Новелла
Бұл дүниеде әйел адамның көңіл күйіндей құбылмалы не бар?! Бірде таудан сарқырап аққан судай таза көңілдері, бірде лайлы көшке ұласады. Кей келіншектермен сағаттап дауласып жеңе алмауың мүмкін. Ондайда одан батыл, одан өктем адам жоқ. Бірақ, «тамағыңның тұзы аздау ғой» деген сөзге күйреп, көз жасы дайын тұруы ғажап емес. Қайраттанса – жан-жағын жайпап жіберердей жойқын мінез, қапаланса – қорғансыз адамға айналуы да тез.
Отбасын құрғалы бері әйел затының табиғатын Тасқын да танып қалды. Әйелі қай кезде қабақ түйеді, нені ұнатады, наразылығын қалай білдіреді – бәріне қанық. Басында, «бір жаққа барайық» деп өзі бастап алып, шығар кезде «әдемі болып тұрған жоқпын, бармай-ақ қояйықшы» деп қиғылық салатын әйелінің мінезіне төзбеуші еді. Сондай сәтте, «бармасақ, бармаймыз!» деп ашуланып телевизордың алдына жайғасып жатып алатын. Бар ашуын батарейкасы түсіп қала беретін пультті ұрғылап шығаратын да тынатын. Алайда, әйелдің жаны – сиқырлы аспап екенін кейін ұқты. Әдемі емеспін десе, «сендей сұлу жоқ!», көңіл күйім жоқ десе, «не ала келейін?», мені жақсы көрмей кеттің десе, көңілін аулап, жылы сөзін аямайтын болды.
Керекті сөзді дәл тауып, дұрыс пернесін баса білсең, әйелдің де жаны жадырап, үй ішінде әдемі әуен ойнап тұрады екен. Керісінше, «Маған не дейсің?» , «басымды қатырмашы!» , «саған осы не жетпейді?» деген сөздерді естіген әйелдің жан дүниесі қаңырап, жанары қурап, жүзі сола береді.
Ерке келіншегінің көңілін табудың сырын түсініп алғалы бері бұл үйде ұрыс-керіс азайған. Тасқын бір нан мен сүтін және жұбайы ұнататын «Қазақстан» шоколадын алып келсе, Жазираның қабағынан қар жауып ас үйде отыр екен.
Түстегі тамақты жылытып қойғаны болмаса, Тасқынның келуін тосып отырмаған секілді. Раковинада бір топ ыдыс үюлі тұр. Таңертең кір машинаға салып кеткен шұлықтар да иесіне шағымданып тұрғандай. Газдың бетінде тұрған кофе қайнатқыш тасыған күйі қараусыз қалған.
Үй ішіндегі осы берекесіздік әйелдің шашыранды ойлары мен көңілсіз күйінің көрінісі еді. Мұндай сәтте басқа еркек «үйдің ішін ыбырсытып күні бойы не бітіргенсің?» деп ұрысар еді. Тасқын өйткен жоқ. Пакетін столға қойып, Жазираның жанына жайғасты. Ол біледі. Кейбір әйелдер ашуланса кілемнің түгі түсіп, терезенің әйнегі жұқарғанша үй тазалап қоятын болса, мұның Жазирасы үйді осылай қобыратып қояды.
— Менің күніме кім тиген? Бұртиған сенің түріңнен…
— Тасқын, мен кетем…
Жылы сөз естісе жадырап-жайнап шыға келетін Жазира жолдасына тура қарап осылай деді. Қарапайымдылық пен ұяңдық ұя салған қарашығы өңменіңнен өтердей суық екен. Кірпіктерінің арасынан бір сәтті күтіп кідіріп тұрған жасты көру де қиын емес.
— Не дейсің, Жази? Қайда кетем дейсің?
— Осы үйден. Сенен кетем деймін…
Тасқын атылған оқтай көзден де, төбеден түскендей ауыр сөзден де тітіркеніп кетті. Бағанағы байыптылықтың бәрін ысырып қойып:
— Не оттап тұрсың? Ойнайтын нәрсені тапқан екенсің? Басыңа не күн туып жатыр, а? Күлімдеп қарсы алып, көңілді жүретін кезің бола ма сенің? Еркеліктің де шегі бар емес пе? Дұрыстап түсіндірші маған, құдай үшін! Не болды?
Төпелей қойылған сұраққа Жазира жауап беруге асыққан жоқ. Күнбағыс бейнеленген халатының қалтасынан екі бет парақты алып үстел үстіне қойды.
— Оқы!
Тасқын бүктелген қағаздың ашып оқи бастады. Айналдырған екі-үш сөйлем Тасқынның өмірін ойран ете салыпты.
«Сәлем, Тасқын. Отбасын құрдың деп естідім. Енді мен де бұл қаладан кететін болдым. Әлгі қандыкөз түрмеден шығыпты. Маған іздеу салып жатыр екен. Кек алғысы келгені шығар. Сен мені іздеп әуре болма. Менің қайғымды көтеріскенің үшін рахмет. Мені сүйгеніңді, күткеніңді білем. Қош!»
Үндінің сериалындай үздіктіріп қойған жұмбақ хаттың сыры Тасқының өзіне аян. Осыдан төрт жыл бұрын студенттерді қабылдау кешінде бір арумен танысқан. Өзі ол кезде екінші курс студенті. Жаңадан келген «балмұздақтардың» ішінен ең сұлуын аңдып жүрген сері кезі. Әсима деген қыздың қызыл далабы, қызыл көйлегі және хош иісті әтірінің иісі әлі есінде.
Екеуі би кешінен жатақханаға бірге қайтып, әңгімесі жарасып кеткен еді. Ол жаста адам отбасы туралы ойлай қойсын ба?! Ең сұлу қызды қаратып алғанына Тасқын мәз болып, басқа қыздар сабақтан басқаны қатыра алмай жүргенде, старшак баладан құшақ-құшақ гүл алғанына аруы мәз-мейрам болды. Солай-солай екеуі кәдімгі жұпқа айналды. «Осы жігіт мені асырай ала ма?», «Бұл қыз қандай әйел болады?» деген тұрмыстық сұрақтар екеуінің де санасын сығалап көрген жоқ. Отырыстарға қол ұстасып барып, қолтықтасып қайтқанның өзі бақыттың буына мас болуға жетіп жатты.
Әсима Алматыға өнер биігін бағындарам деп келген балғын жүрек көп жастың бірі. Бойында дарыны да жоқ емес. Мектепте пианино үйірмесіне қатысқаны бар, әнді де әдемі орындайды. Қазір тас лақтырсаң бір-бір әншіге тиеді ғой. Теледидардан таң атқаннан кеш батқанға дейін әншілердің өмірі дәріптеліп жатқан соң, бала біткеннің бәрі мамандықтың тәуірі сол екен деп ойлайтын болса керек. Сосын біздің елден ғалым, өнертапқыш, инноваторлар қайдан шықсын?!
Әсима үлкен үмітпен шығармашылық емтихан тапсырды. Алайда өнер академиясында оның өнеріне таңдай қаға қояр ешкім табылмады. «Егер оқуға түскің келсе, осынша ақша әкел» деп пара сұрағандар да болды. Сонымен, танымал болуды армандаған қыз қазір амалсыз педагогикалық мамандықта оқып жүр. Ата-анасының тілегі сол болды. «Мынадай күнде өзгеріп жатқан заманда мұғалімнен артығы жоқ. Тыныш сабағыңды беріп қайтасың. Сөйте ғой қызым. Айтқан тілді ал» деген анасының сөзінен аттай алмай осы оқуға түсті. Бірақ, ешқашан мектеп қабырғасында сабақ беріп жүргенін елестеткен емес. Оның бар сенгені – бойындағы сұлулығы. Сабақты да жарытып оқығысы келмейді. Жақсы көріп түскен мамандығы болмаған соң сабағына тым салғырт.
Сұлулығымен факультеттің ең сымбатты жігітін өзіне қаратты. Күнделікті қызығы сол жігітпен қыдыру. Жұрттың көзін қызықтыру. Қала берді қызғандыру.
Әсима ортада өзін ашық-жарқын ұстайтын, тым еркін бойжеткен еді. Сөз байласқан жігіті бар екенін елемей, түлкі бұлаңға салынып басқа жігіттірмен ойнап-билеп кететін қылығы шыға бастағанда Тасқын екеуі бір-бірін көрместей жанжалдасып қалады. Бірақ, жастық шақта адамның ақылын ашу, ашуын сезім билеп алуы оңай ғой. Бір күннен кейін қайта құшақтары табысып, ренжіспеуге серт беретін.
Үшінші курста Әсима ауылына қайтпай бір жерде жұмыс істеймін деп Алматыда қалды. Мамандығы бойынша жұмыс таппаған соң, банкеттерге шығып азын-аулақ табыс тауып жүрді. Онысы пәтерақысынан артылған да жоқ. «Осы саған керек пе? Тыныш үйіңе неге қайта бермейсің?» деген Тасқынның сөзіне «Келесі жылы саған тұрмысқа шығып кетсем онсыз да үйде болам, бөпелі болсам тағы отырамын ғой. Кішкене тіршілікке араласып қалайын» деп құтылатын. Тұрмыс туралы әңгіме болғанда Тасқынның бойын бір жылы сезім билеп әкетеді. Жұрт қараса көзі тоятын сұлу қыздың келіншегі болып қасында жүргенін елестетсе балқып кетердей күй кешеді.
Тасқын сол жазда диплом алып, ауылға барып байғазы жинап, үлкендердің батасын алып қайтты. Жұмысқа орналассам, келесі жылы той болса деп талаптанып келген. Бірақ, Әсима Тасқыннан біржола бойын аулақ салып, бетпе-бет кездеспек түгілі тұтқаны көтермей әбден қорқытты. Тасқын Әсиманың барлық таныс қыздарын білгенмен, өзін іздеп таба алған жоқ.
Кейде тағдыр адамды осылай тәлкекке салып қоятыны бар. «Ал, енді қайтер екенсің?» дегендей Тоқтардың тағдыры да оны сынаққа салып, сыртынан табалап тұрғандай көрінді. Оқу жылы басталғанда Әсиманы факультеттен әрең кезіктірді. Қызыл көйлек, қызыл далабпен көзге түскен Әсимадан бір белгі қалмаған. Жалын атып тұратын жанары да біртүрлі жалтақтап қарайды. Ол Тасқынның жүзіне жасқана бұрылды да өз жөніне кете берді. Тасқын бірнеше мәрте ізінен жүріп, әйтеуір бір күні әңгімелесуге көндірді. Әңгімелесу деген аты ғана. Университеттің артындағы тасалау скамейкада үнсіз отырған қызға ақтарыла сөз айтқан да өзі болды.
— Әсимашым, күнім, басыңа не күн туғанын білмеймін. Өз басым ауылға барып келесі жылы үйленем деп сүйінші сұрап қайттым. Қай қылығым жақпай қалды саған? Жаздай телефонмен сөйлесуді де қойдық. Жазсам дұрыстап жауап та бермедің. Неге менен қашып жүрсің?
Әсима жауап берудің орнына булығып жылай берді. Қызды мұндай Мұңлық халге душар қылған беймәлім сырдың тығыны сол күні ашылды.
Сүйген қызы жаздай даяшы болып жұмыс істейді. Кейін көбірек ақша табудың қамымен кешкі отырыстарда ән айта бастайды. Бала күнгі арманы сахна болған соң, осы шағын көрерменнің өзі оған бақыт мінберіндей биік көрінді. Түлкінің қызылдығы өзіне сор… Көзге бірден түсетін кербез қызды мейрамхана бастығы ұнатып үлгеріпті. Қаршадай қызға қандай қырсық жабысқанын қайдам, мейрамханада жалғыз қалған қызды қожайыны бір түнде сорлатып тастап кетеді. Абыройынан айырып қоймай, «сотқа беретін болсаң, сені кассадағы ақшаны ұралайды, жеңіл жүрісті» деп қарабет қылам деп қысым көрсетеді. Содан бері Әсиманың әдемі өмірі тас-талқан. Біреуге айтайын десе, өз абыройынан айырылғанын мақтаныш қылғандай, тірідей жерге кіргісі келмепті. Ауылға қайтып ата-анадан жәрдем тілеуге намысы жібермей, тағы да сол «ұят болады» деген тікен ой кеудесін қажап тұрып алыпты. Ендігі сенері, сүйенері –Тасқын.
Қыз қыстығып, қысылып, біресе тұтығып, біресе ботадай боздап басындағы қайғыны әрең жеткізді.
Тасқында үн жоқ. Боп-боз. Тек білеуленіп кеткен күретамырынан ғана ыстық қан атқылап кетердей ағылып жатыр. Өмір деген аждаһаны дәл қазір буындырып өлтіргісі келгендей қос жұдырығын қысып алып, сілейіп тұр.
Қалыңдығының қаніпезер тағдырдың қақпанына түскенін мойындау қиын. Ары қарай Әсиманың не айтып жатқаны жаңғырықтай. Миына қонбады. Басының іші азан-қазан. Кешірім сұрай ма, әлде құтқар дей ме? Бірақ не үшін кешірім сұрайды? Қалай құтқарады? Бұлыңғыр ойлар.
Әсима ақтарылып әлі сөйлеп жатыр. Басын көтермейді. Тасқынаға тіке қараса, күнәсы көбейетіндей көзін алып қашады. Жылай-жылай даусы да қарлығып қалыпты.
— Тасқын, қуатым. Ең дұрысы екеуміз екі бөлек кетейік. Менің қара таңбамды сен көтеріспей-ақ қой. Жақсы жігітсің. Өз бақытыңды тауып-ақ кетесің…
Тасқынның тұла бойына сонда ғана жан кіргендей:
— Мен сені қиындықта қалдырғып кете алмайды екем. Мені сүйсең, қаша беруіңді қой. Ал, анау сұмырайдың жазасын бермей мен тынбаймын.
Тасқын бұл сөзді сол мезетте қалай айта салғанына өзі таң. Әлі өзі құшағына қысып көрмей, аялап жүрген ару-гүлін бір сойқан солдырды да кетті. Ендігісі не болмақ? Келін күтіп отырған ауылдың адамдарының құлағына бұл сұмдық жетпесін. Онда, бұл шаңырақтың табалап түбіне жететіндер табылады. Ой көп. Тасқын шарасыз. Бірақ нағыз ер азамат сүйгенін осындай сұмдықта жалғыз қалдырмау керек деп шешті. Жүрегіндегі алабұртқан алапат сезімді білдірмеуге тырысты. Бұрынғыдай, бетіне қылау түспеген тап-таза махаббаттың орнын енді аяныш, амалсыз жауапкершілік басып келе жатты.
Ақыры Тасқын Әсиманы жылатқан адамды тауып, әуелі еркекше сөйлесіп тұмсығын бұзып алды да, артынша сотқа берді. Бірақ айғақ аз деген сылтаумен процесс ұзара берді. Шамасы, мейрамхана басшысы сотты да сатып алуға шамасы келетін адам болса керек. Тасқын ұрғанда басынан соққы алыпты-мыс. Соны сылтауратып ауруханадан шықпай қойды. Ақыл-есіме зақым келді деп тергеушіге жауап та бермепті. Ал, ауыр жарақаты бар адамнан жауап алу заңға қайшы. Сонымен, Тасқынды ашу қысса да, қолынан келер қайран болмады.
Бұл кезде Әсима сабағына сүйретіліп әрең барып жүрді. Ешкім сырын білмесе де өзімен өзі тұйықтала берді. Тасқын оқуына ілесіп келеді. Кейде алып та қайтады. Баяғы ғашықтарша қол ұстасып жүреді. Бірақ, баяғы алып-ұшқан албырт сезім жоқ. Оны екеуі де жақсы біліп жүр.
Сүйгеніне салқын қабақ танытпаудың бар амалын жасап жүрген Тасқынның өзі арадағы осы түсініксіз сезімнің бұлтын қалай сейілтерін білмей дал. Бұл өзі Әзиманы бұрынғыдай сүйе ме? Сүйсе неге осылай жасандылау жанашырлық жасап жүр?
Ал, Әсима ше? Тасқынды шын ұнатқаннан қасында жүр ме? Әлде, тағдырдың тоқпағынан тасалай алатын адам деп, сенген соң ғана жүр ме? Мұнысы, махаббат емес, бас пайдасын ойлау болып кетпей ме?
Қуанышта да, қайғы да да бірге боламыз деп адамдар бақытты күні айта салатын болса керек. Ал, бастарына шын қайғының бұлты үйірілсе әркімнің әрекеті әр түрлі. Қайғы тұрмақ қуаныштың өзін көтере алмай, құбылып сала беретіндер қаншама?! Иә, біреулердің төзімін тексеру үшін Құдай үлкен қайғы емес, кішкентай бақ қана береді. Өмірдің қандай да бір өзгерісіне орынды икемделіп, әуелгі қалпын, сезімін сақтай алатындар аз. Мысалы, біреу қара жұмысшы болып жүріп басшының небір ауыр сөздерін көтереді. Көтереді де іштей «мен бастық болсам айналама мейірімді болар едім» деп ойлайды. Басына бақыт күн туып, әгәрәки, бастық бола қалса ол бұл сөзін ұмытып кетеді. Өзі де айналасын жайпап сөйлеп, жапырып жүретін бастықтың біріне айналады. Немесе, кішкентай кезінде ата-анасы ұрысқан бала «мен балаларыма бұлай ұрыспаймын, өскен соң басқаша адам боламын» дейді. Бірақ, адам өскен соң өзінің бала тілегін орындауды ұмытып кетеді. Тағы да сол ызалы ересектердің орнын басады. Сол сияқты, мен Тасқынның орнында болсам қайтер едім деп толғанып отырғандар да бар шығар.
Тасқын жақсы жұмысқа орналасып, жағдайын түзеп, Әсиманың да керек-жарағын түгендеп беріп жүрді. Сондай бірсарынды күндердің бірінде соттан шақырту келіп, Әсимаға зорлық жасаған адамның ісі қаралды. Сот үкімі Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 120-бабына сәйкес қылмыскерді бес жылға бас бостандығынан айырды. Жас қыздың өмірін құртқан адам үшін бұл әрине аз. Бірақ, жәбірленушімен бірге жұмыс істеген екі-үш қыз бастықтың өздеріне қандай хабарламалар жібергенін дәлел қыдып әкелмегенде, бұл жазадан да жалтарып кетер еді. Мейрамхана басшысы бұрыннан қыздарға қырындап, неше түрлі хаттар жіберіп жүрген екен. Тергеу кезінде оған айғақтар табылып, іс оңынан шешілді.
Сот залынан жылап шыққан Әсиманы көрген Тасқын не істерін білмей, тосылып қалды. Қылмыскер жазасыз қалды деп ойлапты. Әсима жүгіріп кеп Тасқынның кеудесіне басын қойып:
— Бес жыл. Бес жыл түрмеде отыратын болды. Сен болмасаң қайтер едім. Біз жеңдік. Түсінесің бе, Тасқын?! Әділдік жеңді!
Осы бір жаңалықтан соң екеуінің арасындағы сезім шоғына ғайыптан үміт келіп үрлегендей маздап қоя берді.
— Ал, бүгін бір жақсылап тойлау керек. Қайда барғың келеді? — деді Тасқын такси тоқтатып тұрып.
— Білмейм, жаным. Сен қайда десең сонда. Жоқ, біртүрлі шаршап тұрмын. Ұйықтап алғым да келіп тұр.
— Құп болады, қалыңдық!
Тасқын Әсиманы пәтеріне әкелді. Басқа көршілерінен ешкім көрінбейді. Бәрі жұмыста болса керек.
— Ал, қош келдің. Мен осы үйде тұрам. Уақытша ғой енді. Кейін үйленген соң бұдан жақсылау пәтерге көшеміз.
Тасқынның сөздеріне Әсиманың іші жылып қалды. Жақсылықтан күдер үзген жүрегі қайтадан қуанышты күндердің барына сеніп дүрсілдеп кетті. Екеуі асықпай шай ішті. Алғаш танысқан кездерін еске алды. Небір қызық оқиғаларды еске түсіріп рахаттана күле берді. Басқа күні осыларды еске алса ешкім бұлай күлмес пе еді?! Бәлкім, бұл әңгімелер пәлендей күлкілі де емес шығар. Бірақ, дәл осы сәтте екеуі үшін өмір тек күлкіден, осылай алаңсыз шәй ішуден тұратындай тым сұлу көрінді. Екеуінің арасындағы көрінбейтін алшақтық деген қамалдың қабырғасы осылай жұқара берді. Күндер қызығырақ, сәттер сүйкімдірек… Екеуі болған жайды енді еске алмауға, бір-бірімен ренжіскен күні сол қаралы күнді кірістірмеуге серттесті.
Бір күні Әсима:
— Тасқын, мен ауылға барып келейін. Ата-анамның алдынан өтем. Осы жазда тұрмыс құрам, баталарыңызды беріңіздер дегендей…
— Мәссаған, маған айтпай жазда тұрмыс құрғалы жатсың ба не?
— Қойшы, жаным, қалжыңдамай. Алмаймын десең өзің біл. Жалынбайм…
Әсима кішкене балаша томсырайды да қалды. Оның осы кескінінде сондай бір тазалық, аңғалдық, жамандық атаулыдан адалық кестеленіп тұрғандай. Тасқын болашақ келіншегін кекеткеніне кешірім сұрап:
— Болды енді, бұртимашы. Қаласаң сенімен еріп барайын. Мама-папаңмен танысайын.
— Сосын бүкіл ауыл Әсима үйіне еркек алып келіпті деп шуласын. Жоқ, жаным, бір басыма жетерлік өсегім бар. Онсыз да…
Әсима ары қарай айтуға оқталды да, көмейіне әлдене кептелгендей аялдап қалды. Өткенді еске алғанмен ештеңе шықпайтынын біліп, күрсініп барып тоқтады.
— Жарайды, жаным. Барып қайт. Баталарын алып қайт. Сен келген соң менің ауылыма бірге барамыз. Әке-шешеммен таныстырам. Бүкіл ауыл шуласын, Қазыбектің баласы келіншек алайын деп жатыр, сұп-сұлу бір қызды әкеліпті деп…
Әсима қайтадан бал-бұл жайнап шыға келді. Жалпы, әйел затының жанын жаралау қалай оңай болса, көңілін аулау одан да оңай. Бірақ, соның өзін келістіре алмай жүргендер қанша?!
Ядролық қару алаңындай көп әйелдің жүрегі шұрық-тесік. Сүйікті болуға жаралған жандары қырық жамау.
Әсима ауылына барып мауқын басып, ата-анасына еркелеп қайтты. Тек кетерінде мамасын әңгімеге тартып, жайын баяндады. Қызының тұрмысқа шығуға рұқсат сұрай келгенін естіген Ғалия:
— Қызым, шешең болып бір ақыл айтайын. Сен оған ренжіме. Жас кезде адамға алғаш күліп қараған адамның бәрі жақсы болып көрінеді. Біреумен қол ұстасып жүргенді іштей махаббат деп ойлап, көп адам қателесіп те жатады. Мен жас кезімде оқу оқымай, жұмыс істемей сенің әкеңе қосылдым. Басында бәрі жақсы ғой. Кейін елде дағдарыс болды, екі жақтап жұмыс істемесе отбасын асырау қиындай түсті. Үйде күнде ұрыс. Жетпейтін қу ақша. Мен сол кезде оқу оқып, білім іздеп, еңбекке араласпай қалғаным үшін қатты өкіндім. Рас, өмірлік жарыңды, өзіңмен көңілі жарасқан адамды табудың өзі бір бақыт. Бірақ, сол бақытты ұстап тұру үшін де адамға үлкен ерік-жігер, ақыл мен парасат керек. Сондықтан қызым, сүйдім екен деп дүниенің басқа кереметін ұмытып кетпе. Махаббат өшеді, бала өседі, тұрмыс деген дөңгелек алдыңнан айналып өте береді. Ал, адам қартайғанда онымен бірге болатын оның өзі, ойлары, өмірден алған сабағы немесе естелігі. Сондықтан, күнім, өз-өзіңе сұрақ қой. Өз-өзіңмен әділ бол. Өз жүрегің бәрін дұрыс десе, біз батамызды береміз ғой…
Әсима анасынан мұндай сөз күтпегендей, аңтарылып тұрып қалды. Ойлап қараса бұл Тасқынды шынымен сүймейтін сияқты. Тек сонау қиын шақта қасынан кетпегені үшін оған қарыздар сезінеді екен. Бұл махаббат емес, есептесу ғой. Ал, қазір осы бақытынан бас тартса, кейін оны осы қалпында кім қабылдап, құшағына баса қояр дейсің?! Әсима ауылдан екіойлы болып оралды. Онысын Тасқынға байқатқан жоқ. Керісінше, барынша көңілді жүрді.
Бірде өзімен-өзі еркелеп:
— Тастик, бүгін сенің қасыңда қонайыншы… Жатақханаға барғым келмейді.
Тасқын бұл сөз қыздың не ойыны, не шыны екенін ажыратып үлгергенше Әсима оның жұп-жұмыр білегінен ұстап өзіне тартты.
— Бәрібір үйленеміз ғой. Тентек болып қоям деп қорқып тұрсың ба?
Әсима өзіне тартып тұрған екі жуан қолды сілкіп итеріп қалды да, сықылықтап күліп жіберді. Қыздың қимылынан Тасқынның қолы гүрс етіп өз орындарына түсті. Жігіт қыздың қылығына сүйсініп, маңдайынан иіскей берді:
— Үйде басқа адамдар бар ғой, жаным-ау. Қаласаң бір таудағы үйге барайық. Табиғат аясына шығып, бір демалып келейік. Менде ертең жұмыс жоқ.
Осылайша екеуі Табаған тауына демалуға жол жүріп кетті. Әсима жолға ерекше сәнденіп шыққан. Әтірінің иісінің өзі бойыңды балқытып әкетеді. Көзқарасы да ойнақы. Жалғамалы кірпіктерін қайта-қайта қағып, перінің қызындай қызықтырып барады. Қып-қызыл далабына ернінің үстіндегі жалғыз түйір меңі жарасып-ақ кеткен. Қою қоңыр шашына теңіз толқынындай бұйра түсіріпті. Көкшіл көйлегі де өзіне құйып қойғандай. Оның да иығын түсіріп киіп, жып-жылтыр денесі күнмен шағылысып келеді. Тасқын осы сұлудың денесіне күн сәулесі кеміріп қоятындай қайта-қайта күртешесін жауып қояды.
— Тау ауасы салқын болады. Үстіңе киіп алшы, — дейді Тасқын құпия қазынасын жоғалтып алардай қипақтап.
Магнитафоннан Мархаба Сәбидің әндері шырқалып жатыр. Екеуі бар дауыстарымен қосылып әнді бірге айтып отыр. Сол кез Тасқынның өміріндегі ең бақытты сәт екенін, енді Әсиманы көрмейтінін, бұл олардың бақыт буына толы соңғы күні һәм түні екенін ол білген жоқ. Әсима сол түні Тасқынның жанында болуды өзі таңдады. Осылайша, оның алдындағы қарызын қайтарып, өзі біржолата оның өмірінен кетіп тынбақшы. «Қайдағы жоқ сілімтік сүйген тәнім енді Тасқынға да садаға» деп ойлады. Қазынасы жоқ керуен қарақшыдан қорықпайды дейді ғой. Немді жоғалтайын? деген оймен осы жерге келіп еді. Расында да, тән шарбатыны алдына ер азаматтың бәрі әлсіз келмей ме? Бірақ, Тасқын сол түні өзін тежеп бақты. Әлі некелі жары емес. Жас қыздың жазмыштал алған соққысын пайдаланғандай болмайын деп, артыққа бармады. Дәл қазір нәпсіге ерік берсе, аяулы сезім бүлінердей, қыз арының ақ жаймасы тағы да кірленердей сезінді. Екеуі үнсіздікпен сырласып қалғып кетіпті. Тасқын таңертең тұрғанда Әсиманы жанынан таба алмады. Түндегі қылығы үшін қызарып, далаға шығып кеткен болар деп ойлап еді. Еш жерде жоқ.
— Әсимош, қойшы енді болды. Ұялатындай ештеңе болған жоқ қой. Шықшы кел, тамақ ішейік.
Таудағы жалғыз бөлмелі үйшіктің іші тым-тырыс. Тасқын енді шындап сасайын деді. «Мен ренжітіп қойдым ба, тойға дейін қасыма әкелмей тұра тұруым керек пе еді?» деп бөлмені ары-бері кезіп, байыз таппай кетті. Телефон соқты. «Нөмірді қате тердіңіз» дейді. Амалы құрыған соң демалыс орнының күзетшісіне барып та сұрады.
— Таңғы бестер шамасында бір қыз келіп, қалаға қайтатын көлікті қайдан іздесем болады деп сұраған. Жол көрсетіп жібердім.
Тасқынның үстіне біреу мұздай су құйып жібергендей. Буын-буыны босап жерге құлай кеткісі келді. Көзі атыздай болып «Ол емес шығар, ол емес шығар» деп қайталай беріпті. Осыдан соң ол Әсиманы қанша іздесе де таба алған жоқ. Өз-өзін жегідей жеумен, арпалысқан, азапты күндер өтті. «Жазығым басына түскен ауыртпалықты бірге көтеріскенім бе?» деп жазғырды да. Әлде ата-анасы рұқсат бермеді ме екен?! Ондай болса, неге ашып ештеңе айтпай кетті? Сансыз сұрақ. Жауап беретін ешкім жоқ. Тасқын бірнеше жылын осы жұмбақ жоғалудың сырын аша алмай, құсамен өткізді. Тіпті, ауылына барып та көрді. Ата-анасы Әсима туралы ашып ештеңе айтпады. Әйтеуір, аман екенін біліп, кездейсоқ кездесіп қалармыз деп көп күтті. Күдерін үзген Тасқын биыл ғана отбасын құрып, түскен еңсесін қайта тіктеп жатқан.
Енді міне араға жылдар салып, ештеңе болмағандай хат жолдап тұр.
Жазира бұл жағдайдың бәрінен бейхабар еді. Күйеуіне бөтен әйелден хат келгенін кім жақсы көрсін?! Тістеніп, өзін қоярға жер таппай тұр.
— Маған ештеңе түсіндіргің келмей ме? — деді қаннен-қаперсіз хатқа үңіліп тұрған Тасқынға.
Тасқында үн жоқ. Жазира одан сайын ашуланып, бірнәрселер айтты да үйден шығып кетті. Тасқын хатты кеудесіне басты. Өткен өмірі көз алдынан сырғып өте берді. Әсиманы бір кездері шын жақсы көргені есіне түсті. Өкінішке де, сағынышқа да ұқсамайтын, қимастық тәрізді бір қыжыл ішінде жатқанын сезді. Хат жазылған ақ парақты бүктеп жатып жиегіне жазылған тағы бір сөйлемді көзі шалды: «Мен саған бақыт тілеймін! Әсимаң!»
Әңгімені оқығанда, кино көргендей болдым. Көп рахмет сізге, қызығып оқып щықтым.