Жамиля Бекбосынова. ЖАҢА ӨМІР

Қыстың ақырғы күндері. Бесінші айда қайтатын жеріктік Айжанда тоғызыншы айда да жалғасып жатыр. Анасы да денсаулығы, жай-күйі туралы кездескенінде сұрап, жүдеген түрін көріп, біраз жақсарғанша қасына әке-шешесінің үйіне келуді де ұсынды. Оған ата-енесінің қарсы болатынын алдын-ала сезген қызы бас тартты. Кішкентайынан әкесіне еркелеп өскен Айжан, әрине, мұндай жағдайда ата-анасының үйіне барғысы да келді, бірақ бұл ісімен отбасы мүшелерінің көңлін қалдыруға, онсыз да екінші жыл тілін таба алмай жүрген енесін одан бетер ашуландырмайын деп ойлады. Оған қоса, ай-күні жақындап қалған ол кез-келген сәтте перзентханаға аттану қажет болған жағдайда жұбайымен, тұңғышының әкесімен қол ұстасып бірге барғысы келеді… 

Биылғы қыс ерекше қарлы, боранды. Жаңа жылда жердің әдетте қарайып жатқанына үйреніп қалған оңтүстік халқы әсіресе оның кішкентай тұрғындары ескі жылмен ертегідегідей аппақ қарға оранған орталық алаңда қоштасып, шырша шамдарының астында тұрып соңғы секундтарды санады. 

Ақпанда көктем шығып кететін еді, қыс қаһарынан түсер емес. Енесі келінінің жағдайын сұрағандарға «Келініміз босанарда аяз да қайтпай, не Боранкүл, не Боранбай әкелгелі жүр-ау» деп мысқылдап қояды. Екі жылда енесінің мінезіне үйренген Айжан мұндай сөздерді елемейтін болды. Мән берсе жұмыстан бір жарым ай бұрын декреттік демалысқа шыққан ол ендігіде жүйкесі әбден тозар ме еді, кім білсін?! Сондықтан ойын да, көңілін де басқаға, «бақытты болу жолын» іздеуге арнады. Тұрмыс құрған екі жылға жуық уақытта бұл сұрақтың көкейінде жүргенінің өзі алаңдатады. Сүйгенімен қосылды, балалы болғалы отыр, жақсы көретін жұмысы, қызметі бар. Бірақ сонда да түрлі коучтардың «Бақытты әйел», «Супер әйел», «Супер келін» сынды түрлі тренингтерін, «тікелей эфирлерінен» бастап, қарапайым ақыл-кеңестеріне, таңғажайып нәтиже беретін техникаларына дейін тыңдап, үйреніп, жасап та шықты. 

Қаңтарда есік алдына жаңа жауған қарды аяқ бастырмай жатып, шелекке салып, үйді соның еріген суымен тазалаған кездері де болды. Бұл сол коучсымақтардың айтуынша, «үйдегі бүкіл жаман энергетиканы алып кететін» көрінеді. Бірақ әзірге тек Айжанның «энергиясын» ұрлауда. Себебі, тіпті, күйеуі Мұраттың өзі кезекті рет стақанға су құйып, оған арман-тілектерін сыбырлап отырған келіншегін көріп, «бірнеше дипломы бар сені мұндай бос әңгімелерге ереді деп ойламаппын» дегенінен тұнжырап қалғаны бар. Иә, жұмыс істеп үйреніп қалған адам декретте өз-өзін жоғалтқан, өмірі тоқтап қалған сезімде жүріп, жағдайын «түзеуге», қалай да өзгертуге тырысады екен.

Одан басқа Айжан декретін пайдаланып, әйелдік, келіндік міндеттеріне білек сыбана кірісті. Соңғы аптаның өзінде үйдің барлық перделерін, терезелерін жуып шықты, қыстық киімдерді тазалап, жинастырып қойды. Кілемдерді жууға өткізіп, едендерді енесінің «еңкейіп еден көп жусаң, жеңіл босанасың» деген сөздеріне сенген отыз бірінде тұңғышын дүниеге әкелуге дайындалған келіншек күн сайын жуып жүр. Жастайынан тірлікке пысық енесінің «мен перзентханаға кетерде барлық бөлмелерді ақтайтынмын» деген сөздерін де кеше орындамақ болды, бірақ жоғарыға қолы мен басын көтергенде, көзі қарауытып, сол биіктен құлайын деп қалғанда, Мұрат ұстап қалды. Келіншегін жұмсақ орындыққа отырғызып, өзі әктей бастағаны сол-ақ еді, енесі байқап қалып, «әктеу – еркектің тірлігі емес» деген уәж келтіре бастады. Онысына әзілмен жауап беріп, Мұрат бүкіл үйді әктеп шықты. 

Бір сөзбен айтқанда, жұмыстан қолы тимеген үйдің барлық тірлігін орындауға тырысып жүр. Бүгінгі жоспарда қойманы ретке келтіріп, тазалау. Күзден қалған көкөністерден босаған қаптарды, жиналып қалған қораптарды шығарып, сөрелерді жуып та үлгерді. 

Одан бөлек перзентханаға кетпей тұрып, бітіретін, шешетін ісіне қай жағынан кірісерін білмей, асүйде ыдыстарды ысқылап жарты сағат тұрды. Бұған дейін де талай оқталғанымен, әр кезде жігері жібермей, түрлі сылтаулар тауып, кейінге қалдыра берді. Әулетке жаңа адам келгелі тұрғанда, ары қарай шегінерге жер жоқ екенін түсініп, бар еркін жиып, үш рет терең тыныстап, қонақ бөлмеге беттеді. Иә, Айжанды мазалаған, тыныштық бермеген мәселе енесі екеуінің қарым-қатынасы еді. Көз жұмып, өз-өзін алдап, жабулы қазан күйінде қалдырған сайын, отбасы зардап шегіп жүр. 

«Әйелдің сырын әйел біледі» деуші еді, бекер екен. Келін болып түскеннен бері Айжанға енесіне қарағанда, атасы «мейірімдірек» көрінді. Жұмысбасты келінін қаншада келсе де, жылы сөздермен қарсы алады. Сондықтан мемлекеттік қызметтен кеш қайтқан күндері үйдің кіреберісінде жолдасының әкесін – қайынатасын көруді құдайдан өтініп табалдырықтан аттайтын. Қаталдықтың орнына, екі сөзінің бірі – «айналайын, қарағым». Келінінің күн сайын болмаса да, күнара дайындаған кешкі астарына да өзгеден бұрын мақтау айтатын да – осы кісі. Мұраттың кішіпейілділігі, сыпайылығы мен ізеттілігі де – әкесінен шығар деп болжады. Оның үстіне, басқа «пысық» келіндермен салыстыруды жаны ұнататын енесінің алдында Айжан жұмысбастылығының «кесірінен» өзін кінәсіз кінәлі сезінетін. 

Отбасындағы мұндай шиеленісті көңіл-күйді Мұраттың әкесі жұмсартып отырады. Алпыстан асса да, көңілі мен келбеті әлі жас, бидай өңді, ұзын бойлы, реңді кісі келініне өзінің табиғатына тән сыпайылық пен кішіпейілділік танытады. Онысына алғыс ретінде келіні де жұмыстан уақытылы шыққан күндері үйге қайтар жолда қаланың екінші басындағы наубайханада ғана пісіретін атасының сүйікті күлшесін алып келеді. Бәлкім, екі жыл бойы енесі мен келінінің арасы ушықпай, бітімгерлікте, енесінің тарапынан келініне ашық шабуыл жасауынан сақтап келген де, сол атасының келініне көрсеткен жылы қабағы шығар.

Ал, қазір сол созылып келе жатқан салқын қабақ соғысты аяқтаудың сәті түскендей, үйде енесі екеуі ғана. Жұмыс күні болғандықтан, Мұрат та, атасы да сыртта.

Айтатын сөздерін ойында құрастырып, қадамын баяу басты. Екі бөлменің арасы мұндай алыс болмаған шығар, кезекті рет аяғын көтергені сол-ақ еді кенеттен ішінің асты мен белі бір мезгілде ашытып ауырып кетті. Жібергендей болды, қайта қозғалысын жалғастырған еді, бағанағыдан екі есе қатты күшпен ауырлық сезіп, жолда тұрған вазаға қолы тиіп, ол жерге құлап, шытынап сынды. Бұл дыбысты ести сала, теледидар көріп отырып, қалғып кеткен енесі шошып оянып, қонақ бөлмесінен жүгіріп шықты. Аяқ-қолы балғадай, ұзын бойлы, денесі ірі алпыстардағы енесі келінінің ішін ұстап екі бүктеліп тұрғанын көріп, жылдам қолтықтап орындыққа отырғызды.

Тәжірибелі ана келінінің толғағы басталғанын дереу ұқты. Уақыт жоғалтпай жедел жәрдем шақырды. 

— Шыдай тұр, Айжан, жедел жәрдем келе жатыр, — деген сөздермен өмірінде бірінші рет толғақ қысқаннан зәресі ұшқан келінін тыныштандырмақ болды. 

Келінінің Мұратқа телефон соғуын өтінгенімен, енесі жұмыстағы ұлын, «бостан-босқа» мазалағысы келмей:

— Ештеңе етпейді, жұмыс аяқталуына екі-үш сағат қана қалды, келе салысымен перзентханаға барар, – деп, келінінің заттарын іздей бастады, – Kерек-жарақтарың қайда, дайындап пе ең?

— Бәрі бөлмеде сөмкенің ішінде тұр, өзім аламын, киімімді де ауыстырып алайын, – деп, Айжан орнынан жайлап тұрып, перзентханаға дайындала бастады. 

Он бес минут шамасында жедел келген медициналық жәрдем көлігінің дабылы бүкіл көшені басына көтергендей. Бұған дейін өмірінде үйге дәрігер шақырып көрмеген Айжан сасқалақтап, кіреберістегі аяқкиімдерді толғағына қарамастан, енесінің «қой» дегенін тыңдамай, жинастыра жөнелді. Әйелге ғана тән мұндай әрекеттер еріксіз күлкіні келтіреді. Асығып есіктен кірген фельдшерлер алдарындағы көріністен кідіріп қалды. Әрине, ай-күні таяған әйелді төсекте, ең болмаса, орындықта жантайып отырған, бір сөзбен, түрлі күйде көруге үйренген медицина қызметкерлері «мұндайды көреміз» деп ойламаған шығар. Төрт аяқтап, бір қолымен ішін ұстап, екіншісімен аяқкиімдерді түзеп жүрген келіншектің жедел жәрдемге зәру екенін тек төзуге қиын аурудан тістенген жүзінен тану мүмкін болды.  

Хал-жағдайын бағалап, Айжанды жедел жәрдем көлігімен перзентханаға әкететін болып шешті. Алғашында «жалғыз барасың, мен үйде қаламын» деген енесі, соңғы сәтте өміріндегі алғашқы үлкен шайқасына жасы отыздан асса да, жалтақтап аттанғалы тұрған кішкентай сарбазына жаны ашып:

— Тоқтаңдар, мені де ала кетіңдер, – деп, аяқкиімін киіп, үйді құлыптады.

Бұл іске шын жүректен риза болған Айжан:

— Рахмет, мама, – деп, жанындағы орынға жайғасқан енесін бар күшімен құшақтап алды. 

Алдыңғы екі келінін перзентханаға сүйемелдеп көрмеген енесі отбасына келгелі тұрған жаңа адамды өзі күтіп алуды шешуіне не әсер етті? Бұған дейін Айжанға жұмсақтық танытпаған, керісінше, көбіне қатал тәрбие көрсеткен енесі, келіні үшін аса маңызды сәтінде қасында демеу болуы қызық. Қалай болғанда да, ішінде өзгеріс туғаны анық.

Қаланың тозығы жеткен ойқыш-ұйқыш жолынан көлік дөңгелектері секірген сайын Айжанның іші қайта-қайта тырысып, дәл осы  кабинада босанып қоятындай сезінді. Дыбысын шығармай, тек енесінің қолын қатты қысты. Енесі білетін сүрелері мен дұғаларын оқып келеді. Содан ба, әйтеуір, толғақ біраз бәсеңдеп, жеңілдеп қалғандай.

Жиырма минуттан кейін енесі екеуі перзентхананың қабылдау бөлімінде деректерді толтырып отырды. Қанын талдауға алып, алғаш босанушы үшін жасы үлкен екенін ескерткен акушер мүмкін қатерлер туралы ескертті. 

— Қорқыта бермеңіз, бәрі жақсы болады, – деп, енесі дәрігердің сөздерінен Айжанның үрейленген көздерін көріп, қобалжуын басқысы келді.

Бұл сөздерден кейін дәрігер қырық жылға жуық уақыт мұғалімдік еткен кісінің қатал даусының күшіне сөзсіз бағынып, өзін «екілік» алған оқушы сияқты сезініп қалды. 

Ал, Айжанның керісінше, өзіне сенімі артып, тұла бойына енесі сыйлаған белгісіз күш-қуат тарағанын сезді. Енесі келінінің арқасынан сипап отыр. 

Енесі босану залына – шайқас алаңына дәрігермен кеткелі тұрған келініне күрес алдындағы бапкер секілді соңғы кеңестерін беріп шығарып салды:

— Айжан, айналайын, қорықсаң, күшің кетіп қалады. Дәрігер сөзін тыңда, ең бастысы, дұрыстап демал. Аман-есен босан, қарағым, мен осында боламын, сәлден соң Мұрат та келеді, уайымдама. Бірдеңе керек болса, мейірбикеден айтып жібер маған. Ата-анаңа өзім хабарласамын.

Екі жылдан бері енесінен алғаш рет естіген жылы сөздерден көздері жасқа толғанын көрген дәрігер оны болашақ ананың босанудан қорқуы деп түсінді. 

Осылайша, анасы шешуге үлгермеген мәселені дүниеге әлі келмеген баласы шешкелі тұр…

***

Сол күні сағат түнгі 22.15-те жаңа туылған ұл баланы дәрігерлер  анасының кеудесіне жатқызды. Салмағы 3,4 кг, бойы 58 см. Дәрігерлер «әдемі, спортсмен жігіт» деп нәрестенің болашағын болжады. Анасы сәбиінің тәтті, пейіш аңқыған иісіне тоймай, қолдарымен қап-қара шаштарын сипап, қазір ғана қиналмағандай, қуаныштан күліп те, жылап та алды.

Жаңа адам – жаңа өмір. Ең тылсым, ғажап, сиқырлы сәттердің бірі. Уақыттың өзі тоқтап қалған секілді. Жер шарының өзі айналмай, қимылсыз ғарышта қалқып тұрғандай… 

Ал, алты сағат бұрын Айжанды палатаға енді әкелгенде бәрі басқаша еді. Босану бөлімінің босағасын аттағаннан бастап, бірдеңе сезгендей жүрегінің дүрсілі жеделдеп, ал көздері тірек іздеп, жан-жағына жалтақтап қарап тұрды. 

Бірнеше сағатқа созылған, барған сайын үдеген толғақтан әбден шаршаған Айжанның халі одан ары төмендей бастады. Жағдайды кенеттен қанның кетуі қиындатты. Палатада адам саны көбейді – бағанадан бері босандырып жүрген акушерден бөлек бөлімше меңгерушісі, педиатр, анестезиолог, санитар бар. Біраздан кейін күш-қайраты әбден азайған Айжан дәрігерлер бұйрығына жауап беруден қалды. Тек әрең естілердей «Мұрат… Мұрат» деген даусы естілді. Есінен тала бастағандай. Сол сәтте есіктен кенеттен үстіне ақ халат жамылған енесі кіріп келді. Сыртта келінінің палатасы жаққа дәрігерлердің жүгіріп кіріп-шығып жатқанын көріп, шыдай алмай өзі қасына ұмтылған екен.

Көздерінен жанашырлық пен сенімділік көрінді, ал даусынан жылы қолдау естілді. Келін-қызының қасына келіп, оның дірілдеген қолын ұстап, жұмсақ әрі мықтап айтты:

— Айжан, айналайын, кішкене қалды… өзіңді қолға ал! Балаң үшін бір тырыссаң, бәрі аяқталады… босаңсыма, сенің қолыңнан келеді! Ал, қане, күшіңді жина!

Бір сәтке бұл дүниемен байланысы үзілген Айжанның енесінің сөздерінен кейін ғайыптан күші пайда болып, қайта оралды. Дәрігерлердің қолынан келмеген істі Мұраттың, ал, бүгіннен бастап, Айжанның да анасы атқарды. Оның нұсқаулары мен жұбаныш сөздері жас әйелге ауру мен қорқынышты жеңуге көмектесті. Енесі ең қиын жағдайда сене алатын тірекке айналды. 

Дүниеге келген нәрестені дәрігерлердің қолынан енесі қабылдап, Айжанға өз қолымен табыстады. Оның көмегі мен қолдауы осы ұмытылмас күні баға жетпес сый болды.

Кеше ғана көңіліне жолды қанша іздесе де таппаған келіні қазір енесінің мейірімге толы ыстық алақанын қысып тұратынын кім білген?! Екеуін табыстырған, ішінде екеуінің де қаны бар осы бір  шақалақ… 

Енді, анасының бастан кешкен қиындықтарынан бейхабар нәресте кеудесінде жатып, тыпырлап жылай бастады. Енесі мен акушер дәрігер жаңа ғана ана атанған Айжанға емізуді үйретті. Сәл ғана еміп, шаршап ұйықтап қалған шақалақты анасының кеудесінен айыруға ешкім асыққан жоқ.

— Жатып, исіңізге үйренсін, босану ол үшін де  стресс. Жүрегін тыныштандырсын, бүгін екеуіңіз де үлкен батыр болдыңыздар, – деп, дәрігер Айжанның тамырына жіберіліп жатқан қанды тексерді.

Онысына Айжан:

— Батыр анамызға тартқанбыз ғой, – деп жанындағы орындықта отырған енесіне күлімсіреп қарады.

— А-а, мамаңыз ба? Мен алғашында енеңіз бе деп қалып ем, – деп, дәрігер таңырқай қарады.

— Иә, мамам, – деп, Айжан дәрігерді түзеп, шындығын айтқалы отырған енесінің сөзін бөлді.

 — Онда қызыңыз сізді қатты жақсы көреді екен. Кішкентай аумаған өзіңіз ғой, – деп, дәрігер жаңа туылған сәбидің бас киімін түзулеп қойды. 

Жауап ретінде енесі жылы жүзбен қарап, келін-қызының қолын қаттырақ қысты. Осылай апасына ұқсаған кішкентай сәбидің отбасындағы әйелдер қауымымен таныстығы өтті.

Баланың ұйқысын қорғаштап тұрған екі ананың үнсіздігін телефон қоңырауы бұзды. Анасына қоңыраулары мен жазбаларын енді көріп, хабарласып тұрған Мұрат екен.

— Балам, қайда жүрсің? Айжан босанды. Неге телефон көтермейсің… иә, бәрі жақсы, қалалық перзентханадамыз… а-а, құлыным менің, жақсы жаңалық қой… Айжан, Мұраттың қызметін өсіріпті… иә, иә, кел, қазір бір сағатта палатаға ауыстырады. Тезірек кел, ұлыңмен таныс… Сосын үйге барып, әкеңнің тамақ-шайын беріп, ертеңгі сорпаның қамына кірісе берейін.  Келіншегің қатты қиналды, енді әл жинау керек… аха, жақсы, тезірек кел, деп, телефонды сөндіріп, келінімен жағымды жаңалықты бөлісуге асықты: – Балапанымыз берекелі ұл болайын деп тұр, Аллаһ қаласа! Дүниеге келгені сол-ақ еді, әкесі бөлім бастығы болып жатыр, айналайын ботам, мұрнынан әкесінен аумай қалған.

 Осылай жаңа босанған келінінің жанындағы кезекшілікті Мұраттың анасы ұлына өткізіп, Айжанды маңдайынан сүйіп, немересін иіскеп, сыртқа ақырын шығып кетті…

***

Поделиться в соцсетях
Жамиля Бекбосынова
Жамиля Бекбосынова

комментария 2

  1. Қандай күшті әңгіме. Босанғаным есіме түсіп жылағым келіп тұр. Қолдауын аямайтын енелер, аналар көп болсын!!!

Ответить

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *