Айдана Шынарбек. БІР АЙ БҰРЫНҒЫ ӨЗІМДІ САҒЫНДЫМ

сені күтіп кафе есігіне ұзақ қарап отырдым
әр кіріп келген жан маған сен секілді көрінді
біріншінің сенікіндей ақ шалбары
екіншінің шашының қысқалығы
үшіншінің жүрісі
төртіншінің иісі
бесіншінің саясат туралы әзілдері

бірақ ол жандардың бәрі сен емес болып шықты
өзгелердің әр кіріп келгені сайын
сенің қандай екеніңді ұмытып бара жатқандаймын
киіміңді, шашыңды, жүрісіңді, иісіңді, әзілдеріңді
сол сәтте сен бейтаныс жанның біріне айналғандайсың

стақанымдағы салқын сусын да жылып қалды


***

бір ай бұрын берген гүлің сол бұрышта әлі тұр
солып тұр
сол сәттен біраз уақыт өткенін еске салып тұр
тек осы гүл ғана сол сәттің шынымен де болғанын айта алатындай

бір ай бұрынғы өзімді сағындым
бұл гүлді ешқашан лақтырғым келмейді


***

таңғы сағат төрт
сен мені кездесуге шақырыпсың
түсімде

өмірімнің бәрі түсімде өтіп жатқандай
көптен бері көрмеген сүйікті фильмімді қайта қарауға асыққандай түстерімді күтем
бүгін санам маған қандай қайтып орын алмас сәтті еске салады екен деп
сонысы қызық

таңғы сағат төртте күн де шықты


***

балконға шығып, тауларға ұзақ қарап отыруды әдет қылдым
киіміме сіңіп кеткен темекінің иісі
кеудемді басқан мұңды есіме салды

бақытты болу бұйырмапты
телефонымнан ойнап жатқан бітпейтін әндер көңілімді бөлді
әннің әр биті салқын желмен бірге әр қараңғы ойды алып кетіп барады
бір сәт болсын тыным тапқандай болдым
балконда мәңгі қалсам ба деймін


***

ештеңе істегім келмейтін
ештеңе сезбейтін күні
не туралы өлең жазарымды білмеймін

жанымдағы адамдардың әр айтқан сөзі
сол құлағымнан кіріп, оң құлағымнан шығып кетеді
кейде оң құлағымнан кіріп, сол құлағымнан шығады
көбіне не айтып тұрғанын естімеймін де

жұмыс істейм
жұмысым кімге неге керек екенін түсінбейм
серуенге шығам
шылым тұтатсам дейм
кейін өкінерімді білем

жуылмаған киім
оқылмаған кітап
үш ай бойы сөйлеспеген досым

бөлмеңді жинасаң
ойың да ретіне келеді дейді

ал мен тек әріптердің арасында тығылып жатқым ғана келеді

Photo by Jason Edwards on Unsplash

Поделиться в соцсетях
Айдана Шынарбек
Айдана Шынарбек

Ответить

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *