– Ке-ре-мет!!! Вагонда бізден басқа ешкім жоқ! Есі дұрыс адам дәл 31 желтоқсан күні жолға шыға ма? – деп, Зарина қабағын түйіп, әпкесіне алара қарады. Купенің есігін жұлқи ашып, қолындағы жол сөмкесін жүк салатын орынға тастай салды да, орнына сылқ етіп отыра кетті.
Заринаның ашуланатын жөні бар – жаңа жылдың бірінші күнін сыныптастарымен қарсы аламыз деп келісіп, жоспарын да құрып қойған болатын. Енді, міне, бәрін әпкесі Зәуре бұзды.
Кеше Шымкентте тұратын әжелері инсульт алып, ауруханаға түскені жайлы хабар келді. Ата-анасы ести сала жолға шығып кеткен. Ал Зәуре бүгінге пойызға билет алып, Заринаны ертіп алды. Кешеден бері өкпесі қара қазандай сіңлісінің әлі де қапаланып отырғанына әпкесі ақыры шыдамай:
– Зарина! Қойшы енді! Әжеміз ауруханада! Осы демалыс күндерінде бармасам, кейін жұмыстан сұрана алмаймын!– деді ашулы әрі жалынышты үнмен. Аққұба өңі ашуланғаннан лезде қызарып кетті. Сөмкесін төсегіне қоя салып, сіңлісіне қарсы орынға жайғасты. Сөзіндегі ашу мен ренішке қоса, көкірегін кернеген ауыр мұңды Зарина да сезгендей болды. Әпкесіне қарсы сөз айтпай, айғыз-айғыз терезеден сыртқа үңілді. Ойға шомған кейіп танытқанымен, әлі де қабағынан қар жауып, түнеріп отыр.
Зәуре терең тыныс алып, терезеден сыртқа көз тастады. Ұлпа-ұлпа жауған қар мен кешкі қара түнекке оранған аспан тұнжырап тұрғандай көрінді. Пойыз маңында асығыс жүрген адамдардың сүреңсіз бейнесі мен жанын жеген уайым араласып, көзі тұманданып кеткендей болды. Бір сәтке көзін жұмып, тыныштықты сезінуге тырысты…
Алматының қарбалас тірлікке толы көшелері, көліктерінің тынымсыз шуы мен биік, сұсты, сұр ғимараттары оған әлі де жат сияқты. Тұңғыш немере болған Зәуре Шымкенттегі әжесінің бауырында өсті. Мектепті аяқтап, университетке түскен соң Алматыға, ата-анасының үйіне, келгенінде жүрегінің жартысы әжесінің жанында қалып қойғандай күй кешкен. Төрт жылда оқуын бітіріп, жұмысқа орналасса да әлі күнге дейін туған қаласы Шымкентке, достарына, әжесіне асығады да тұрады. Әжесінің инсульт алғанын естіген сәттен бері іші алай-дүлей. Үйде де, жұмыста да жаны тыныштық таппай, әжесінің жағдайын қайта-қайта ойлап, жүрегіне ауыр бір жүк түсіп кеткендей болды.
Зәуренің ойлары туған жеріне қарай самғап, көз алдына әжесінің күлімдеген бейнесі келе қалды. Бар жақсысын алдына тосып, «Қарағым, Зәурешім» деп еркелете сөйлейтін әжесі, онымен бірге өткізген жылы сәттері есіне түсіп, сағыныштан жанары жасқа толды. Әпкелі-сіңлілі екеуі әрқайсысы өз ойымен әлек болып, сыртқа көз тастап отырды.
Тек пойыз вагондарының салдыр-гүлдір қозғалысы ауыр тыныштықты бұзды. Сол мезетте аласа бойлы, тығыншықтай, ақсары жолсерік жігіт кіріп келді. Асығыс билет пен құжаттарды тексеріп, төсек жабдықтарын берді де:
– Сапарларыңыз сәтті болсын! – деп шығып кетті, дәлізде қыз-жігіті аралас көңілді бір топ улап-шулап көрші купеге өтіп жатты. Әрқайсысының дауыстары бір-бірімен араласып, тып-тыныш вагон ішін жандандырып жіберді. Топтың соңынан келе жатқан екі иығына екі кісі мінгендей алпамсадай жігіт Зәуре мен Заринаны байқаған бойда:
– Ооо, қыздар! Жаңа Жыл құтты болсын! Жаңа Жылды бірге қарсы аламыз ба? – деді гүрілдеген жуан дауыспен. Купенің жақтауына қолын тірегенде, есікті алып денесі толықтай жауып қалды.
Зарина орнынан ұшып тұрып, жігітке отты көздерімен тік қарады да:
– Жоқ! Маскүнемдермен Жаңа жылды қарсы алатын адам біз емеспіз! – деп, есікті ішінен тарс жауып алды.
Дәлізден әлгі жігіттің:
– Қарындасым, бүгін мереке ғой, – деген күлкі аралас масаң дауысы естілді.
Көп өтпей апалы-сіңлілі екеуі төсеніштерін түзеп, төсек басындағы шамды жақты. Қолдарына кітаптарын алып, оқуға кірісті.
Пойыз толассыз жауып жатқан қарлы даланы жарып келеді. Терезе әйнегіне соғылған қар ұшқындары ұшып-қонып, бір-бірімен жарыса сырғанап жатқандай. Көрші купеде отырғандардың әзілдері мен жаңа жылдық әндері пойыздың дүрсілін басып, вагонға мерекелік көңіл-күй сыйлап тұр. Дөңгелектердің бір сарынды тарсылынан ба, әлде көршілердің шуынан ба, Зәуре кітабын оқи алмады. Әріптер көз алдында бұлдырап, кітап беттерін бірінен соң бірін мән-мағынасыз парақтап отырғанын сезбеді. Ойы өткен күндерге жетелеп әкетті…
Көктемнің шуақты бір күні. Әжесі көзілдірігін тағып, тігін машинасында шұқшиып отыр. Машинаның жылтыраған бөлшектері күнмен шағылысып, әжесінің жылы жүзін нұрландырып жібергендей. Зәуренің: «Әуре болмаңыз, көйлекті дүкеннен-ақ аламыз ғой», – дегенін тыңдамай, қызының мектеп бітіру кешіне өз қолымен көйлек тігуге кірісіп кеткен еді. Әжесі мен немересі сән журналдарын ұзақ ақтарып, ақыры таңдаған көйлекті тігіп, ұлттық ою-өрнектермен кестелеп шыққан болатын. Көйлек дайын болғанда, оны киіп айна алдында тұрған Зәуреге асыл әжесі жақындап:
– Үлкен өмірге қадам басқалы тұрсың, қызым. Жолың ақ, ісің әркез оң болсын деп ниет етіп тіктім, қалқатайым…– деді мейірімге толы жанары жасаурап.
…Бірер айдан кейін Алматыдағы университетке қабылданғанын естіп, қуанышын алдымен әжесіне жеткізіп еді. Ол қызын құшақтап, маңдайынан сүйіп:
– Зәурешім, адамның бағы – білімде. Біліммен қатар жүрегіңнің тазалығын да сақта. Сол кезде адаспайсың. Бағың жансын! – деп батасын беріп еді.
Пойыздың тербелісімен көзін жұмған күйі әжесімен өткізген сол күндерді қайта сезінгендей болды. Әжесінің әр сөзі, әрбір әрекеті жүрегін жылытып, жанына тыныштық сыйлағандай еді.
– Жаңа жыл, жаңа жыл!- деген шудан оянып, түнгі сағат он екі болғанын түсінді. Әлгі алып жігіт:
– Қыздар, қарындастарым! Жаңа Жыл құтты болсын!- деп купенің есігін қаға бастады. Апалы-сіңлілер есікті аша қоймаған соң:
– Қарындастарым, Заңғар деген Аяз ата келіп тұр. Сыйлығым бар, аша қойыңдаршы! – деп тоқтаусыз тықылдата берді. Зәуре шыдамай шамды жағып:
– Өзі бір қайтпас қайсар екен,- деп күңкілдеп, есікті ақырындап ашып, сығалай қарады.
– Жаңа жыл құтты болсын, қарындастарым! – деді жігіт көтеріңкі көңілмен, жүзі шат-шадыман. – Мен Заңғар деген Аяз Атамын. Сыйлық әкелдім сендерге! – деп күліп, бір қорап шоколадты ұсынды.
– Сыйлық қажет емес. Рақмет, – деп, Зәуре есікті жаппақ болғанда, Заңғар есіктің тұтқасынан ұстап:
– Қарындасым, қолымды қайтарма, – деп шоколадты ұстатты. Аз-кем кідіріп:
– Ағаларың мерекеге кішкене қызып алды. Айып етпеңдер… Сендер сияқты әдемі қарындастарым бар. Соларға, ауылға бара жатырмын…. – деп, қызарақтай сөйледі.
Зәуре шоколадты алып, жұмсақ жымиды да:
– Ештеңе етпейді, рақмет, – деп, есікті жауып, кілттеп қойды. Шамды өшіріп орнына жайғасты.
Ал Зарина әпкесін жазғырып:
– Мас адаммен неге сөйлесіп тұрсың? Есікті ешкімге ашпа енді! – деп ренішін білдірді.
Түннің бір уағында көршілердің көңілді шуы да бәсеңдеп, вагонда тыныштық орнады. Терезенің арғы жағындағы қарлы дала да жым-жырт, бейқам ұйқыда жатқандай көрінді. Тек жүйткіп келе жатқан пойыздың ышқынған үні ғана анда-санда естіліп, үзіліп қалып жатты.
Зәуре көзін жұмса да санасындағы мазасыз ойлар ұйықтатпаған соң, терезеге қарап, қараңғылыққа үңіліп отырды. «Құдайым, әжеме ем-шипаңды жіберші, оған ұзақ өмір берші! Бұл дүниедегі ең жақын, ең қымбат адамымды менен айырмашы», – деп іштей күбірледі. Сағыныштан жүрегі шымырлап, көзіне жас тығылды.
Біршама уақыттан соң есікті біреу тақылдата бастады. Бұл жолы купені шатастырып алды ма, әлде есік ашылмаған соң ба, тықылдатқан адам көп тұрмай кетіп қалды. Зәуре терең тыныс алып, төсегіне жатпақ болып еді, есік жақтан тағы да бір тықыр естілді. Бұл жолы есікті кілтпен ашып жатқандай көрінді. Есік сарт етіп ашылғанда, сырттан түскен әлсіз жарықтан екі ер адамның сұлбасы байқалды. Әпкесі мен сіңлісі бір мезетте бастарын жастықтан жұлып алып, үрпиісіп, бір-біріне үрей толы көзбен қарасты.
Зәуре дәлізден түскен жарыққа көзін сығырайта қарап, күмән мен қорқынышын жасыра алмай:
– Кімсіздер? – деді қабағы түйіліп.
– Қыздар билеттеріңізде бір мәселе бар сияқты. Үлкеніңіз бізбен жүріңіз,– деп бұйыра сөйлеген сөзінен жолсерік жігіт екенін аңғарды. Зәуре тез сабырға келіп:
– Қандай мәселе? Билетті «қолдан» емес, кассадан алғанбыз! – деді сұстанып. Жастығының астына қойған сөмкесінен билеттерді алып, есікке беттеді.
– Зарин, сен жатып, ұйықтай бер. Билеттерді көрсетемін де келемін,– деп сыртқа шығуға ыңғайланды.
Түннің ортасында алакөлеңке дәлізге аяқ басқан Зәуре жолсерік пен жанындағы бойшаң, тар кеуделі, бұжыр жүзді ер адамға сезіктене қарады. Кешкісін сыпайы көрінген жолсеріктің өктем сөздері мен жанындағы бұжыр қараның суық көзқарасы бойын белгісіз қорқынышқа бөледі. Ұстамдылық танытып, барынша сенімді, нық дауыспен:
– Міне билетіміз, – деп ұсынғанда, қолы аздап дірілдегендей болды.
Екеуі билеттерді асықпай, кезек-кезек айналдырып қарады. Бұл күдікті тексеріс ұзаққа созылғандай болып, мазасын қашырды.
– Бәрі дұрыс па? Қайтарасыз ба билеттерді? – деді Зәуре тыпыршып. Бұжыр бет басын көтеріп:
– Жоқ, сіз бізбен бірге жүріңіз. Билеттерді пойыздың бастығына көрсетеміз, – деді салқынқанды үнмен. Бойын қорқыныш билеген Зәуре жүрегі атқақтап:
– Не деп тұрсыз? Мен ешқайда бармаймын… – дей бергенінде, жолсерік пен бұжыр қара оны екі жақтан қолтығынан ала көтеріп, сүйрей бастады. Қапелімде мұндайды күтпеген Зәуре мұздап, денесі жансызданып қалғандай болды. Тынысы тарылып, жүрегі сол жақ қабырғасын ұрып жатқандай соқты. Айғайламақ болып еді, тілі күрмелді, үні шықпай, дыбыссыз қалды. Қарсылық көрсетпек еді, қол-аяғы сіресіп, өзіне бағынбай кетті. Кенет айнала тұманға оранып, ауа жетпей, тынысы тарылды.
Әпкесінің кешіккеніне байыз таппай, алаңдаған Зарина осы сәтте купеден шығып, дәліздегі сұмдықты көрген бойда:
– Қайда апарасыздар? Жіберіңіздер әпкемді! Көмектесіңдеееер! – деп айғай салды. Дауысы құлақ жарды.
Сіңлісінің шыңғырған үні Зәуреге алыстан естіліп жатқандай болды. Мойнын бұрып қарағанда, Заринаның көрші купенің есігін жанталаса тоқпақтап ұрып жатқанын көрді.
Сол замат есік сарт етіп ашылып, қара нардай ірі денелі адамның сұлбасы пайда болды.
– Жігіттер! Не болып жатыр мұнда? – деп гүрілдеген жуан дауыс ызғарлы естілді.
– Мына қыз мас… – дәл құлағының түбінен бұжыр қараның қырылдаған дыбысы шықты.
– Ол мас емес! – деп Зарина алға қарай ұмтылды.
– Жігіттер! Босатыңдар қызды! – дәліз бойымен кең адымдап келе жатқан Заңғардың әмірлі қатаң үні естілді:
– Жігіт емессіңдер! Нағыз қорқаусыңдар!!!
Зәуре әлсіреп барып, талықсып түсті. Әлгілер сасқанынан қолдарын жібере салғанда, жерге тізерлей отыра кетті. Зарина жанұшыра әпкесіне жүгіріп келіп, қолтығынан демеп, купеге кіргізді. Зәурені құшақтап өксіп-өксіп жылады. Ал Зәуре болса бір жамандықтың жанынан жанап өткенін түсінгенімен, көзінен жас шықпады. Тек иегі ғана аздап дірілдеп кемсеңдей берді.
Сол кезде Заңғар есікке таяп:
– Қарындастарым, алаңдамаңдар! Бұл пойызда сендерге ешкім артық сөз айтпайды. Мен осындамын! – деп дәліздегі жиналмалы орындықты ашып көсіле жайғасты…
Таң атқанға дейін Зәуре де, Зарина да кірпік қақпай, үнсіз отырды. Оқиғаның ауыр салмағы екеуін де қысып, түн тым ұзаққа созылғандай көрінді.
Зәуре терезеден сыртқа көз салды. Шексіз ақ қарлы дала бар әлемді тыныштыққа бөлеп тұрғанымен, оның жан дүниесінде дауыл тұрды. Сырттағы аппақ тазалыққа оранған далаға қарап, іштей онымен тілдесе бастады.
– Аппақ қар… Ақ жол… Таза табиғат…. Таза ар…. Табиғат ешқашан зұлымдық жасамайды. Табиғат жараламайды, емдейді. Ал біз, адамдар… Неге бір-бірімізге қиянат жасаймыз? Неге бір-бірімізге зиян келтіреміз?
Терезеге ұрған қар ұшқындары оны жұбатып, мұңын бөлісіп тұрғандай еді. Бірақ бұл Зәуренің ішкі дабылын баса алмады. Көзіне толған жасты көрсеткісі келмей, терең дем алып, көзін жұмып алды.
Біршама уақыт өтіп, көзін ашқанда есіктің жартылай ашық саңылауынан дәлізде отырған Заңғардың зор тұлғасы көрінді. Зәуренің көзі еріксіз оған түсті.
«Қараңғылықты жарық жеңеді. Бір ғана шырақ жеткілікті… – деп ойлады ол. – Ал Заңғар сондай шырақ болды…»
Бір сәтке олардың көздері түйісіп қалды. Заңғар оны жұбатқандай жылы жымиып, бір көзін қысып қойды. Бұл қарапайым ғана әрекет Зәуренің жүрегіне жылулық сыйлап, ризашылыққа толтырды. Айтылар сөз көп еді, бірақ үн қатуға дәрмені болмады. Тек ернін аздап жымқырып, басын жеңіл изеп, жылу ұялаған жанарымен үнсіз алғысын білдірді.
Купенің терезесінен қарлы далаға төгілген алғашқы таң шапағы бұл ұзақ түннің артта қалғанын және жаңа күннің туып келе жатқанын паш етті. Ол сонымен бірге жүректегі үміт пен сенімді, өмірге құштарлықты қайта оятқандай болды.