Жамиля Бекбосынова. СҮТ ҚАТҚАН ШАЙ

Бұл әңгіме тәуелсіздікпен бірге ер
жетіп, қарапайым қуаныштың қадірін
біліп өскен барша жандарға арналады.

Байлық, бақ-дәулеттің, берекенің белгісі, не өлшемі әр пенде үшін әр түрлі екен. Біреуге ол банк шотындағы қомақты қаржы болса, енді біріне іші жанға, қорасы малға толы үй-жай, ал тағы бірінен сұраса, асыл тас, ат басындай алтын-күмісті атайды. Қысқасы, қанағаты мен қиялы, өмірден көрген-түйгенінен қалыптасатын түсінік көрінеді. Алты жасар Нұрия, әрине, байлық жайлы басын қатырып, ойлаған емес. Бірақ кішкентай түйсігінде жақсы күндері жеті адамнан тұратын отбасы асты сүт қосылған шаймен ішетінін аңғарып үлгерді. 

Ата-анасы, апасынан тұратын үш үлкеннен бөлек үш бауыры – екі ағасы мен бір інісі бар. Әкесі салмақты, сабырлы, әр сөзін ой сүзгісінен өткізетін, асықпай қозғалатын, ер адамға тән тұйықтығы, әлдебір дүниеге көңілі толмағанда, қобалжығанда көзілдірігін түзейтін әдеті бар орта жастағы кісі. Жұмысы да өзінің болмысына жарасады, мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық етеді. Анасына да кәсібіне лайық қасиеттер дарыған, ойға ұшқыр, есепшіге тән ұстамдылық пен салқын қандылық жоқ емес. Көздері ботадай, қас-кірпігі қиылған реңді әйел. Сол сұлулығы, бағына ма, сорына ма жалғыз қызына берілген, Нұрия тұла бойы анасының аузынан түскендей. Апасының жастық шағы соғыстың аштық кезіне түскендіктен, қартайса да, ауруға да, басқа да пәле-жалаға дес бермейтін қайсар мінезді. Егде тартқан жасына қарамастан, ұлын да, келінін де уысынан шығармай келеді. Оны кішкентай болса да, Нұрияның өзі де байқады. Екі ағасы балабақшаның түскі асқа берген макаронын «тесік нан», көжесін «құр сорпа» деп жақтырмай, бармай қойғандықтан, Нұрияның кезегі келгенде бақшаға бару туралы сөз де көтерілген жоқ. Бүлдіршіннің балалық шағы «Апа» деген бақшада өтіп жатты. Үлкен ұлдар мектепке кеткенде Нұрия, апасы, інісі үшеуі үйде қалады. Ширақ апа күні бұрын баласынан айналымда Кеңес үкіметінің сомы жүрсе де, «теңге бер» деп тиын-тебен сұрап алады. Азанмен екі немересін ертіп, жақын маңайдағы дүкеннен сол ақшаға нан-сүтін жеткізіп алады. 

Үшеуі отырып, түскі шайларын сүт қатып ішеді. Жер үстелдің бір шетінде аласа орындықтағы апасы алмалы-салмалы тісін жағына кигізіп, шайды сораптай бастайды. Қарт кісілердің ас қабылдаулары қызық. Пиаласына кесектей науатын жібітіп салып қояды. Нанын үзіп, шайына малып, одан шекерге аунатады. 

Нұрия бала болған соң, тәттіні тек қант қосса ғана сезетін, ал қою күрең шайының дәмін ешнәрсемен құртқысы келмейді. Дәл осы қаз қалпында жақсы көреді. Суытпақшы болып, қасықпен шайқап отырып, шыдамы жетпей ыстықтай үрлеп, таңдайы күйгеніне қарамастан, екі-үш кесесін сіміріп алады. Мұндай сәттерде уақыт тоқтап қалғандай, жанында жеп отырған наны құлап, соған бажылдаған інісінің даусын да естімейді. Барлық назары кесесінің түбіндегі сүт қатқан шайында. Тауысып, төрт құбыласы теңдей, бұлтиып шыққан қозы қарнын сипап, мәз болады.

Немерелерімен тамақтанып алып, апасы Нұрияға ойыншықтарын жинатқызып, шашын екіге бөліп, жұбы жоқ қызыл мен көк бант тағады. Бірде онысына ауладағы қыздар күліп, мазақтады. Қорлыққа төзбей, апасына жылап шағымданған кезінде:

— О-о, қараң қалғыр, сораңды ағызып үйге жүгірмей, кет бар бөлмеңе, – деп, пана іздеп келген немересін одан бетер жылатып жіберді. 

Бұл оқиғаны Нұрия кешке анасымен оңаша қалғанда айтып, тілі ащы апасының «сазайын тарттыруды» өтінді. Онысын анасы құлағына да аспағандай көрінді. «Е-е, Апамнан бұлар да қорқады екен ғой» деп болжады. 

Сол түні ерлі-зайыптылардың бөлмесінде естілер-естілместей, мынадай әңгіме өрбіді:

— Ахмет, апамен сөйлесіп көрші, Нұрияға ауыр сөз айтыпты. Бала ғой, апасының мінезін түсінбей, өкпелеген көрінеді…

— Рабия, үлкен кісі ғой… мені жалғыз өсірді, әкем ерте қайтты… оның үстіне ол заманның адамдарын білесің ғой, «ботам… балам» деп еркелетіп отырмайды, үлкен демейді, бала демейді бәріне бірдей қарайды… оған басыңды қатырмай-ақ қой, қыз өскенде түсінер… шамды сөндір, ертең азанда жұмыс…

Ерінің сөзін заң деп қабылдап үйренген Рабия үнсіз жарықты сөндірді. 

Осылай Нұрияның күндері бір-бірінен айнымай өтіп жатты. Дүкен, дастархан, cүйікті сүт қосылған шай, кеш батқанша есік алдында ойнау, жұмыстан шаршап-шалдығып оралған ата-анасының алдынан жүгіріп шығу. Бәрі өзгеріссіз. Тіпті, апасы ұрысуын доғарған жоқ. Бірақ Нұрия анасына арызданбайтын болды. Ішінен үнсіз тынады. Еркелетуді білмейтін, адамды тұлға емес, жоспар орындайтын жұмыс мәшинесі ретінде көретін Кеңес үкіметі де кеше ғана ашаршылық, соғысты бастан кешірген немере тәрбиесіндегі  әжелерді қалыптастырғандықтан, бұған ешкім аса мән бермей,  заңды құбылыс санады. Заман сондай еді. Десе де, адам тұрмақ сол заманды өзгертетін кезең келді… аңғасан тәтті тәуелсіздіктің қатты болмысы ел үшін тағы бір сынаққа айналды.  

Бір мезетте, партия құлдырап, ескі идеология құрдымға кетіп, жаңасы қалыптасып үлгермеген күн туды. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған Нұрия үшін отбасы осы дағдарыстың дәл ортасында қалғандай сезінді. Расында да, бүкіл елді жалмаған капитализмнің жаңа тәртібі Нұрияның әкесі мен анасын айналып өткен жоқ. Жалақыны жарты жылдап бермейтін уақыт басталды. Нарық экономикасының ережелері қарапайым халық үшін түсініксіз болды, ал өмірін бала тәрбиесіне, қазақ тілінің грамматикасы мен әдебиетінің жарқын жұлдыздарының еңбектеріне арнаған әкесі Дулат үшін жаңа өмірге бейімделу, тіпті мүмкін емес шаруаға айналды. Жалғыз үміт анасының жұмысында болды. Бас есепші екі айда бір жалақыны ұн, қантпен алды. 

Наубайхана жабылып, дүкен сөрелерінен нан жоғалған соң, «Осыған да шүкір» деген Рабия күніне бес күлше жауып жүрді. Апалары жарты жыл бұрын науқастан қайтқалы, балаларының шай-тамақтарын өз мойнына алған ол «Әйтеуір, тоба, аш емеспіз, нанымыз бар» деп жұмыс алдында ыстық күлше, құмшекермен дастархан жайып кетеді. Анасының бұл ойын қара шайын көңілсіз ішкен Нұрия қолдаған жоқ. Жағдайдың қиын екенін, алда не күтіп тұрғаны белгісіз екенін бір-ақ кесе қара шай білдіріп тұрды. Қасығымен ыстық сусынын сапырып отырып, қанша қант қосса да бай қою күрең түске жете алмайтынын аңғартқан сезім бүкіл өмірін екіге бөлгендей. Бұрын марқұм апасымен күнделікті таңдарын сүтті шаймен бастайтын ол енді тек мейманмен қосылып, не керісінше, қонақшылықта іше алатын сирек сәттерінен кейін «кедейшілік деген не, дәулетті өмір деген не» екенін бала жүрегімен қарапайым түрде, өз шамасына қарай сезді. Сүтпен шайдың дәмінен бақытты, алаңсыз балалық шағы аңқып тұрды. Ал үйдегі қазіргі келеңсіздіктерді Нұрия сүттің жоғымен байланыстырып, отбасының әл-ауқатының өлшемі кішкентай қыз үшін сүтке айналды. Әкесі қосымша сабақ берген, не анасының жүннен тоқыған шұлықтарын әріптестеріне сатқан күндері ақша пайда болып, әкесі үйге сөмкелер арқалап келетін. Терезеден әкесінің аулаға жақындағанын көре сала, есік ашып үлкен үмітпен қарсы алады. Біртіндеп ішінен азық-түлік шығара бастаған әкесінің жанында орындықтан үстелге телміріп тұрған қызының екі көзі сөмкеде: бір келі қызанақ пен қияр, екі келіден алма, сәбіз, картоп пен пияз, бір дана қырыққабат, макарон, күріш, сиырдың тартылған еті… екі литр сүт. Базарлатып шаршап келген әкесі де, жеміске таласқан бауырлары да Нұрияның көңіл-күйі сол екі литр сүтке бола көтерілгенін елемейтін де. Сүт таусылғанша Нұрия үшін үй іші шуаққа, береке мен жылылыққа толы сезіледі. Аспан бұлт болса да, терезеден нұр шашып тұрғандай. Жақсы күндері сүтпен шай ішетін.

Жылдар өте берді, Нұрия есейді, мектеп, институт бітірді. Сөзі аз, сырын әркімге аша бермейтін тұйық қыз болып өсті. Қиялында не барын әке-шешесі де, бауырлары да, онсыз да көп емес құрбылары да білмейтін. Тек жасөспірім кезінен жүргізе бастаған жан досы күнделігіне ғана мәлім. Он жылға толған «жан досының» сарғайған парақтарында көз жасы тамып, сиясы аққан беттері де бар. Ол әкесі мұғалімдігін қойып, саудагерлікпен айналысып, онысынан береке таппай, қарызға батып, күйзеліске түсіп, отбасынан айырылуға сәл-ақ қалған шақтарымен де байланысты. Әкесі анасының көмегімен өз-өзін уақытылы қолға алып, мектепке қайта оралды. Күйеуінің қиналғанын көріп, жанұясын аман сақтап қалуды өзінің парызы санаған анасы ер адамның ісін атқарған сәттері болды. Соның арқасында болар, уақыт өте байып кетпесе де, төрт баласын оқытып-тоқытып, мерейлі отбасына айналды. Ал оның артында қаншама күш, қаншама қайрат пен құрбандылық жатқаны бөтен көзге беймәлім. Тіпті ұлдарының өзі аса аңғара қоймағандай. Тек аса сезімтал қыздары барлық жағдайды жүрегімен қабылдады. 

Дипломын ала сала, танысқандарына екі ай болған жігітке күйеуге шыққанында таң қалмаған адам жоқ шығар. Әке-шешесіне салмақ түсіріп көрмеген қыз ұзату, құдалық секілді салт-дәстүрлердің бірін қаламай, күйеу жігіттен тек беташармен шектелуді сұрады. Күйеу жігіт демекші, келбетінде айрықша көз тоқтатар ештеңеcі жоқ, ақылы да елден артық емес, әйтеуір, ілініп жүріп оқуын бітірген, мінезі қатал, дәулетті отбасынан шыққан жігіт. Беташар күнінің өзінде Нұрияның көзінде не қуаныш, не бақыт байқалған жоқ, жалпы тірі адамға ұқсаған жоқ. Ісі де, қимылы да жансыз қуыршақ секілді. 

Келесі күні басына ақ орамалын таққан жаңа түскен келін зәулім үйдің ас үйінде молынан жайылған дастарханда сүтті шайын ата-енесіне, күйеуіне және өзіне құйды. Барлығы астарын ішіп, үлкендер келініне бақыт тілеп, жастарға тату-тәтті өмір сұрап, батасын беріп, тірліктеріне кірісті. 

Нұрия қымбат қытай қышынан жасалған оюлы кесесіне ұзақ қарады. Осы уақытқа дейін баулыған, байлықтың, тыныштық пен ертеңгі күнге сенімдіктің белгісі болған қанық қою күрең түс – бұл жолы мүлде сүйкімсіз көрініп, ішуге тәбетін де аша қоймаған соң, шайды ыдыс-аяқ жуатын шұңғылға төгіп, қарапайым, суреті жоқ, өңсіз пиалаға қара шайды толтыра құйып, жалғыз отырып, асықпай іше бастады…

Поделиться в соцсетях
Жамиля Бекбосынова
Жамиля Бекбосынова

комментариев 5

  1. Балалық пен тұрмысқа шыққанға дейінгі өмірді еске түсірген керемет оқиға оқыдым. Іштей бітпесе екен деп отырдым. Әжемнің тісін ауыстырып жуатыны сүтті шай ішітініміз мектеп универ оқып тұрмысқа шыққаным өз үйіңде ішкен дәміді ас су өзге жерге барғанда басқаша болады екен. Бірі шай ішіп тұрып кеткенде өзім отырып дәмсіз шаймен қалайша тұрмыс құрған әйелге айналдым қай уақытта бұлай болды деген күнімде есіме түсті… Алла разы болсын сізге. Қаламыңыз құрғамасын. Қызықты жаныңды баурайтын оқиғалар көптеп жаза беріңіз. Бір деммен оқып шықтым. Әрбір жазған оқиғадан өз өмірімнің бір бөлігі есіме түсіп тұрады. Өткен шаққа бір барып келемін. Сол өткен шаққа билет секілді. Әлемге танымал жазушы болыңыз….

  2. Жамиляның әр шығармасынан жаныма таныс сурет пен сезімдер елестейді. Бір жағынан мұңға толы болып көрінген шығармада мен үшін үміт оты да бар. Әдемі туынды! Рахмет!

    • Қандай керемет туынды. Терең ойға шомылып, балалық шақтағы ата-апамның үйі, шәйі мен дәмді тамағы еске түсіп кетті. Рахмет, Жамиля! Алған әсерімді айтыпта, жазыпта жеткізе алмаймын ау. Жалғаса берсін деп тілеймін.

  3. Өте әсерлі жазылған. Балалық шақ, отбасы, сүтті шай деген сияқты қарапайым нәрселердің артында терең мағына жатқанын жақсы жеткізген. Жанға жылы, жүректі елжіретеді. 👏💔

  4. Өмірдің шын мәні де қарапайым қуанышты сәттердің көп болуына байланысты. Ішімнен Нұрияға жаным қатты ашып кетті, сонында өз бақытына жетеді деп үміттенемін, басынан өткен оқиға да көп, балалық шақтан естелік те көп. 90-шы жылдардың баласы ретінде отбасымның басынан өткен қиындықтары есімде шала, анамның сөздерінен ғана білемін, әйтеуір мектеп кезінде азық-түлікті дүкенге барып қарызға алатынбыз, оның ішінде шадринский сүт, өзім де сүтті шайды қатты жақсы көрем. Жамиля ханымның туындылары осындай әсер етеді, өз балалы шағын еске түседі, бір жүрегіне жылы да жақын сезім жанынды жаулап алады. Сізге үлкен рақмет, келесі әңгімеңіздің жарыққа шығуын асыға күтемін 🙏🥰

Ответить

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *