Гүлбақыт Өтебаева. БАЛШЫҚ

Қала шеті. Жаңбыр жауса есік алды балшыққа батып, басар жер таппай аттап жүретін жол.

Азанда өзімді әрең оятамын. Сабаққа әрдайым кешігіп жүремін. “Бару керек” деген оймен өзімді зорлап тұрғызамын. Оянғанда бірінші көретінім – төбемдегі кір көк түске боялған ДСП, үйдегі көмір пештен ұшқан қара шаң сол ДСП-ны басып, түсі көк аспаннан қара-көк аспан болып кеткендей. Менің төсегімнің қасында бірнеше көрпе төсек жайылып жатады, анам тыпыршып соларды жинап “оян, мектепке кешігесің” деп, бірнеше бұйрық беріп, асығып жұмысқа қашып кетеді. Сол кезде өзімді жеңіп, әйтеуір төсектен тұрамын. Төбеден сүмірейген бір шырақ салбырап тұрады, өзі қап-қара түнектегі әлсіз жанып тұрған майшамдай. Төсектен атып тұрып шкафтағы заттарды ақтара бастаймын, араласып бірінің үстінде бірі жатқан киімдердің арасынан қара кардиганымды әрең тауып, құлаған киімді ішке тез-тез итеріп, асығып жаба саламын. Мектеп формасын киіп, майланған шашты өтірік тарап, ауызыма тигенін жей салып, мен де үйден жүгіріп шығамын.

Жаңбыр түнімен жауып, онсыз да асфальтсыз жолды кіші Талдыкөлге айналдырып тастапты. Оған кроссовкі киген мен қоян секілді секіріп, аялдаманы аңдып келемін. 

99-дың (автобус) ұшып келе жатқанын көріп арғы бетке жөнеліп келгенімде адамға лық толған, сыймай жатқан автобусқа жабысып кіріп аламын. Алты аялдамадан өтіп лық толған автобусқа тағы бірнеше адам сыйып кетеді, ал сыймай бара жатса кондуктор ұрсып, итеріп, мыжып, әйтеуір зат ұқсатып бәрімізді тығып жібереді. Мектепке жетіп алу үшін бір кедергілерден өту керек болса, мектепте болу – мүлдем басқа сынақ. Үстіңе киген киіміңнен бастап істеген әрбір ісіңе дейін бақылап отыратын мұғалім де, сыныптастар да мен үшін қоғамдағы теңсіздіктің көрінісі болатын, және сол теңсіздік мені жүдетіп, адами сезімдерімді жойып тастағандай өмір сүріп жүретінмін. Амал қанша қоғамдағы өмір сондай да болуы мүмкін, бұл қоғамның кірпіші болғым келмеді, бірақ амалсыз күнде келуім керек болатын.

Поделиться в соцсетях
Гүлбақыт Өтебаева
Гүлбақыт Өтебаева

Ответить

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *