндеп аламыз. Ең бастысы, аман-есен екенсіңдер, – деп Зухраның иығынан төгілген қара шашынан аялай сипады.
Сол сәтте, түтін мен абыр-сабырдың арасында Салиханың көкейінде бір ой туды:
– Бәрі құлап, бәрі жанып кетуі мүмкін. Үміт отқа оранса да, жоғалмады. Шаңырақ күлге айналса да, отбасының өзегі, діңгегі тірі. Ең бастысы да осы.

