Гүлжамал үлкен үйден тысқа шығып, аспанға көз жүгіртті. Көшкен бұлттар сияқты өмірінің қалай зулап өткеніне аң-таң. Бетті өбіп қар жапалақтап жауып тұр.
Гүлжамалдың жас кезі қап-қара қалың шашы әппақ, өңіне терең әжім түскен, бұрынғыдай дәрмен жоқ. Даңғарадай жеті бөлмелі үйде жалғыз өзі қалды. Туған жердің қысы қытымыр, аязы қатты. Соңғы кезде тіпті үйді жылыту қиынға соғып жүр. Әлде көмір сапасыз ба екен? Қайдам, бұрында ағашпен-ақ қыз-қыз қайнайтын үй, тіпті суық. Әлде жалғыздықтан ба екен…
Кеше ғана бақытты сияқты еді. Ата-анасы, бауырлары түгел осы қара шаңырақта мәре-сәре боп, қуанышты ғұмыр кешкендей еді. Мәңгілік бақытта ғұмыр кешетіндей, жастық шақ өтпейтіндей көрінетін. Сағым дүние жалған деген осы екен.
Орынбасар мен Дүриянын үш ұл, екі қызы бар еді. Ербосын, Азамат, сосын бірінен соң бірі Айжамал мен Гүлжамал, кенжетай Асқар. Орынбасар шағын қалада бас инженер, Дүрия балабақша меңгерушісі еді. Бес бала да ММУ (МГУ)-ін тәмәмдап келді. Ұлдар инженер, кыздар мұғалім. Бес перзенті де өте сауатты, алғыр, тірлігіне мығым.
Дүрияның қатал бірбеткей мінезінен көрші-қолаң, туған-туыс, ұжымдастары да каймығатын. Ал Орынбасар үшін жарының айтқаны заң. Бес перезенті де оқу бітіріп кеп, жұмыс істей бастады.
Алғашқы ұл Ербосын үйленгенде Дүрия келінді әб жыландай ысылдап карсы алды. Келін ұзаққа шыдамай, бір ұлды туған соң «қашып кетті». Ербосын шын сүйген жарынан, махаббатпен дүниеге келген ат ұстарынан айырылған соң, жүрегі тас боп қатып қалды.
Гүлжамал қазақ мектебінде, ал әпкесі Айжамал орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Мәскеу оқып келген қос маман ә дегеннен ақ беделге ие болды. Мектептің бетке ұстары, сөзге шешен, алған сыныптары белсенді болатын. Бірнеше жылдан соң Айжамал мектеп директорының орынбасары болып шыға келді. Қос қарлығашының жетістікке жетуінің, ортасында абыройлы болуының басты себебі, әрине сауаттылық пен табандылық, еңбекқорлық пен адалдық еді. Бұның бәрі Дүрияның тәрбиесі.
Дүрия қырағы көзді, көкшіл жанарлы болатын. Оның көзіне тік қарау мүмкін емес еді. Әділетсіздікке қарсы, тек адал жолмен өмір сүруды балаларына сіңіріп өсірді. Табысқа жету үшін көзің ашық, көкірегің ояу болу қағидасын ұстанды. Қатал темірдей тәртіп болған үйде жігітпен не қызбен жүру, махаббатқа мас болу — жат дүние еді. Сол себепті екі қызының тұрмысқа шығу ойы мүлдем болмады. Ал ұлдарға сүйгеніне қосылуға тиым салынды. Себебі Дүрияда барлығы есеппен. Келін де, күйеу бала да мінсіз болу керек еді. Әлбетте мінсіз адамды табу қиын. Сондықтан екінші ұл Азаматтың ғашығы Дүрияның қатал «елегінен» өтпеді.
Күндердің бір күні Ербосын екінші рет шаңырақ көтерді. Келінді Дүрия тапты. Әкесі қалада бөлім меңгерушісі, анасы мұғалім, қыз ұяң, тәрбиелі екен. Еш сезімсіз қосылған Ербосын амал жоқ анасының айтқанына көнді. Бір жылдан соң дүниеге алғашқы немере-қыз бала келді, есімін бақытты болсын деп Бақыт қойды. Қазаққа тән дәстүрге сай Бақыт ата-анасының емес, әжесі Дүрияның әпкелері Айжамал мен Гүлжамалдың көз қуанышы болды. Екі үш жылдан соң келін ұл босанды. Сырт көзге әдемі көрінетін Ербосынның отбасы шын мәнінде бақытсыз еді.
Өмір өз ағынымен жүріп жатты. Немерелер өсіп, ұл-қыздар жұмысын істеп жүрді. Бір күні Дүрия тағы шешім шығарды. Кіші ұл Асқарға келін бала тауыпты. Әкесі білдей бастық, анасы момын шаруа адамы, өсіп-өнген жанұя екен. Екі тарап ұл мен қызды таныстырып, Асқар мен Әсия арасында жылылық көрген соң, құдалыққа дайындық басталып кетті. Қыз ұзатылды, дүркіретіп жөн-жоралғысымен той жасалды. Үлкен ұлдарына қаталдық танытқан Дүрия, кенжесі Асқарға келгенде жүрегі жібіді. Не болса да ішінде. Осылайша үлкен үйде қос келін, бала-шаға, ырду-дырду, «бақытты» күндер өтіп жатты. Сырт көзге барлығының бір отауда ұрыс-керіссіз, ым-шымсыз өмір сүргеніне ел-жұрт қызыға да, қызғана да қарайтын. Бәрі Дүрияның арқасы, тәрбиені осылай беру керек деуші еді көрген ел.
Гүлжамалдың сыныбынан алтын белгіге бірден төрт оқушы өтіпті, Айжамал аспирантураға оқуға түсіпті, Ербосын қалалық зауытқа бас инженер бопты, Азамат қалалық электр желілері бөліміне бастық бопты, Асқар облысқа ауысайын деп жатыр екен. Орынбасар мен Дүрияның отбасы үнемі ел аузында еді. Әрбір ата-ана, болсаң Дүрияның ұл-қызындай бол деп балаларына ақыл айтатын.
Жылдар өтіп жатты. Дүрия кезінде Азаматтың сүйгеніне қосылуына тиым салғанына ара-тұра өкінуші еді. Баланың бағын адуынды мінезімен байлағанын іштей түсінетін. Сол себепті отыз тоғызға қараған шағында отырып қалған отыз жетідегі Шолпанды алам дегенде еш қарсылық білдірмеді. Іштей қан жылады. Азаматының махаббатына қойған бар кінараты оның Омбы қазағы болғанында. ММУ-да бірге оқыған Диана расында Омбыда туып, ана тілін білмегенімен, мінезі көркем, ажарлы қыз еді. Азамат шынтуайтына келгенде күнде «қашан үйленесің» деген жауыр болған сұрақтан арылу үшін, кассир боп жұмыс істейтін, мінезі тұрақсыз, жеңілтектеу Шолпанға үйленейін деп шешті. Негізі Шолпан өзі ыңғай білдіріп, Азаматты құрығына түсірген болатын. Әріптестер Дүриядан «қорықпай қалай бара жатсың» дегенде, «Дүрияның заманы бітті, енді мен олардың бәрін отырып-тұрғызам» деп миығынан күлді. Расында солай болды.
Дүрия алпысты алқымдаған, бұрынғыдай ширақ емес еді. Бір түрлі денесін ауыр сезінетіндей. Жаздың жадыраған жұмасында Дүрия жұмыстан ертерек келді. Түскі асқа жиналған бала-шағасына ертең сенбіге бір мал сойып, тарататын боп тарқасты. Түстен кейін жұмысына баруға шамасы жетпеді. Келесі күні таң атысымен қой сойып, шикідей таратуды бұйырды. Үйге сәл көз шырымын алмақшы боп жатып қалды. Бір сағаттан соң Айжамалдың шар еткен дауысынан бүкіл ел дүрлікті. Дүрия дүние салыпты. Орынбасардың шаңырағы ортасына түскендей болды. Аңыраған ұл-қыздары, өкіріп жылаған Орынбасар. Шаттық пен қуанышқа толы шаңырақ Дүриясыз қаңырап қалғандай еді, «үйдің берекесі болған екен ғой» деп зар еңіреген Орынбасар күңіренгенде, аспан қоса жылап, нөсер жауын толастамай екі күн жауды.
Жетілігін, қырқын берген соң Орынбасар бәрін жиып, әр баласына тапсырма берді. Алпыс жетіге кеп, алғаш үнін шығарғаны осы еді. Ербосын мен Азамат қалаға бөлек кететін болды. Қыздар және Асқар бала-шағасымен әзірге үлкен шаңырақта қалатын болды.
Күнделікті тіршілік жалғаса берді. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Асқардың келіншегі атасының қиқар мінезінен шаршады. Әр іске араласып, тамақ істесе де, үй жинаса да, бала тәрбиесіне де қыстырылыса беретін, мін іздеп, кешке жұмыстан шаршап келген Асқарға, екі қызына Әсияның «әдепсіз» қылықтары мен тірліктеріне шағым айта беретін атасының тірлігіне таң қалды. Енесі барда ләм демейтін атасының тілі тіпті ащы екен. Шымбайына бататын сөздерден шаршаған Әсия бес баласын алып, төркініне кетіп қалды. Бес перзентінің ішінде ұлы сезіммен қосылған Асқар үшін отбасынан айырылу тозақ еді. Бір ай әке айтқанынан шықпай жүрген Асқар бір күні үлкен үйден кетті қалды. Осылайша Орынбасар екі қызымен даңғарадай үйде тұрып жатты.
Қырықтың қырқасына шыққан Айжамалға бір күні өзі оқыған ЖОО-нан дәріс беруге ұсыныс келіп түсті. Айтпақшы, аспирантурадан соң Айжамал кандидаттық диссертациясын да сәтті қорғап алған болатын. Анасы қайтқан соң жетімсіреп жүрген қос қызы Мәскеуге кеткені жөн деп, әкесі шығарып салды. Сонымен Орынбасар жалғызілікті өмірін бастады. Оған басын ауыртып жүргені шамалы, аш құлақтан тыныш құлақ жақсы деп, ғұмыр кешіп жатты. Кейде немерелері келіп тұрады.
Бір күні үлкен ұл Ербосын отбасын тастап, алғашқы жарына кетіп қалды деген хабар келді. Бұл жәйтке бәрі аң-таң болды. Үлкен немересі Бақыт екі әпкесінің қолына оқуға түсіп кеткен. Бақыттың анасына суықтығы бала кезден байқалатын. Дүрия барынша өзіне теліп, келініне барлығының көзінше қиғаштап тиісіп отыратын. Оны көрген бала әжесіне арқа сүйеп, ана емес келінге қарағандай тәрбие көрді. Анасын атымен атады. Сондықтан шешесін тастап кеткен әкесіне тіпті өкпелемеді. Шаңырағы ортасына түскен анасына еш аяушылық сезімі болмады. Ересек ұлы Ерсұлтанды жетектеп, төркініне кеткенде, бір барып халін де сұрамады. Немересінің қатыгездігі әжесінен деді нағашы жұрт. Ербосын сол кеткеннен мол кетті. Ара тұра ел естиді, бақытты, ұлы шаңырақ көтеріпті, ғалым екен, немерелерін бағып-қағып жүрген Ербосын көп жылдардан соң бақытымен қауышты. Дүрияның дүние салғанын күткендей. Иә, анасы бәрін уысында ұстап еді.
Азаматтың жары Шолпан ойын-сауық құмар, екі қыздан соң тумай қойды. Кешке сауық құруға көше кезіп кетеді, Азамат екі қызына ана да, әке де боп жүр.
Айжамал оқу орнында бір профессорға тұрмысқа шықты. Ол профессордың аты Калугин екен. Жасы сексенге таяған Евгений Калугин елу жетідегі Айжамалдың кандидаттық диссертациясын қорғағанда жетекшілік еткен еді. Ол кезде Калугин отбасылы. Айжамал Мәскеуге келгенде жалғыз жүргенше әйтеуір бір ердің етегінен ұстайын деп, осы шалға келісім берді. Калугин бес жылдан соң қайтыс болды, үш бөлмелі еңселі пәтерінде Айжамал, Гүлжамал қалды. Қолдарындағы бауырының қызы Бақыт тұрмыс құрды.
Бір күні сексенге таяған әкейден Мәскеуге суыт хабар келді. Орынбасар ата науқастанып қапты. Жедел Гүлжамал ұшақпен туған жерге жетіп барды. Әкесі дімкәс, жәй-жәй қимылдайды, тірлігі мардымсыз, күтімі жоқ. Қыздың аты қыз емес пе?! Гүлжамал келе сап үйді ретке келтіріп, әкесінің бабын жасады. Орынбасар ата одан кейін бір жыл тым жақсы өмір сүрді. Бір жылдан соң қоңырқай күзде о дүниеге аттанды. Сары жапырақтармен бірге жас та аямай төгілді. Көз жасына ерік берген екі қызы мен немересі Бақыт. Ұлдары безірейіп тұрды. Жетісінен кейін бәрі жан-жаққа тарқасты. Қырқына тіпті Ербосын келмеді де. Барлық перзенті бақытсыз болғаны үшін ата-анасын кінәлайтындай. Айтылмаған өкпе-наз бар сынды…
Жапалақтап жауған қар Гүлжамалдың көзінен аққан жаспен еріп жатты. Адам толы әлемде жалғыз қалғанына енді көзі жеткендей. Елуді еңсерген адамға ұрпақсыз, жарсыз, отбасысыз, жақындарынсыз қаншалықты қиын екенін түсінгендей. Ажары таймаған кезінде талай жігіттің бетін қайтарғанына, қатал ата-анасының айтқанынан шықпай жүре бергеніне, басынан махаббат сезімін өткермегеніне, өмірде қателік жасап қоюға батылы жетпегеніне өкінді. «Көзсіз ғашық болып, артынан еріп кете беретін сен тұр мен атайын жігіттердің көз жасына қалған болармын, бәлкім білім қуып, мансапқа мас болған шығармын» деген ойлар ішін жегідей жеді. Ызғарлы қаңтардың суығына тоңып, үйге кіріп еді, мола сияқты тастай үйде де жылына қоймады. Көрпені алып, төсекке жылаған күйі бүк түсіп, ұйықтап қалды. Түсінде анасы Дүрия кешірім сұрап жатыр екен, «бақтарыңды байладым, тәкаппарлығым үшін кеш, елдің сөзіне қалмас үшін балаларымды қаталдықта тәрбиеледім, бәрің менің кесірімнен бақытсыз болдыңдар, жүр менімен, жаурадың, кел құшағыма, құлыным»……
Келесі күні көрші Оразкүл апа Гүлжамалға сүт әкелуге келгенде, қимылсыз жатқан денесін көріп, айқай сап, үйден атып шықты. Әйел бақытын көрмей Гүлжамал ана дүниеге аттанып кетті…
Қатал тәртіппен өскен, ата-анасына ыңғайлы болып үйренген баланың бақыты үшін, кейде жалғыз қарсыласы, әке-шешесімен күресуге батылдығы жетпейді. Еркіндік, әсіресе таңдау еркіндігі тұлға қалыптастырудың басты талабы екені әңгімеде жақсы жеткізілген. Жазар көп болсын! Бастамаңыз жаман емес