Жамиля Бекбосынова. КӨКЕ. ҮМІТТІҢ САМАЛ ЖЕЛІ

Көке

Білемін, бәрін, бәрін сездің, Әке,
Асылы айтпаушы едің сөзді қате…

Жерлеген күні сені дертті болып,
Мен түгіл жылап тұрды көк түнеріп.

Қалқаман Сарин

– Көке, сен маған керексің! Көке, тезірек жазылып кетші, өтінемін!.. 

Бұл аурухана төсегінде жарты денесі қозғалыссыз жатқан әкесінен әр келген сайын Ақботаның жалына сұрайтын сөздері. Қасында ұзақ отырып, әкесінің оң қолына жан бітіргісі келгендей екі алақанына салып, қатты қысады, көз жасынан дымқылданған қолын бетіне апарады. Бір айға жуық уақыт ішінде есін білгеннен бастап, осы күнге дейін әкесімен өткізген әр күні, әр қуанышты сәті көз алдына елестеп, білмей, түсінбей ренжіткен кездері үшін өз-өзін сан рет жазғырып та үлгерді.

Бүгін де жадында сақталып қалған жарқын бір көрініс есіне түсті. Төрт-бес жасар кезі. Кешкі мезгіл. Жұмыстан жаңа келген әкесінің алдынан жүгіре шығып, екі қанатын ұшуға дайындаған балапанша жоғары сермеп, «көтер, көтер» деп нәзік даусымен сұраған тілегін жерге тастамай, шаршағанына қарамастан, әкесі көтеріп тұр. Кішкентай қыздың бақытында шек жоқ! Ал, қазір сол қолдарының бірі қимылға да келмейтінін көріп, хал-жағдайының күн өте төмендеп бара жатқанын сезіп, жасқа қайта ерік берді.

Әкесіне ұлдан гөрі қыз бала жақын болатыны рас екен. Көкесінің астан кейін майшам жарығымен отырып айтатын әңгімелерін екі ағасы емес, Ақбота сіңлісі екеуі тыңдағанды көбірек ұнататын. Әкесінен тоғыз жасында айырылып, колхоз жұмысына ерте араласқаны, он шақты шақырымдағы көрші ауылдағы мектепке коньки теуіп баратыны секілді әңгімелерін күн сайын болса да тыңдауға дайын еді. Әдет бойынша, қыстың қарлы кештерінің бірінде дастархан басында жайғасқан балаларына көкесі:

– Әкем өте сабырлы, төзімді кісі болатын. Колхоздастыру заманында Кеңес Үкіметі бар мүлкін тартып алды. Балалық шағым аш, қиын кезде өтті. Кейде бір жапырақ үзім нан жеп ұйықтайтынбыз. Қыстың ұзақ, суық түндерінің бірінде әкем екеуміз аяз қатқан терезеге үңіліп тұрғанда шығарған шумақ өлеңі бар еді. Әлі есімде:

Қар жауады, жауады,

Байдың несі құрайды.

Бір тоқтыны сояды, 

Қан-жынына тояды.

 Шынымен, кедейдің күйзелісін, жоқшылығын қарны тоқ бай түсінбейді ғой. Осылай төрт жолмен-ақ әкем бай мен кедейдің аражігін оп-оңай ашып берді, – деп, ойға шомып кетіп, сөзін қайта жалғастырды, – ақындыққа деген ұмтылысым да сол кезде-ақ оянған болар…  

Әкесі апалы-сіңлі екеуіне ең ақылды, білімді адам болып көрінетін. Расында да, сондай кісі еді. Жұрт – ел ағасы, сөзге шешен, білімі терең, адамгершілігі мен парасаттылығы мол тұлға деп бағалайтын. Әдемі өрілген өрнекті, ойлы сөздері жуан, байсалды даусымен нәрленген кезде, барлығы ұйып тыңдайтын. 

Жасы егде тартқанымен Ақботаның көкесі тіп-тік жүріп, шапшаң қимылдайтын кісі болғандықтан, сол бір аяусыз дерт аяқасты шалады деп ешкімнің ойына да келмеген. Көктемнің жаймашуақ күні қуанышты, жағымды істерге толы болуы керек еді…

– Аллаһ қаласа, қызым, елге танымал мықты жүрек дәрігері боласың. Мәскеудегі конференцияңа аман-есен барып кел, сәт-сапар! Әумин, – деп, жолға шыққалы отырған кіші қызына таңғы ас үстінде мақтанышын жасыра алмай, батасын берді. Әншейінде ойлы түрмен кітап оқып отырып, қолымен бурыл тартқан маңдай шашын тарап, шай ішетін әкесі, бүгін қызына күлімсірей қарады. Ал көздерінен кәріліктің күнделікті бозғылт түсі емес, бақыттың шуақты оты жарқырап тұрды. Еркежан да әкесінен естіген жылы сөз, ақ батаны ең үлкен мадақ деп танитын. Сол бір сәтте, өзін шын бақытты сезініп, кәсіби тұрғыда қалыптасқан, тәжірибелі дәрігер, маман бола алатынына ішінде берік сенім оянды. 

Асықпай шай-тамағын тауысып, әкесі дәрігер қызын шығарып салуға «қара темір тұлпарын» гараждан есік алдына әкеп дайындап қойды. Иә, жасы сексенге келіп қалғанымен, қария көлікті өзі жүргізетін. Негізі, жүргізуші куәлігінің өзін алпыс жасына қараған шағында алған. Қызметіне қарай қаламнан ауыр зат ұстамайтын ақсаусақ кісі, көлікті басқарғаны болмаса, оның «көңіл күйін, жүрек соғысының ырғағын» түсіну сияқты қабілеттері май деңгейін тексеруден аспайтын. 

– Ақбота, тезірек жет! Жедел жәрдем әкеңді ауруханаға әкетті, Еркежан қасында. Мен көлікте қалдым, – деген, анасының сөздерінен түскі ас ішіп отырған Ақбота үшін аспан айналып жерге түсті. Анасының дірілдеп шыққан даусынан қорқып, бір мезетте басына келген небір жаман ойлардан селк етті. Ой деген ұшқыр ғой: «Қандай аурухана?.. Еркежанды шығарып салуға бара жатқан еді ғой… Аллаһым, барлығы жақсы болсыншы!.. Пәленің бетін аулақ қыла гөр!» секілді қорқыныш пен үміт бір сәтте жүрегін жаулап алды. Дәл осы секундтан бастап бір айға созылған кері санақ басталғанын ол кезде Ақбота білген жоқ. 

Асханадан шыққаны, жолда көлікте қалған анасын алып, ауруханаға қалай жеткені есінде емес. Бар есте қалғаны жан сақтау бөлімінің есігінің алдында әкесін көруді сұрап, ЖаратушыИеден көкесінің амандығын тілеп созылған сағаттардың ұзақтығы мен еден жуушы егде тартқан апаның аяған кейіп танытып, абайламай айтқан сөзі:

– Болды, жылай бермеңдер! Жамандық шақырасыңдар!

Қалай?.. Расында, қалай бөтен, сенің қандай күйде тұрғаныңды түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін адам қайғыңа араласуға құқылымын деп ойлай алады? Әкесін уайымдап, езіліп жатқан қызының жүрегінен төгілген ыстық көз жасы қалайша жамандық шақыруы мүмкін?! Ал, өз басы ше? Жақыны, жоқ олай емес! Жақынынан да артық – туған әкесі өлім аузында жатқанда, жыламай тұрған мықты ма екен?! Бірақ дөрекі сөзге Ақбота да, Еркежан да жауап бергісі келген жоқ. Іштей екеуі де «небір қайғыдан аласұрған бишараларды көріп, қатігез болып кеткен шығар, байғұс!» деп шешкендей болды.

Тек түнге қарай, ақ халатты иығына іле сала, Ақбота жүрек қағысын тыңдайтын құралдардың дыбысы ғана естілген жан сақтау бөлімінің төрінде тұрған кереуетте жатқан әкесінің қасына келіп, зиян тигізуге қорқып, сезер-сезбестей ғана құшақтады. Кереует жанында тұрған мейірбике әкесіне қарап:

– Ата, бұл немереңіз бе? Өзіңізге ұқсайды екен, – деді Ақботаны меңзеп.

– Қызым… қызым, – сөйлеуге тырысқан әкесінен тілі күрмеліп шыққан сөздерін түсіну қиын еді. Бұл Ақботаның әкесінен естіген соңғы сөздері болды. Инсульт мидың сөйлеу, қозғалыс қабілеттеріне жауап беретін бөліктеріне зақым келтірді. 

– Көке! Қорықпа, бәрі жақсы… әлі-ақ жазылып кетесің… зәремізді ұшырдың ғой… еркелейін дедің бе, – деп, Ақбота әкесіне жағдайдың қиындығын білдіргісі келмей, қалжыңдауға тырысты. Бірақ әкесінің жүзінен сенбегенін, оның үстіне ішінің түбінен пайда болған үрейдің өршіп келе жатқанын байқады. Сол сәтте Ақбота әкесін бүкіл әлемнен қорғап, сақтап қалғысы келді. Өмір бойы әкесі қамқор болғандай, бүгін Ақбота әкесінің дәл сондай қалқанына айналғысы келді. 

Әке – асқар тау. Әке – тірек. Ақбота туылғанынан көкесінің махаббатын сезетін. Анасы секілді «ботам, балапаным» деп еркелетпесе де, әкесінің мейірімі әрбір ісінен байқалатын. Бір жарым жасында қатты ауырып, алты сағат бойы дәрігерлер кішкентай қыздың өмірі үшін күресіп жатқан кезде әкесі бір мезет демалмай, палатаның алдында күзетіп тұрғаны туралы анасы жиі айтатын:

– Түскі үзіліске үйге келдім, әкең де келді. Үйде апаң бар. Сен қуыршақтарыңмен ойнап отырғансың. Кенет, жерге қырыңмен сылқ түстің. Сөйтсек, қызуың қырыққа жетіп, денең жанып тұр екен. Жүрек қағысың байқалмайды. Ал енді не істейміз? Жедел жәрдем шақырдық. Сені ауруханаға әкетті, әкең қасыңда, мен жұмысқа кеттім. Жұмыстан кейін мен де жеттім. Әкең сен жатқан палатаның алдында тұр, үндемейді. Мен, болды, сені кетті деп ойладым. Сөйтсем, жоқ, тірі екенсің. Алты сағат керек дәрі келгенше жүрек массажын жасаған дәрігер шығып, жағдайың жақсарғанын айтты. Әкең сол кезде ғана дәліздегі орындыққа отырып, «қызым әбден қиналды ғой» дегенде маңдайынан суық тер шыққанын байқадым. Апаңа тартқаныңнан да шығар сені ерекше жақсы көреді…  

«Сәуір болмай, тәуір болмас» демекші, сол бір көктемнің алдамшы айы Ақботаның көкесінің жағдайына ұқсас болды. Күн жылтырап, күлімсіреп шыға қалса, дәрігерлер де көкесінің денсаулығы жайлы жақсы болжамдар айтып жатты. Ал керісінше, шымылдық артына тығылған жаңа түскен келіншектей күннің көзі бұлттардан көрінбей қалып, оған қарсылығын білдірген суық жел алай-дүлей болып, ашуына кіргенде, әкесінің денсаулығы нашарлайтын. Мүмкін керісінше, табиғат қарияға деген өзінің алаңдауын, күйзелісін осылай білдірді ме? Ол жағы, әрине, белгісіз. Бірақ кіндік қаны тамған жер, өсіп өнген, ұзақ жыл еңбегі сіңген өлке туған перзентіне аналық сезімін осылай жеткізіп жатқандай еді. Бірақ амал нешік! Адам өмірге келетін һәм кететін күндері тағдырлар кітабында, о баста-ақ, жазылып қойған. Ақботаның әкесіне 1 мамыр, желді күні бір ай дертпен күрестен кейін бақилық болу жазылған екен… жамбасы жерге тиген сәтте жер тербелді…   

***

Содан бері Ақбота сағынышын қағаз бетіне түсіреді:

«Көке, жаның жәннатта болсын! Шексіз жақсы көремін! Соңғы рет ауырмай тұрып кездескенде «Ризасың ба?» деп едің. Сол күні ол сөзді аузыңа Аллаһ салғанын түсінбей, ойымда ешнәрсе жоқ, жай ғана «иә» дей салып едім. Бүгін шын көңілден, сені қатты сағынған, сағынып зар жылаған жүрекпен «Иә, иә, иә! Көке, ризамын саған! Аллаһ разылығы үшін, ризамын!» деп даусым жеткенше айқайлап айтқым келеді. 

Бәрі есімде, көке! Берген тәрбиең, әр сөзің, қамқорлығың, қоңыр үнің, қартайсаң да баладай аңқаулығың, бірнәрсеге таң қалғандағы бас шайқауың. Бәрі, бәрі! Мен үшін оның барлығы қымбат. 

Түсімде көрсем сағынышымды, мауқымды бір басып қалушы едім, көптен бері түсіме кірмей кеттің».   

***

Құрметті оқырман! «Ақбота» деп әкем кішкентайымда атайтын. Бұл әңгіме мен үшін ең асыл, ең қымбат адам, әкеме арналады. Бүгін – 1 мамыр, осымен жеті жыл, мен үшін мереке болудан қалды. Аза тұтатын, Құран бағыштайтын күн. Уақыт өте, жан жарасы жазылады дейді, мейлі, оны да көрерміз. Әзірге өзгеріссіз!.. 

Үміттің самал желі

Ең алдымен, жәбірленуші емес, 
өз өміріңіздің кейіпкері болыңыз 

Нора ЭФРОН

Өмірді жаңаша бастау қаншалықты оңай? Кімнің қолынан келді? Ал ескі өмірге нүкте қою, қайтып оралмау жеңіл ме?.. Кім айта алады?..

Сорлы қыз сан рет өз-өзін тоқтатып, тағдыры үшін маңызды шешім қабылдау сәтін ысырып келгенін көпшілік білген жоқ… Мұның алдында болған сот отырысы жауап берушінің қатыспау себебінен аяқсыз қалғандықтан, Самал бұл жолы екі ойлы. Бірақ жағдай өзгеретініне, бастысы, күйеуінің өзгеретініне жылтыраған бір әлсіз үміттің сәулесі жоқ. Осы уақытқа дейін, тіпті, дәл кешегі күнге дейін отбасын сақтап қалуға тырысқан істерінің босқа, уақытының зая кеткеніне түбегейлі көзі жетті. Ол туралы кейінірек… 

Ал, арыз беруге екі жыл бойы тежеу болған шынайы себеп өзіне де әлі беймәлім. Мүмкін, «ажырасқан» деген «атақты» алуға асықпауы, айналасындағылардың, әсіресе мүлде танымайтын адамдардың сыни, кінәлайтын немесе аянышты көзқарастарынан ыңғайсыздану сезіміне дайын еместігі әсер еткен шығар. Тағы бір себеп бар. Ол кішкентай қалада тұрғандықтан, мұнда өсек-аяң тез тарайтындықтан, ер адамдардың ажырасқан қыз-келіншектерге көңілдері өзгеретіндіктен, керек емес қырындаулар мен көз салулардан жолдасымен бірге тұрмаса да, қағаз жүзінде өзін қорғағысы келгендіктен де жауапты қадам жасауға бата алмай келді. 

Ақымақ, аңқау басының соншалықты қателескеніне, өміріне, болашағына немқұрай қарап, өзін бағаламағанына, қаламаса да сол бір сұраққа «иә» деп оңай жауап бергеніне жауапкершілікті өзгеге емес, өзіне алып,  кінәлі деп те тек өзін санайтыны, бәлкім, жас болса да есейгенін білдіретін шығар. Оның есеймеуіне құқы жоқ. Қолында төрт жасар ұлы бар. 

Күнтізбеде сәуір айы болатын. 

Аулада отырған қара торы, денелі, ауылда туып-өскеннен шығар, жасынан үлкен көрінетін соңғы курс студенті Бекзат қасындағы қызға кенеттен бұрылып, асығыс сөйлей бастады:  

 –  Самал, маған тұрмысқа шығасың ба? Бірақ «ойланайын, танысқанымыз кеше ғана ғой» демеші! Созатын несі бар?! Сен маған ұнап қалдың, үйдегілер де «тездетіп үйлен» деп отыр. 

Шынында да, екінші кездесуде-ақ жігіттен мұндай сөздер естуге Самал дайын емес еді. Онсыз да ыңғайсызданып отырған ол екі қолы дірілдеп, не айтарын, не ойларын білмей аң-таң күйде. Оңды-солын біліп қалған бойжеткен бұл ұсыныстан сескеніп, «неге асықты екен?», «мінезін, тәрбиесін не басқа жағдаятты білмей тұрғанда қолына түсіргісі келетін шығар» деген ойлардан романтикаға берілмей, миын салқын ойлармен суытып, бұл жағдайдан тастардың арасынан жылдам аққан судай оңай сытылып кетер еді.  

Ал, жігітпен жүруден тәжірибесі де, хабары да жоқ, табиғатынан мінезі ұяң, көмпіс Самалды жігітке ұнайтындай әдемі қыз емес деп сезгізіп келген ішкі ойы – «маған бір көргеннен ғашық болатын адам бар екен ғой!» деп таң қалдырды. 

Негізі, Самал бойы ұзын, аққұба, сұлу болмаса да, бет-келбеті реңді, тәрбиелі қаланың қызы. Өзіне деген сенімсіздік қайдан, қашан пайда болғаны белгісіз. Мүмкін, кішкентайында есік алдында байқаусыз не әдейі балалардың бірі ойнап жүріп айтып қалған ессіз сөз – сана түкпіріне ұялап, жасөспірім шағында дамыған шығар.

Сондықтан тура сол кезде жаңа танысы Бекзаттың «маған тұрмысқа шықшы» деген сөзі оның әйел заты ретіндегі әдемілігіне деген ең үлкен мадақ болып естілді де:

–  Жарайды, көрейік, – деген әлсіз сөз көмейінен қысыла шықты. 

Иә, жалған үміт бергеніне өзін жазғырды. Бірақ ең қатты алданған жан, шын мәнінде, өзі еді. Себебі «ол мені жақсы көреді! Мен онымен бақытты боламын!» деп, бар ниетімен сенгісі келді, сенді де. Екеуінің мүлде бір-біріне ұқсамайтын, екі әлемнің адамдары екеніне қарамастан, бақытты отбасы болатынына да өзін күштеп сендірді. Өзгешеліктері жай ғана «маған қара түс ұнайды, ол ақ түстің жанкүйері» немесе «мен ерте тұрамын, ол кеш жатады» секілді қарапайым айырмашылықтар емес. Мәселе одан әлдеқайда тереңде еді. Өмірдің мәні, адамгершілік, отбасы ұғымдары жайлы, жалпы өмірдің кез келген құбылысы туралы пайымдары екі түрлі болды. Басында оның барлығы аса байқалмағанымен, үйленгеннен кейін күрделене берді. Бірақ айналасындағы адамдар жайлы, сыйластық жайлы Бекзаттың ойлары Самалға түсініксіз, кереғар болса да, оларды қабылдауға тырысты.

Кездесулердің бірінде саябақта қарсы алдарынан өткен бір қарағанда қарапайым әп-әдемі болып көрінген бойжеткеннің артынан жеті ағайындының ішінде өскен Бекзаттың: 

–  Қыздардың ешқайсысына сенуге болмайды, барлығы бірдей жеңілтек. Жігіттерді алдап, өтірік биязы бола қалады. Осы уақытқа дейін бір сыйлауға тұрарлық қыз баланы кездестірген жоқпын, – деген жағымсыз сөздері Самал үшін таныстықты осы жерде, дәл осы сәтте аяқтауға айқайлап тұрған анық белгі болса да, оған лайықты мән бермей, өзіне тән ұяңдықпен ары қарай кете беруі де түсініксіз. Неге сол сәтте қасындағы жігіттің, шын мәнінде, нәзік жанды қызбалаларға лайықты құрмет пен ізет көрсетуге қабілетсіздігін тани алған жоқ?! Әлде байқағысы келген жоқ па?..

Тіпті, өзі секілді қызды жақтауға бір ауыз сөзін де қиған жоқ. Бұл қылығына Самалдың ішкі соты «әйел затына сатқындық жасадың» деген үкім шығарып, ендігіде кез келген жағдайда өзі секілді нәзік жандардың жағында болуды шешті.

Ал бүгінге жоспарланған сот отырысы кімді қолдайтыны, қандай шешім шығаратыны әлі белгісіз. Себебі мұның алдында Самал онсыз да сотқа ажырасу туралы берген арызы кезінде ері болған, ал бүгінде құқықтық тілмен айтқанда «жауап беруші» сот отырысына келмеуі себептермен қанағаттандырылмай, аяқсыз қалды. Сондықтан, бұл жолы да нәтижесі ұқсас бола ма деген күдікпен арыз жазуға көп толғанып, әрең өзін көндірген еді. 

Таңғы сағат тоғыз жарым. Сот ғимаратының кіреберісі. Адам лық толы. Біреулері арыз үлгілері ілінген тақтайшаның алдында мәтінді көшіріп, арызын кішкентай терезедегі кеңсе қызметкеріне тапсырып жүр. Ал біреу кіреберістің төріндегі күзет алдында тұрған телефонмен іштегі сот хатшыларына қоңырау шалып тұр. Жанында бес-алты адам кезегін тағатсыздана, мазасызданып күтуде. Көзімен іздеген адамын таппады. Әлі келмегенге ұқсайды. 

Негізі ерлі-зайыптыларды айырылысудан алғашқы жылдары бір-біріне үйренісіп, отбасы болып кеткеніне дейін қастарындағы үлкендердің, ата-анасының, аға-жеңгесінің, әпке-жезделерінің ақыл-кеңестері көмек болады. Ата-бабамыздың «Тастай батып, судай сің» деген тілектері сол даналықтың белгісі. Тек құнарлы, нәрлі топырақта егілген гүл жайқалып өсіп шығады. 

–  Сен неге менің рұқсатымсыз  әке-шешеңнің үйіне барасың? 

– Бекзат, әкем сенің рұқсатыңды сұрады ғой?! Сіңлім үйде жалғыз қалды… маған сені қарсы емес деді… енді неге маған ұрысып жатырсың? Мен ештеңе түсініп тұрған жоқпын. Сен қарсы болсаң, бармас едім ғой, – күйеуінің жол бойы сөйлемей, көлікті жылдам айдап, көліктен жұлқылап шығарып, үйге кіре сала ызаға беріліп, айтқан сөздерінен Самал қорқып кетті. Отауласқан алғашқы жылы «өз үйіңе бармайсың» деген Бекзаттың бұйрығына Самал қарсы келген жоқ.    

– Мен жіберді екен деп, бара бересің бе?! Әкең де қызық, неге сені шақырады? Сен олар үшін өлген адамсың! – деп, Бекзат қолын сермеп қалды. Мұндайды күтпеген Самал тұншығып жылай бастады. Шыққан дауыстарға елеңдеп, Бекзаттың әпкесі бөлмелеріне кіріп келді:

– Ей, сендердікі жай ма? Не болды екі кештің ортасында? Самал бәрі дұрыс па? – қайын әпкесінен пана іздеп, қыз бар болғанды айта бастады. Алайда жеті ұлдың ішінде жалғыз өскен әпкесі келінінің сөзін аяғына дейін тыңдамай:

– Білесің бе, Самал, күйеу бастан қан ағызады. Шыда! Еркелігіңді қой! – бұл сөздерден соң ары қарай Самал ештеңе естіген жоқ, жылаған да жоқ. Жасын дереу сүрте бастады. Күйеуінен бастап бұл үйде ешкім оны түсінбейтінін осылай аңғарды… 

Мазалаған ойлар әлемінен Самал қайта оралып, назары осы тар кеңістіктегі бірен-саран ыңғайсыз ескі орындықтарда үнсіз, қимылсыз, тек қолындағы құжаттарды қысып ұстап, үрейленіп алдында тұрған теледидарға қарап отырған, бірақ көңлі мүлде басқа жақта жүрген орта жастағы бидай өңді келіншекке ауды. Мүмкін басынан асатын қарыздары үшін үйсіз қалу қаупі бар ма, не кезінде «барлық қиындыққа бірге тойтарыс береміз» деген жары балаларымен тастап, нәпақасын төлемей жалтарды ма?.. Не болмаса жұмысынан айырылып, уақытша күнкөріссіз қалды ма?.. Белгісіз, бірақ үлкен күйзелісте жүргенге ұқсайды. Көп ойланбай, Самал өз ойының тұңғиығына кіріп кеткен осы әйелдің қасындағы бос орынға абайлап келіп жайғасты. Сыртынан сабырлы Самалдың ішін тура осындай қорқыныш билеп жатты. Кешегі сот хатшысының «Самал Назарқызы! 14 сәуір күні сағат 10.00-де қалалық сотқа келіңіз. Сіздің арызыңыз қаралатын болады» деген хабарламасын телефонынан тағы бір рет оқыды. «Жарты сағат қалды, ол әлі келген жоқ, ал егер келмесе ше?» деп ойланып, екеуінің кешегі телефонмен әңгімесі есіне түсті:

– Сен қайтадан сотқа арыз бергенсің бе? Шақыртуды алдым. Мен сені ана жақта жүріп, біраз қиналған соң, ақыл кіріп, қайтып келетін шығар десем. Райыңнан қайтпапсың ғой. Айттым ба саған ажыраспаймыз деп? Ажыраспаймыз! Одан да ұлды алып, Алматыға қайт. Сотыңа бармаймын.

– Осы мінезің, бітпейтін, орынсыз қызғанышың үшін айырылысқанымызды түсінбеген сияқтысың… мені өз меншігің, затың көресің… Айтшы, мен саған не үшін керекпін? Шын мәнінде, мені жақсы көрмейсің де ғой! Мен шаршадым! Одан да босатшы мені, жіберші жайыма!

– Осы сен де шаршамайды екенсің, иә? Түсінесің, түсінбейсің… Үйлендім бе, әйелімсің бе – болды ғой. Ал, еркек қызғану керек! – Бекзаттың даусы кенет қатайып, үні дөрекілене бастады. – Оның үстіне кейде өзің де себеп бересің, – Бұл сөздер Самалдың жанын ең өткір ұстарадан артық жаралайтынын Бекзат әрине біледі. Бірге тұрған әр күн осы қызғаныштан басталып, Самалдың көз жасымен аяқталатын. Қазір де жөн-жосығы жоқ айыптаулар қызды сол әдеттегі ұрыстан кейін өзін қорланған кейіпте сезініп, жаздың ыстық түн ішінде қорқыныштан дірілдеп, көше ортасында тұрған аяғы ауыр бейшара күйіне еніп, тісі-тісіне тимей сақырлай бастады. Бірақ бұл күйін асыға қуып жеткен ашу-ызамен Самал:   

– Қандай себеп, Бекзат! Сені қызғанады, босқа ашууландырмайын деп, мен ерлермен сөйлесу тұрмақ, олардың алдында көзімді, тіпті, басымды көтеруден де қалдым ғой!.. Бекзат, сені ұятқа қалдырған кезім болды ма, айтшы? Не артық нәрсе сұрадым ба сенен? Ай, жұлдыз, ат басындай алтын әкел дедім бе? Бергеніңе қанағат, тәубе қылған жоқпын ба, –  деді. 

– Ой, сені тыңдаса мен бір құбыжықпын. Сөздің қысқасы, мықтысың ба, ажырасып көр! Ал, мен бармаймын сотыңа, – деген сөздермен әңгіме аяқталды. 

«Сөзінде тұрған екен. Расында да, бүгін оны күтудің қажеті жоқ сияқты…» деген ойлармен Самал қарсы қабырғада ілінген сағат тілінің онға келгенін көріп, телефон тұрған үстелге жақындады. Алдында тұрған соңғы адам телефон тұтқасын тастаған бетте істі қарайтын сот нөмірін тере бастады.

– Алло! Сот Қанатов тыңдап тұр. 

– Сәлеметсіз бе! Бұл Байжұманова Самал, бүгін сот отырысы өтуі керек еді. 

– Ааа, иә… сіз жалғызсыз ба? Жолдасыңыз келді ме?

– Жоқ… мен өзім тұрмын…

– Онда басқа күнге ауыстыруымызға тура келеді. Екінші жақ болмаса, сот отырысы өтпейді. Жолдасыңыздың құқығын қорғауымыз керек!

–Қалайша?! Осымен екінші рет сотқа қатыспауы сізге оның қаншалықты жауапсыз екенін көрсетпей ме, сонда?! Сотқа да, отбасына да немқұрайлы қарайтын адамның құқығын қорғау сіздер үшін маңызды ма?.. 

– Тәртіп сондай, тыңдасаңызшы! Қайталап айтамын – жолдасыңыздың құқығын қорғауымыз керек…

– Ал, менің құқығымды кім қорғайды! Айтыңызшы! Кім?! – жанайқай болып шыққан Самалдың сөздерінен кейін Қанатов сәл кідіріп, терең тыныстап:

– Бес минуттан соң хатшы сот залына кіргізеді, күтіңіз, – деді.

* * *

… Сағат күндізгі он бір. Сұр ғимараттан Самал тоңып шықты. Баяу жүріп келеді. Қолындағы өткеніне нүкте қойған, мөр басқан бір жапырақ қағазды сөмкесіне асықпай салды. Күншығыстан соққан самал жел қыздың бойын жылыта бастады. Үйде күтіп отырған ұлына асыға жөнелді. 

Поделиться в соцсетях
Жамиля Бекбосынова
Жамиля Бекбосынова

комментариев 5

  1. Жамиля, мұқият шығармаларыңды оқып шықтым. Терең сезімді қарапайым тілмен жеткізе білу қабілетің ұнады. Шынайы! Жазар көп болсын!

  2. Керемет жазылыпты бір деммен оқып шықтым. Шығармашылық табыс тілеймін. Кітап жазып шығуыңызды оқырмандарыңыздың көп болуын тілеймін.
    Келесі жазбаңызды күтемін.

  3. Керемет шығарма екен жүректен шыққан жүрекке жетті. Аллам шығармашылық қабілеттіңізді еселей берсін бір емес бірнеше кітаптың авторы болыңыз. Елімізге ғана емес әлемге танымал болуыңызды тілеймін.

Ответить

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *