Сезім автобустан сыртқа қарап, қызыл, сары кілемге оранған күзгі Алматыны тамашалап, ұзақ ойға шомып кетіпті. Біреу орындығының арқасын үздіксіз тебе бастағанда селт етті. Мойнын бұрып қарап еді, бес-алты жасар бала мен анасы отыр екен. Тілі күрмеліп, бала бір нәрсені қайталап айта береді. Біресе автобус терезесін кішкентай жұдырығымен тоқпақтайды, біресе алдыңғы орындықты аяғымен тебеді. Анасы ыңғайсызданып, абыржыған дауыспен:
— Түшш, болды. Сәл шыдай тұр, жетіп қалдық, – деп баласын тынышталдырады. Бала тынышталған болады да, аздан соң қайтадан терезені ұрғылап, алдыңғы орындықты тебе береді.
Сезім өз аялдамасына жетпесе де, автобус тоқтай бергенде орнынан түрегеліп, көптің соңынан түсті. Алтынсарин көшесі бойындағы аллеяға өтіп, үйге жаяу қайтпақ болды.
Түнгі суықтың ызғары, күн шыға салысымен басылатын мизам шуағының жылы күндері. Жолдың екі қапталындағы ақ қайың, үйеңкі, қарағаш жапырақтары сарғыш, қызыл түстерге боялған. Баяу ескен желге бұтақтары тербеліп, жапырақтары сыбдыр-сыбдыр етеді. Бұтағынан үзіліп жерге түскендері кілемнің нақышына ұқсап жол жиегіне жиналып жатыр. Күндізгі аспанда ала бұлттар шұбатылып баяу қозғалып барады. Аллея бойында арбаларында бөбектерін тербете ұйықтатып жас аналар мен әкелер ерсілі-қарсылы жүр. Күншуақта шахмат ойнап отырған қариялар мен ойнап жүрген немерелеріне масаттана қарап, әңгіме-дүкен құрып отырған әжелер жүрекке жылулық сыйлайтындай.
Сезім айналадағы жылылыққа көзі күлімдеп келе жатса да, бар ойы автобустағы ерекше бала мен анасында еді. Олардың бұл қиын кезеңді бірге еңсеріп, жеңіске жетулерін тіледі. Ойы сан-саққа жүгіріп, өткен жылдардан көріністер кезектесе тізбектелген күйде көз алдынан өте берді.
***
Шымкент қаласы. Тұңғышы Айзереден кейін, араға он жыл салып дүниеге келген ұлы Сағынның тұсаукесер тойы болып жатыр. Атасы немересіне батасын бермекші, әжесі болса, ала жіппен Сағынның аяғын байлап, дайын отыр. Сағын жиналған көпшілікке зер сала қарап, «ата, ата» деп былдырлап қояды. Әжесі «адал болсын» деп ырымдап, ала жіпті кесе берді. Ылдым-жылдым, қағілез бір келін «жігіттеріңіз жүйрік болсын» деп, Сағынды бір қолынан ұстап, тез-тез жүргізді де, көтеріп ала қашты. Бала жатырқап, жылап қалар деген уайымы аралас Сезім не болғанын түсінбей аңтарыла қарап тұр. Отырғандар «қолына ақша ұстату керек» деп, у-шу күліп жатыр. Сезімнің күйеуі Азамат пысық келіннің қолына бес мыңдықты ұстатты да, Сағынды алып, иығына отырғызды. Сағын жыламақ түгілі, жатырқамастан қонақтарға жымия қарайды.
***
Қайнысының үйлену тойы. Музыка ойнай бастағанда бір жарым жастан асып қалған Сағын әкесін ортаға сүйреп, билей бастады. Той аяқталғанша ол көңіліне ұнаған әуенді ести сала, сахнаға шығып билеп жүрді. Томпаңдап жүргеніне сүйсіне қарап отырған әжесі Сезімге:
— Сүп-сүйкімді болып, ортаға шығып билей берді ғой өзі. Қанша адамның назары бар, сұғы бар дегендей… Тойдан қайтқан бойда адыраспанмен аластап жібер, болмаса тұзбен ащылауды ұмытпа, артық етпейді… – деді.
***
Сағын екі жасқа таяп қалды. Әкесі іссапармен Қытайға барғанда алып келген толокарға мініп алған. Екі аяғын кезектетіп жерді нықтап басып, итеріп алады да, «ииии» деп қол-аяғын жібере салады. Толокар өз екпінімен біраз жерге барғанға қуанып, өңі бал-бұл жанады. Біресе баяу, біресе жорта басып айдап жүр.Сезім Азаматпен бірге сүйсіне бақылап тұрып:
— Жаңа сөз қосудың орнына, бұрыңғы сөздерін де қазір айтпай жүр. Қалаған нәрсесін саусағымен ымдап көрсететінді шығарды, – дейді Сезім ұлының жағдайына алаңдап. Азамат баласының толокарды әбден қызықтап, зырылдап айдап жүргеніне риза болып:
— Сөйлеп жүр еді ғой, жай еркелігі болар. Қарашы, Шумахер сияқты. Машинаны осылай тез үйреніп айдаса, сөйлеуді де қатырады менің арыстаным, – дейді. Сезім де көңілі көтеріліп:
— Таң атқаннан, күн батқанға дейін айналдырғаны осы толокар болды әйтеуір, – дейді езу тартып.
***
Бірнеше күн өткенде ауылдан қайнағасы мен абысыны келді. Қайнағасы үйге кірген бойда гүжілдеген жуан дауысымен:
— Сағын батыр осы үйде тұра ма? – деп еді, Сағын шыңғыра жылап, ас бөлмедегі үстел астына кіріп, тығылып қалды. Сол күйі олар кеткенше қонақ бөлмеге кірмей қойды. Қайнағасы шай үстінде:
— Батыр болар жігітті қалада жабайы етіп өсіріп жатсыңдар. Бізге ауылға жіберіңдер. Қой бағады, тауықтарға жем береді. Танымай қаласыңдар, соқталдай жігіт қылып шығарамын, – дейді. Абысыны да ерін қоштап қойып:
— Біздің Мырза бала ақкөңіл, ашық мінезді ғой. Сағын жігітті қанша шақырсақ та бір келіп, амандаспады-ау өзі. Кімге ұқсап, қиын мінезді болды екен? Нағашыларына тартқан ба? – дейді шымшып, әзіл-шыны аралас. Жүрек соғысы жиілеп кеткен Сезім көзінің жасаурағанын көрсеткісі келмей, шәйнегін көтеріп, ас бөлмеге шығып кетті.
***
Жаздың жайма-шуақ күні. Сезім ауладағы раушан гүлдеріне су құйып жүр. Екі жарымға таяған Сағын сәкіде ойыншық көліктерді ары-бері жүргізіп ойнап жатыр. Сезім бақшадан бір кірпіні көріп қалып:
— Сағош, қарашы, кел мұнда, – деп шақырып еді, ол елең етпеді.
— Ұйықтап қалдың ба? – деп жақындап келсе, Сағын бір сызыққа тізіп, орналастырған ойыншық көліктеріне кірпік қақпай, қадала қарап жатыр екен. Сезім алғашында қорқып қалса да, тез есін жиып, жанына тізе бүгіп отырды да:
— Сағош, жүр, кірпі көресің бе? – деп, дауысын жұмсарта сөйледі. Сағын ұзын кірпігін бір қақты да, ары қарай естімегендей жата берді.
— Келе қой, мына жердегі көрпеге отыр, – деп ұлын жатқан жерінен көтеріп алды. Маңдайынан иіскемекші болып еді, ол басын бұрып әкетті.
— Сағош, не болды, ренжідің бе, маған қарашы, – деп құшағына қысып, көзіне тіктеп қарағанымен, Сағын назарын алып қашып, жерге түскісі келетінін білдірді.
— Ойыныңа бөгет болдым ба? Онда көрпеге отыршы, – деп қабаттап салған көрпеге отырғызды да, біршама уақыт сырттай бақылады. Сағынның бар назары көліктерінде, жанында мүлдем адам жоқтай, қимылдамай отыр.
Біртіндеп тамшылай бастаған жаңбырдан ба, әлде алдынан есе соққан салқын желден бе, Сезім денесінің мұздай бастағанын сезді. Жаңағы ақшыл-сұр бұлттарды түнерген қою қара бұлт айдап бара жатыр екен. Иығына ілген жемпірін киіп алды.
Дәл сол Шымкенттің шіліңгір шілдесінің түнінде қапырықтан ба, әлде жанын жегідей жеп жүрген уайымнан ба, Сезім дөңбекшіп ұйықтай алмай жатты. Орнынан тұрып, бір кесе су ішіп, ас үйде қараңғыда біраз отырды. Бөлмесіне келіп, ноутбукты қосып, интернетті ақтара бастады. «Бала атын атап шақырса неге келмейді, себептері…» деп алдына шыққан мақалаларды кезегімен ашып оқи берді. Арасында көзі мөлтілдеп жасқа толғанда, сұқ саусағымен сүртеді де, қамыға күрсінеді. Ағарып таң ата бастағанда, білікті невропотолог деген дәрігердің телефонын жазып алып, сосын ғана ұйқыға жатты.
***
Сонан бері шипа іздеп, мықты деген дәрігерлердің табалдырығын тоздырды. Тіпті бір жолы елдегі ең білікті дәрігердің қабылдауына жазылып, Алматыға Айзере мен Сағынды ертіп келді.
Сағын әдеттегідей емхананың дәлізіндегі орындыққа құрылыс көліктерінің түр-түрін тізіп, ойнап отырған. Кезектері келгенде медбике оларды дәрігер бөлмесіне шақырды.
— Сағош, ойыншықтарды жинайық, – деп, көліктерді екеулеп жинап, дорбаға салды.
Қолынан жетектеп, дәрігер бөлмесіне жүре бергені сол еді, күтпеген жерден Сағын ащы дауыспен шыңғырып жіберді. Сезім оны көтеріп алып:
— Сағоштай, мен жаныңда боламын, қорықпа, жаным, – деп жұбата бастады.
— Жүр, тез кіреміз де шығамыз, – деп дәрігер бөлмесіне қарай адымдады. Сол сәтте Сағын қол-аяғын ербеңдетіп, айқайлағанда дауысы жер жарды. Сезім оны орындыққа отырғызбақ болып, тізесін бүге бергенде, Сағын сытылып шығып, еденді екі аяғымен тепкілеп жылай берді. Қас пен көздің арасында дәліз азан-қазан болып кетті. Бөлмелерінен дәлізге шығып қараған медбикелер бұларды сөгіп тұрғандай көрінді. Өз кезегін күтіп отырған егде жастағы әйел адам:
— Әй, ана май құйрықтан бір-екі рет тартып жіберсеңші. Қазір игере алмасаң, кейін бетімен кетеді ғой, мына түрімен! – деп мұрнын тыржия қарады. Тоқтаусыз шыңғыра жылаған Сағынның дауысына дәрігер де дәлізге шықты. Түрлі-түсті ойыншықтар салынған себетті көрсетіп:
— Қарашы, менің бөлмемде мұндай ойыншықтар өте көп. Жүр, өзіңе ұнағанын саған сыйлаймын, – деп көңілін аулап, жұбатқысы келді. Сағынның дауысы басылмақ түгілі үдей берді. Баласының бұл қылығына ұялып, жан-жақтан қарап тұрған адамдардан да ыңғайсызданып, шарасыздан дәрігерге:
— Кешіріңіз, біз басқа күні келейік, – деді Сезім кінәлі дауыспен. Дәрігер де:
— Баланы қинамайық, әпкесімен далада жүре берсін. Кішкене тынышталады. Өзіңіз кіріңіз, қазірге тест сұрақтарына жауап берсеңіз жеткілікті, – деді.
Дәрігермен ұзақ сөйлескен соң, Сезімнің көзі жасқа толып далаға шықты. Сағынды тынышталдырып, жетектеп жүрген Айзересіне сүйсіне қарайды. Соңғы кездері лезде ашуланшақ болып, тұңғышына аз көңіл бөліп жүргенін біледі. Айзере емханадан шыққан Сезімнің қызарған, мұңды көздерінен бәрін түсінгендей:
— Анашым, біздің сыныптағы Азатты білесіз ғой. Оның сөйлегенін біз түсінбейміз, кейде сабақта құлағын жауып отырады. Сағын да Азат сияқты болады ма? – деп сұрады.
Сезімнің тамағына өксік тіреліп, көзінен жас тоқтар емес. Өзегі өртеніп, үн қата алмай, тек басын шайқай берді.
Дәрігерден шығып, үшеуі таксиге мінді де, әпкесінің үйіне барды. Көпқабатты үйдің кіреберісіне жақындай бергенде Сағын қыңқылдап қарсылық білдіре бастады. Сезімді қолынан кері тартып, қайтқысы келгенін білдіріп жатыр. Ашудан қаны қайнаған Сезім, Сағынды жұлқи көтеріп ішке кірді. Жеделсатыға кіргеннен пәтердің алдына келгенге дейін қолды-аяққа тұрмай жұлқынып, құтылуға тырысып бақты. Қажетті қабатқа келіп, жеделсатыдан шыға бергенде, айқайлап жылаған дауысқа мазасызданған көршілердің төменгі қабаттардан күңкілдеген дауыстары естіліп жатты. Біреуі «Баланы неге жылатасыздар?» десе, енді біреулері «Баланы бетімен жіберген, тәрбиелемейді…» деп жатты. Есікті ашқан әпкесіне:
— Аулада сөйлесейікші, – деп Сезім балаларын ертіп, жеделсатымен төменге түсіп кетті.
Аулаға шыға бергеннен Сағын мен Айзере құм алаңына қарай жарыса жүгірді.
Орындықтардың бірінде тұнжыраған күйде Сезім мен әпкесі әңгімелесіп отыр.
— Шымкенттегі дәрігер де айтқан болатын. «Мүмкін емес, барлық генетикалық анализ нәтижелері дұрыс болған» деген оймен келіп едім. Бұл профессор да растады. Сағында «аутизм спектрі» дейді.
— Сонда қандай ауру ол? – деп сұрады әпкесі біресе Сезімге, біресе құм алаңында ойнап отырған Сағынға күмәнмен қарап.
— «Бұл ауру емес, ми қызметінің ерекшелігі» деді профессор. Түсінгенім, көбінесе оқшауланып, өзінің әлемінде жүретін сияқты. Бізді бөлмеден жетектеп, шығарып жіберіп, көбінесе жалғыз өзі ойнап отырады ғой.
— Сонда тұқым қуаламаса, неден болуы мүмкін? Қазір вакциналардың да жаман әсері көп дейді ғой. Мүмкін вакцинадан ба…
— Жоқ, вакцинадан емес. Қалай пайда болатыны, не әсер ететіні белгісіз екен әлі.
— Уақытынан бұрын жүріп, сөйлеп, жап-жақсы дамып келе жатқан сияқты еді, иә? Тойларда ортаға шығып, би билеп жүретін бала еді ғой. Қалайша өзгеріп кетті? Көз тимеді ме екен осы?
Сезім әпкесінің сөзін жақтырмай, алая қарап:
— Көз тию туралы айтпашы… Қай заманда өмір сүріп жатырмыз? – деді. Әпкесі сәл ыңғайсызданып:
— Кешір, енді. Дәрілері бар ма екен, дәрігер не деді? – деп сұраулы жүзбен қарады. Сезім шарасыз кейіппен бір күрсінді де:
— Дәрімен емделмейді, бұл аутистік жағдай адаммен өмір бойы қалуы мүмкін екен. Психолог, логопед секілді мамандардан көмек алып, адамдармен көбірек араласып, социумға енуіне көмектесуіміз керек екен, –деді көзін төмен салып. Аз-кем үнсіз отырды да, аққұба жүзі қуарып:
— Мүлдем сөйлемей, осы күйде қалып қала ма деген уайымнан түнде көз ілмейтін болдым, – деп көңілі босап кетіп, алақанымен бетін басып, жылап жіберді.
— Уайымдамашы, жақсы боп кетеді әлі, – деп әпкесі Сезімді құшақтай алып, арқасынан сипай берді.
***
Сезім мен Азамат кешкісін ас бөлмеде шай ішіп отыр. Сезімнің шаршаңқы өңі сұрланып кеткен.
— Судан қорқып, үйді басына көтере айқайлады. Айзере екеуіміз әзер дегенде шомылдырдық. Ол аз болғандай көрші апа келді. Сағынның жылаған дауысын естісе, қан қысымы көтеріліп кетеді екен. «Неге жылата бересің, қандай анасың?» деп біраз сөз айтып кетті бүгін, – деді жабыға күрсініп.
— Апаның сөзіне көп мән берме, өзіне де, балаларына да жағдайымызды түсіндіріп айттық. Жаңа планшет сатып аламыз ба? Планшет көрсетіп, алдап-сулап шомылдырып жүрген едіңдер ғой бұрын, – деді Азамат.
— Қайдам, ескісі сияқты, қуаты заряды бітіп қалғанда, лақтырып, сындырып тастайтын шығар. – Сәл үнсіздіктен кейін, бәсең дауыспен:
— Кейде ойлап қоямын, біреуді ренжіттім бе осы? Не үшін мұндай сынақ берілді? Осы уақытқа дейін «бір адамға зияным тимесе» деп жүретін едім. Не үшін бұлай болды? Мүмкін сен әлдекімдерді ренжіттің бе? – дегенде тамағы құрғап, екі көзі жасаурап кетті.
— Не деп кеттің Сезёк? Сен де, мен де кінәлі емеспіз. Құдай әркімге әр түрлі сынақ береді. Бізге түскен сынақ осы.
— Білмеймін, кейде ата-бабаларымыз біреудің қарғысына қалды ма деймін, – деді Сезім екі қолымен екі шекесін уқалап отырып.
Азамат Сезімге жақындап, иығынан ұстап:
— Қай-қайдағыны айтасың сен де, – деп күлді де: – Біз білетін ата-бабамыз қара жұмыс, қара термен өз әулетін асыраған. Бәрі ұзақ жасап, өсіп-өнген адамдар ғой Сезёк, – дей бергенде Сезім:
— Әрине, саған айту оңай. Сен онымен аулаға шықпайсың. «Ана тәртіпсіз баламен ойнама. Балаңызды тәрбиелемейсіз бе?» дегенді естімейсің. Өзгелердің кемсітіп, айыптап қарағанын көрмейсің. Дүкеннен айқайлап жылап, алып қашқан ойыншықтарды, кешірім сұрап дүкенге қайтарып жүрмейсің… Әр далаға шыққаным уайым болды. Адам аз аулаларды іздеп жүремін… – сөзін аяқтай алмай, екі қолымен бетін басқан күйі булығып жылады.
Ерсілі-қарсылы жүрген Азамат орындығын Сезімге жақындатып отырды да, иығынан, шашынан сипап аз-кем үнсіз қалды. Сәлден кейін:
— Саған оңай емес, білемін. Мен… көп іссапарда жүрдім. Енді Алматыға ауысқалы, бұрынғыдай емес, іссапарым азаяды. Енді демалыс күндері Сағын менің жауапкершілігімде болсын. – Сезімді иығынан құшақтап, жалғастырды:
— Баланы берген, сынағын да береді. Біз қолымыздан келгеннің бәрін істейміз, шипа – Алладан. Дәрігер айтқандай, жыласа да бала-бақшалардың ауласына апара берейік, жайлап үйреніп кетер, – деп қолынан сипап, қысып қойды.
Сезім Азаматтың кеудесіне басын қойып, көзіне толған жасты сүртіп, басын изей берді.
Тау жақтан түнере тұтасып келген қара бұлт тізбегінен жаңбыр сіркіреп жауа бастады. Айналада кей адамдар қолшатырларын аша бастапты, ал кейбірі мойындарын іштеріне тыға жүрістерін тездетіп барады. Сезім қолшатырын ашпай жаңбырдың салқын тамшыларына сана сергітіп, асықпай жүргісі келді. Әдетте жаңбыр тамшылай бастағаннан Сағын да терезеге жақындап, тапжылмай далаға қарап отырады.
***
Жексенбі. Таңғы ас уақыты. Сағын дастархан үстіне бір көз тастады да, о-о деп дауыстап, басын шайқап, бөлмеден шығып кетті. Оны көзімен селқос шығарып салған Сезім:
— Кеше күні бойына кіріп-шығып жүріп, қымыздан екі кесе ғана ішті. Қандай тамақ берсем, иіскеп көреді де, қашып кетеді, – деді жабырқаулы күйде. Азамат үн қатпастан тамағын ішіп болды да, бөлмеден шығып кетті. Аздан соң Сағынды көтеріп қайтадан кірді.
— Мамасы, қымыз болса, бізге құйып берші. Бір-бір кеседен сіміріп алайық та, базарға барайық. Сағош не жегісі келеді, соны аламыз. Алма, банан, апельсин, құлпынай дейсің бе, бәрін аламыз, иә, әкесінің құлыншағы, – деп маңдайынан бір иіскеп қойды.
— Ал, мамасы, құлыншақты киіндіріп бере ғой, – деп Сағынды Сезімнің құшағына салды. Анасы ұлын жетектеп жатын бөлмеге кіргені сол еді, Сағын бөлмеден жүгіріп қашып шықты. Оның соңынан жейде мен шалбар ұстап, ашудан жүзі қызарған Сезім көрінді.
— Кигісі келмей қашып кетті. Саған көнетін шығар, сен көрші, – деді ызаға булығып. Азамат киімдерді алып, теріс аударды да:
— Жейденің тігісі денесіне бататын шығар, теріс кигізіп көрейін, – деді де:
— Сағош, жүр, екеуіміз мәшинеге мініп, саяхатқа шығамыз. Базарға барамыз, көпірлерге барамыз…
— Копығғ, копығғғ, копығғғ, – деп қайталап, әкесіне қарай жүгіріп келе бергенде:
— Алдымен, мына әйбәт киімдерді киіп аламыз. Сосын барамыз, жарай ма, арыстаным? – деп көзіне қарады. Сағын әкесіне тіктеп қарамай, көзін ала қашып, басын изей берді. Жейдесін, үстінен күртешесін кигізіп, Азамат ұлына күлімдей қарап:
— Әне, жігіттің төресі болды, менің ұлым. Бұл демалыс әкесі мен ұлының ерекше демалысы болады. Кәне, әкел бесті, балам, – деп алақанын көтерді. Әлі басын изеп тұрған Сағынның алақанын сол қолымен көтеріп, өзінің алақанына тигізді.
***
Сезім ғаламторда аутист балалармен жұмыс істеу әдістері туралы мақалаларды оқып отыр. Монтессори әдісі бойынша жұмыс істейтін балабақша ашылғаны жайлы хабарды көзі шалып қалды. Бұл қандай әдіс болды екен деп ғаламторды ақтарып, ақпарат жинап, кешке дейін оқыды. Азамат кешкісін жұмыстан келгенде, оқып-білген монтессори әдісі жайлы алып-ұшып, қуана айта бастады.
Ертесіне балабақшамен хабарласып, кешке таман жаңа балабақшаны бәрі бірге барып көрді. Балабақша ғимаратына кіргенде кең, ашық түстегі бөлмеге өтті. Бөлменің ортасында балаларға лайықты кішкентай үстелдер мен орындықтар, үш қабырғасын бойлай аласа сөрелер қойылыпты. Сағынның еш жыламай ішке кіргеніне Сезім әрі таңғалып, әрі қуана қобалжып тұр.
***
Сағынның балабақшаға барғалы себепсіз айқайға басып жылайтыны аздап басылғандай. Оны балабақшадан кешкісін алып кетуге келген бір күні тәрбиешіcі күтіп алды:
— Балаңыз бүгін түскі аста екі қайтара сүзіп берген сорпаны ғана ішті. Ал таңғы асты мүлдем ішпей қойды. Тәрелкедегі титтей бір сүзбе жентке тиіп қалған екен, «о-о» деді де, үстелден тұрып кетіп қалды. Басқа тәрелкеге салып берсек те, жемей қойды. Сүйсініп жейтін басқа тамақтары болса, әкеліп қойсаңыз болады, – деді. Жандарына жүгіріп жете берген Сағынға қарап:
— Ертең «circle time»-ды сен бастайсың, келістік пе? Әкел бесті, – деп алақанын ашқанда, ол көзін ала қашса да, алақанын әлсін тигізгендей болды. Сол сәтте бірнеше бала жүгіріп келіп, тәрбиешіге алақандарын тосып «бесті әкел» деп таласып жатты. Сағын балалардан оқшауланып, анасына жақындай берді.
— Тамақ жемейтіні болмаса, тапсырмаларды орындау барысында өте алғыр, белсенді қатысып отырады. Феноменальді есте сақтау қабілеті бар. Бір айға жетер жетпес «circle time» әндерін жаттап алыпты, – дей беріп еді, Сезім:
— Сағын жаттап алған ба? – деп сеніңкіремей қайта сұрады.
— Иә, Сағын әнді бір рет естиді де жаттап алады. Үйде байқамадыңыз ба? – деп тәрбиешісі күле қарады.
— Иә, иә. Үйде де ыңылдап ағылшынша әндерді айтып жүреді. Үнемі қайталап көре беретін ағылшын тіліндегі видеоладан жаттап алған шығар деп жүр едім… – дегенде иегі кемсеңдеп, көңілі босап кетті. Көзінен еріксіз аға бастаған жасын көрсетпес үшін, қолынан тартқылап тұрған Сағынды жетектеп, асыға далаға шықты. Ауладағы орындыққа отыра кетті. Үнін шығара алмай, құмыға жылаған күйі, Сағынды құшақтап, бетінен, көзінен тоқтамай сүйе берді, сүйе берді. Ал ол болса, Сезімді итеріп, қарсылық білдіріп, бетін алып қашты. Көз жасын сүрткілей отырып, аулада басын шайқап, айнала жүгіріп жүрген ұлына қарап біресе күлімсірейді, біресе жылайды. Бұл жолғы толастамай аққан жас ұзақ уақыттан бергі жұмыстың жемісін көрген қуаныштың көз жасы еді.
Күн түнеріп, жаңбыр себелей бастағанда Сезім қолшатырын ашты. Сағынға таңертең «бауырсақ пісіремін» деп уәде бергені есіне түсті де, жүрісін шапшаңдатты.
***
Сағынның бірінші сыныпта оқып жүрген кезі. Оқуды бастағанына бір айдай болса да, онлайн олимпиадаға қатысып, жүлделі болып үлгерді. Бірде түсте сабақтан қайтып келе жатқанда Сағын:
— Анашым, мұғалім балалағға айғайлайды, айғайлайды, – деді.
— Бұзық балаларға мұғалім ұрысады. Ал сен бұзық емессің ғой. Сен өзіңе қабылдама, – дей бергенінде Сағын:
— Жооқ, анашым, жоооқ, – деп дауыстап жіберді. Сезім тоқтап, тізесін бүгіп Сағынның көзіне тіктеп қарады.
— Мұғалім үлкен. Балалағғ кішкентай, кішкентай, – дегенде көзі жасқа толып тұрды. Сезім қапелімде не айтарын білмей, Сағынды құшақтап біраз тұрды да:
— Мен мұғаліммен сөйлесейін, – деді.
Ертесіне мұғалімге Сағынның ерекше бала екенін, оның дауыстарға сезімтал екенін түсіндірді. Сыныпта мүмкіндігінше балаларға айғайламай сөйлеуін өтіне бергенінде мұғалім:
— Сағын – тәртіпті оқушы. Мен оған дауыс көтермеймін. Бірақ сыныпта өте бұзық оқушылар бар. Оларға айғайламасам, сыныпты бастарына көтереді. Кешіріңіз, мен айғайлап сөйлемеймін деп уәде бере алмаймын, – деді.
***
Мұғалімдердің айғайлап оқушыларға ұрысуы, бұйыра сөйлеуі және мектептегі оқушылардың шуына байланысты төрт жылда төрт мектеп ауыстырып үлгерді. Сағынның сабаққа қабілеті жақсы, әсіресе сандарды ойша қосып, көбейтіп жүргенді ұнатады. Тарихи фактілер немесе елдер мен астаналары туралы ешкім сұрамаса да айтып отыратын кезі көп болады. Кей адамдар оған дарынды бала деп сүйсіне қарайды. Бір сөзді немесе тарихи фактілерді бірнеше рет қайталап айта бергенінде, кейбірі оған «әңгүдік пе» деп сөге де қарайды. Барлық істерін бір ереже, жоспар бойынша жасап қойса, жақсы көңіл-күйде жүреді. Жоспарланған ісі орындалмаса немесе ойындағысы болмаса, ашуланып, қызбаланып кетеді. Бір тақырыпқа қызықса, соны егжей-тегжейлі зерттеп, сосын бірнеше күн үйдегілерге қайталап түсіндіре береді, түсіндіре береді.
Айзере мектепті бітіргенге дейін аутизм белгілері бар сыныптасын үнемі қолдап, көмектесіп жүрді. Қазір студент болса да, кейде «ұлыңызды көбірек жақсы көресіз» деп ренжіп қалатын кездері болады. Азамат та: «Баланы асыра қорғаштай бересің», – деп кейиді. Бірақ Сезім: «Сағынның сөйлеп, балалармен қосылып ойнайтыны, жалпы мектепте оқып жүргені бәріміздің – ортақ жеңісіміз. Біз оны түсініп, қабылдадық, оған қолдау көрсеттік. Біз қорғамасақ, оны басқа кім қорғайды, кім оны түсінеді?» – дейді.
Майдалап жауған жауын тамшылары басылып, күннің көзі көрінгенде Сезім үйге жақындап та қалған еді. Пәтердің есігін ашып кіргенде, алдынан он жасар Сағын жүгіре шықты.
— Анашым, сөмкені әкеліңіз, мен алайын, мен алайын, – деп қолындағы сөмкені алып, ас бөлмесіне әкетті.
— Рахмет, Сағош. Қалай жағдайың? Мектепте сабақтарың қалай өтті? – деді Сезім қолшатырын бұрыштағы орнына қойып жатып.
— Жақсы. Ііі, ағылшын мұғалім, ііі, кім сабақты жақсы айтты, ііі, соған кәмпит беғді. Мен оны сізге әкелдім, сізге әкелдім, – деді.
— Ой, рахмет, жаным. Қазір мен қолымды жуып келейін… – деп, Сезім қолын жуып алған соң, ас бөлмесіне өтті. Сөмкедегі заттарды үстелдің үстіне шығарып жатып:
— Ал мен саған қымыз, шұбат әкелдім, – деп, бір кесеге қымыз құйып берді. Сағын сіміріп ішіп алды да:
— Рахмет анашым. Іііі, менде біғғ сұғғақ бағғ, – деді.
— Тоқтай тұр балам. Екеуіміз кеше келіскендей, бүгін фри картобы мен бауырсақ пісіреміз. Сен картоптың қабығын аршуға көмектесесің, солай ғой, иә? – деп көзіне қарады. Сағын басын изегеннен кейін:
— Ал енді қандай сұрағың бар, сұрай бер, – деп Сезім ашып тұрған қамырды бөле бастады. Сағын алдындағы тәрелкеден бір картопты қолына алды да:
— Іііі, Алматы сейсмоқауіпті қала ғой. Неліктен Алматыға көштіңіздеғғ, көштіңіздеғғ? – деп күтіп тұрды.
— Әкең жұмысын жақсы істеген соң, оны Алматыға ауыстырды. Сол себепті көшіп келдік, – деді де Сезім:
— Сен картопты арши бер. Мен бауырсақтан соң, тез фриді пісіріп аламын, келістік пе? – деді.
— Жоқ, анашым!
Ұлының қолына картопты ұстаған күйі, тапжылмай бір орында тұрғанын байқап, Сезім оқтауды үстелге қойды. Орындыққа отырды да:
— Не айтқың келді? Мен сені тыңдап тұрмын, балам, – деді.
— Ііі, мың тоғыз жүз он біғінші жылы Алматыда, ііі, жеғ сілкінісі болды. Ол енді, ііііі, жүз, жүз жиығма жылда қайталанады. Іііі, көп үй құлайды, құлайды… – Үрейленіп, терең тыныстап тұрған Сағынның көзінен жас ыршып кетті. Сезім:
— Сағынжан келе ғой, – деп жұмсақ дауыспен өзіне шақырып, құшағын ашты. Жақындағанда, құшақтап, арқасынан сипап біраз тұрды да:
— Жер сілкінісінен қорқудың қажеті жоқ, тек жер сілкінсе не істеу керегін білу керек. Қазір технология дамыған, бұл үйлер құламайды…
— Он балл болса да ма? – деп күдіктене сұрады, анасын құшақтаған қалпы.
— Иә, он балл болса да құламайды. Білесің бе, тоқсаныншы жылдары мен мектепте оқып жүргенімде, Алматыда жер сілкінді, – дей беріп еді, Сағын басын анасының иығынан жұлып алып:
— Шын ба? – деді таңданғаннан еріксіз ауызы ашылып, көзі шарасынан шығып кетердей Сезімнің көзіне тура қарап.
— Иә. Енді он балл болған жоқ. Бірақ сонда да ешбір ғимарат құламады, барлық адам аман-есен. Бүгін әкең жұмыстан келген соң, бәріміз отырып, жер сілкінгенде не істеу керек туралы ережені жазайық. Сосын бөлмеңдегі басқа ережелердің жанына іліп қоямыз, келістік пе? – деді.
Сағын мақұлдағанын білдіріп, қайта-қайта басын изеді. Алдындағы картоптың бәрін үн қатпай аршып болған соң, кенеттен:
— Айтпақшы, анашым! Ііі, әкеге телефон соғыңыз! Жұмыстан тез келсін, тез келсін! Психолог Әсем апай айтқан мультфильмді көғғеміз, көғғеміз, – деп қалбалақтап, ас үй бөлмесінде ерсілі-қарсылы жүре бастады. Сезім қызара піскен бауырсақты майдан сүзіп жатып:
— Сағынжан уайымдама. Әкең бәріміз бірге мультфильм көретінімізді біледі. Мына тәрелкедегі бауырсақтар ыстық емес, дәмін көрсең болады, – деп үстелге тәрелкені қойды.
— Ііі, қазіғғ емес, сосын, анашым, – деп Сағын ас бөлмесінде әрі-бері жүріп, далаға көз салды да:
— О-о, анашым, ііі, жаңбығғ қайтадан жауды, жауды, – деп терезе алдына барып, әйнекке әлсін-әлсін тие бастаған жаңбыр тамшыларына таңырқай, ұзақ қарап тұрды.