Мен саған қарасам — Өмір көрем,
Риясыз, шынайы көңіл көрем.
Жарқыраған жүзіңнен сұлулық пен
Нәзіктіктің, мейірімнің өзін көрем.
Мен сені көктемдегі гүлім дер ем,
Нөсерлеген жаздағы жауын дер ем.
Пәк сезім мен бақыттан мүсінделіп,
Жауhар болып жаралған күнім дер ем.
Мен сенен тіршіліктің мәнін көрем,
Өзіңнен біраз біліп, көп үйренем.
Тәп-тәтті қылығың мен бал күлкіңнен
Үйіміздің салтанатын, сәнін көрем.
Жарығым, еркетайым, өзіңді
Әрқашан ерекше жақсы көрем,
Дүниеге алғаш келген кезіңді —
Ең бақытты сәтімнің бірі дер ем.
30.11.2020
Қандай әдемі өлең ❤️
Керемет 🤩👏🏻
Керемет жазылған екен. Жалғасын асыға күтеміз. Шығармашылық табыс тілейміз 😍❤️