Жанет Сайднасим. ТАҢДАМАЛЫ ӨЛЕҢДЕР

06.09.2024

6-шы күні Қыркүйектің, Мен тағы бір рет көз аштым.
Сезімдерім ақтарылып, жылы, сары түспен үн қаттым.
Көздер қарайды, сезгендей олар, сақтап келген сырларымды…
Бөліскенбіз, өзге болып, басқа шындықпен ашылдым.
Бара жатып, Төлебаев рухы ойнақтайды жанымда
Ұзын-ұзын сөйлемдерімді жалғастырады қасымда.
Сөйлесу керек тек адамдарға — жиған, түйген түсінігім.
Сүйе берейік деп шештік, балғын шақтың бағы барда,

Қызыл жанып, үтір қойдым, бүгіндіктің бағына,
Асығыспын, сенемін, аяқта жан барына.
Кешікпей жетіп, тек амандасу ғана қалғанда,
“Бақыттымын” деп тіл қаттым, бабаларым жанымда.

Адамдармен сөйлесу, неткен оңай еді басынан,
Сәлем, сау бол, рақмет, кешір,
Қанағат ет жан барда.
Уақыт өтеді, мен де есейдім, бірнеше сөзден кейін,
Сезім тілі — оңай тіл,
Керек бірақ екі адам
толығымен, ұқтың ба?

22.07.2024

Мен осы өмірде бармын ба?
Жаңбыр, ашық аспан, таңмын ба?
Үміт, сезім, жан жүрегін арқалаған
Мен сонда бұл өмірде бармын ба?

Мен сонда, анау таумен тең болсам,
Жаңбырменен, жабыққанда тамшылаған
Шынға ұқсап, ғашықтыққа шомылсам,
Болмысым сонда шынымен болып тұрған?

Құдай кейде шексіз ойлар беріп тұрад(ы)
Адамдарды кейде маған жақындатад(ы)
Бірақ, менің бұл өмірде бар-жоғым?
Кейде осы сұрақ мазалатад(ы)

Қараңдаршы, мен бұл өмірде бар болсам?
Қол, аяқ, жүрек, бауыр сау болса?
Сонда ғана бүтін адам екенмін бе?
Әлде анау өскен гүлмен теңмін бе?

Бәлкім, мен шыныменен болып тұрмын.
Кітап ретінде, кейіпкер болып жүрмін.
Әлде мен біреудің түстерінде
Бетсіз ару, оянғанда бірақ күлмін.

Мүмкін мен біреудің мәңгі мұңымын.
Жан түкпірін жаралаған түнімін.
Әлде біреудің жүрегінің лүпілімін?
Басқасының альбомында суретімін?

Мен негізі бар шығармын бұл өмірде.
Неше жыл, неше ай, неше күнге?
Бар шығар, менің де бір беретінім.
Әлде, өлген соң, айнала ма бәрі күлге?

Swiss Riviera

Әлемімнің жартысы сенің көзіңде.
Ақ маңдай арманымның бәрі сезімде.
Сенің сеніміңде сенбеске,
Сүйгеніңде, жаным, сүйгенімде!

Әлемімнің тағы жартысы жүрегіңде.
Махаббатымды қызылдан аппақ-көкке
Айналдыратын, көрген көлдей таңқалдыратын,
Әлемнің бар тамашасы —
жетпеген Аппақ Еркемде.

Әлемімнің бар түстері бейнеңде.
Қызғылттың ең тәттісі ерніңде.
Көзіңдегі тұңғиық қоңырдың шапағаты
Әлі де есімде, күнмен салысқаны…

Әлемімнің бар ұсталмайтыны қолыңда.
Қол жетпеген, аңсаған арманым да,
Көз ашпай, жылаған мұңым да,
Сөз таппай, жарамаған ақындығым да.

17.03.2024

Ертең аспан төңкерілмесе,
Мен тағы бір рет өлең жазам,
Саған арнап.

Сені аулап,
Бітпес сөздер ұйқасында,
Сені ғана.
Байқадым сені ғана:
“Өмір” алаңында.

Ертең соғыста жоқ болып кетпесем,
Мен тағы бір рет сені көруге асығам.
Сені тыңдаудан жалықпайм.
Жырақта жүрсем де,
Мен сені сүюден шаршамайм.

Ертең егер шынымен Бүгінге айналса,
Мен саған әр сәтімді сыйлаймын,
Сендей ешкіммен ұйқаспағам.
Тұтастықты тағдырымның тар қылына,
Тежеп, қажап, айналдырып жазғаймын!

08.08.2024

Қыздарым менің сүйікті!
Ардақты, мең, сұлу, мықты,
Ақыл, ой мен парасатқа
Толы, қыздарым, сондай қырлы.

Қыздарым менің аяулы,
Саналары ояулы
Маған десең, қыздарым
Сөзбен оңай жырлайды.

Қыздарым менің сүйкімді,
Көрікті де, білімді.
Іштері аш болса да,
Миға қорек бергенді.

Қыздарым, менің ең батыл,
Ана, әпке, бөбек болсын.
Қыздарыма сен қосыл,
Қыздарымды кемсітпе!
Одан әрі ренжітпе!
Қыздарым тең түске жасыл,
Қыздарым менің, сөзсіз асыл!

Photo by Alina Daniker on Unsplash

Поделиться в соцсетях
Жанет Сайднасим
Жанет Сайднасим

Ответить

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *